ЕЛІМІЗДІҢ БАСТЫ ИГІЛІГІ – ЖЕР
ЕЛІМІЗДІҢ БАСТЫ ИГІЛІГІ – ЖЕР
Жер – халықтың бірден-бір қажеттілігі. Қазіргі таңда елімізде пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары қарқынды жүруде. Жайылымның жетіспеуі ауылшаруашылығы саласы үшін өзекті мәселе болып отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев заңсыз берілген, игерілмеген жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. Әлем бойынша жер көлемі жағынан Қазақстан 9-орында тұрған мемлекет. Ал жайылымдық жері жөнінен 5-орында екен. Сондықтан да біздің елде жайылым жер көп. Бірақ оны қолында бір тұяқ малы жоқ болса да кезінде ебін тапқандар өз меншігіне алып алған. Соның салдарынан жайылым мәселесі, оның ішінде ауылдық жерлердің айналасындағы жайылымның тарылуы қоғамда келелі мәселе ретінде көтерілді. Президент тапсырмасына сай бұл түйткіл де біртіндеп шешілуде. Кейінгі кездері шаруаларды ойландырған жайылым жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін әкімшілік бес бағытпен жұмыс жүргізіп, қазір жайылым көлемі ұлғайып келеді. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесіп ұйымдастырған баспасөз турында шаруаларды алаңдатқан жайылым мәселесі кезегімен реттеліп жатқанына көз жеткіздік. Біз Байзақ ауданында өткен баспасөз турында жер бөліністерінің жағдайына қанық болдық. Аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбековтың айтуынша, аймақтың жалпы жер көлемі – 446 385 гектар. Оның ішінде 165 369 гектары ауылшаруашылық мақсатында пайдаланылса, ал 43 134 гектары елді мекендердің жерлері. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де мақсатқа арналған жер көлемі 2 399 гектар болса, 221 640 гектары орман жер қоры, 2 268 гектары су қорының жері, ал 11 575 гектары босалқы жер. – Бүгінде ауданда жайылым жерлердің жетіспеушілігі барлық ауылдық округтерде бар мәселе. Осы түйткілді шешу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы – «Жер кадастры ғылымиөндірістік орталығы» департаменті арқылы ауданның кезекші карталары әзірленді. Аудан бойынша 18 ауылдық округтің қызмет көрсету аймағында бос жатқан жалпы көлемі 18180,9 гектар болатын 402 жер учаскесі түгенделіп, елді мекендер үшін жайылым ретінде аудан әкімінің қаулысымен бекітіліп берілді. Жер пайдаланушылардың учаскелері «Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқор жүйесімен сәйкестендіру нәтижесінде игерілмей жатқан кадастрлық құны 236 936 246 теңге болатын жалпы көлемі 24 716 гектар 251 жер телімі анықталған. Атап айтқанда, бұл жер телімдері Бурыл, Дихан, Түймекент және Ынтымақ ауылдық округтеріне тиесілі. Аудан бойынша ауылдық округ мамандарымен бірігіп, зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында ауылшаруашылығы жануарларын идентификациялау базалық жүйесінде малдардың тіркелген немесе тіркелмегені анықталып, әрбір шаруашылықтың базалық жүйесіндегі малдары қағаз түрінде көрсетілді. Қазіргі таңда жалпы көлемі 6392,3 гектар жайылым игерілмей жатқандығы белгілі болды. Осындай игерілмеген жерлерден бүгінде 7427 гектар жер учаскесі қайтарылды, – деді Болат Мырзаханұлы. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Карентаев пен басқарманың бөлім басшысы Айдар Тажиков және Байзақ ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Тұрсынбек бастаған топ аудандағы бірқатар жайылым жерлер мен егін алқаптарын аралап, шаруа қожалықтардың жағдайын көзбен көрдік. Түймекент ауылындағы «АгроХолдинг ASPAN» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бес шаруашылықтың бірігуімен 2020 жылы құрылған. Егіншаруашылығымен де, мал бағумен де айналысады. Кооперативте барлығы бір жарым мың гектар жер бар. Соған қант қызылшасын, жүгері, жоңышқа егіп, өсіреді. Шаруашылыққа қажетті техникалардан 2 «Zoomlion» тракторы, 1 комбайн, 9 жаңбырлатып суару қондырғысын қолданады. Кооператив төрағасы Саха Манатовтың айтуынша, қызылшаны Меркідегі қант зауытына өткізсе, жүгеріні мал азығына пайдаланады. Бұл кооперативте 200 бас «Алатау» тұқымды сауын сиыры, 100 бұқашық және жиырма шақты түйе, бес жүздей қой бар. Бұған қоса, жылыжай шаруашылығымен де шұғылданады. Сонымен қатар, интенсивті бақ өсіреді. Бұл кооперативтің бір де бір жері бос жатпайды, тіпті су келмейтін алқаптың өзіне жоңышқа еккен. Биылғы су тапшылығынан 300 гектар қызылша мен 150 гектар жүгері алқабы күйіп кетіп, мемлекет тарапынан шығынды өтеу ақысын алып жатқан көрінеді. Осы жағдайға төтенше жағдай жарияланардан бұрын кооператив шаруалары құр қол қалмау үшін 250 гектарға қызылша егіп, жерасты суын пайдалану үшін ұңғыма қазып, жаңбырлатып суғару қондырғысымен алқапты ылғалдандырған. Аталған техникалық дақылды шілдеде еккендіктен, оны алдағы қараша айында қазып алғалы отыр. «Негізі гектарына мың центнерден беруге мүмкіндігі бар бұл жерден орташа есеппен 400 центнерден қызылша аламыз», дейді кооператив төрағасы. Осы ауданның Ж аңатұрмыс ауылындағы «Мәди» шаруа қожалығының 170 гектар жері бар. 2012 жылы құрылған бұл қожалық қазіргі уақытта 1 комбаин, 4 МТЗ тракторы, 1 дәнсепкіш, 2 соқа, 3 шөп тайлағыш, 1 бүркігіш техникалармен жабдықталған. Суармалы жерінен жылына 180 тонна арпа орып алады. Сондай-ақ 600 қой, 55 жылқы бағып отыр. Қожалық басшысы Нұрмахан Сартов: «Ешқандай жерді бос қалдырмаймыз, тіпті басқалардың жерін жалға алып пайдаланамыз», дейді. Қазір шаруа қожалық күздік бидайын сеуіп қойыпты. Негізі шаруашылық келер жылдың өнімі үшін егіс алқабына суды мол қажет ететін дақылдарды орналастыруды жоспарлап отыр. Алдағы жылы да қуаңшылық қыспаққа алмаса, мол өнім алудан үмітті. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Байзақ ауданы