Әлеумет

СӘМЕН САЛҒАН СОНЫ СОҚПАҚ

СӘМЕН САЛҒАН СОНЫ СОҚПАҚ

Былтыр Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазандағы №833 қаулысымен 24 қазан – Кітапханашылар күні болып бекітілген болатын. Биыл бұл мереке елімізде екінші мәрте тойланып жатыр. Осыған орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің кітапханалық-ақпараттық орталығында «Ғылымғалым: өнегелі өмір» атты профессор Сәмен Құлбарақпен кездесу өтті.

Аталған іс-шараға ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов және аталған университеттің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек және университет студенттері мен оқырман қауым қатысты. Сондай-ақ Кітапханашылар күніне орай қолға алынып отырған іс-шарада кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Кездесу кешінің шымылдығын ашып, тізгінін ұстаған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті Темірбай Мұқашев Сәмен Құлбарақұлының шығармасы жайында өз ойын айтып, осындай іс-шаралар арқылы өңірдегі белді жазушылардың жарнамасын жасау, олардың шығармашылығын талдап тұру жастардың тынысын ашып, адымын алға бастыратынын айтып өтті. Өз кезегінде сөз тізгінін алған Аслан Еділханұлы кітапханашыларды мерекемен құттықтап, студенттерді кітап оқуға шақырды. – Кітапхана – барлық құндылықтардың қайнар көзі. Кітап оқыған бала мемлекетке пайда алып келеді. Оның үстіне кітап адамды алыстарға ұшыратын қанат секілді. Кешегі Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Әуезов сияқты тау тұлғалардың бәрі де құмды дала мен тастақты ауылда туған. Алайда оларды осынша биікке шығарып, қазақ даласының жарық жұлдызы қылған да осы кітап. Сондықтан руханиятымыздың алтын іргесі болған кітапхана барлық адамның асыл қазынасы деуге толық құқымыз бар. Біз студенттер үшін барынша жағдай жасауға тырысамыз. Бұйырса алдағы уақытта кітапханамызды 24 сағат бойы үзіліссіз жұмыс істейтін етіп қою да жоспарда бар. Өйткені студенттер бұл бұлақ көзінен қалаған уақытында келіп сусындауы керек деп ойлаймыз, – деді А.Тұрлыбек. Ал студенттердің сұрақтарына жауап берген Сәмен Құлбарақ өзінің ғылым жолына қалай түскенін, Тахауи Ақтановты, Мұхамед Хайдар Дулатиды жазу үшін қандай қиындықтардан өткенін, сонымен қатар жазушылықтың, оның ішінде ғылыми зерттеу жүргізудің аса жауапты да қалтарысбұлтарысы көп іс екенін айтып, оқырмандарымен ой бөлісті. Шапағат ӘБДІР