Жаңалықтар

САРБАЗДАР ҚАТАРЫ ТОЛЫҒУДА

САРБАЗДАР ҚАТАРЫ ТОЛЫҒУДА

Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу – абыройлы міндет. Осы орайда күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Бүгінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерге келіп жатқан жастар көп. Елінің ертеңін ойлайтын өрендердің қатары артқаны қуанарлық жайт. Осы бір маңызды науқанды сапалы ұйымдастыру – басты талап. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан бірлескен іс-әрекеттерді жүргізу, насихат жұмыстарын күшейту, жедел іс-шаралар қабылдау тұрғысында нақты тапсырмалар берілді. Барлық аудан бойынша әскерге шақыру жоспары толық орындалды. Сәйкесінше ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, басқа да әскери бөлімдер мен құрылымдарға шақырылушылар тобы даярланып, жеке құжаттары рәсімделді. Жақында әскери бөлімдердің өкілдері болашақ сарбаздарды іріктеді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуковтың айтуынша, жас сарбаздардың оқу-жаттығу жиынының әкімшілігіне жеке құраммен жұмыс істеуде тәжірибесі бар, аса жауапты және білікті офицерлер кірген. Сарбаздарды қабылдау кезінде офицерлер жігіттердің моральдық және іскерлік қасиеттеріне, дене дайындығы мен денсаулық жағдайына назар аударған. Сондай-ақ жас жігіттердің осы жерде қалу немесе Қазақстанның басқа өңіріне қызмет етуге бару ниеті де ескерілді. Әскерге шақырылушыларды іріктеу тобының құрамында әскери психологтар, тәрбиешілер және дәрігерлер болуы шарт. Нәтижесінде әскерге шақырылған бозбалалар екі рет оқытылады. Алғашқы қабылдауды және іріктеуді әскери басқару органдарының және дәрігерлік шақыру комиссияларының өкілдері жүргізеді. Одан кейін іріктеліп алынған жас жігіттерді әскери бөлімдердің өкілдері мұқият зерттейді. Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригада мотоатқыштар батальоны командирінің орынбасары, капитан Нұрлан Нұртазин бұл жігіттермен әскери борышын өтегеннен кейін де бірге жұмыс істейтін болғандықтан үздіктерді іріктеп алуға тырысатынын айтты. – Әскерге шақырылғандардың жеке істері мұқият зерделеніп, оларға қатысты психологиялық тестілеу жүргізіледі. Сонымен қатар азаматтық борышын өтеушілердің әрқайсысымен әңгімелесіп, отбасы жағдайы, талпыныстары, алдағы жоспарлары туралы жан-жақты сұрастырдық. Ашық, белсенді және көпшіл жігіттер бірден көзге түседі, олар өзгелермен оңай тіл табысады. Мұндай жігіттердің бейімделу әлеуеті жоғары, әскерге оңай үйренеді. Ал тұйық жігіттермен жұмыс жүргізу әлдеқайда қиынырақ. Шынымды айтсам, әңгімеге тартқан алғашқы минуттардан бастап оларды командаға қабылдауға күмәнмен қарадық. Бірақ сол балалармен де барынша шынайы, еркін сөйлескен жөн. Табиғатынан тұйық, сабырлы, өз ұстанымы бар жігіттер болашақта ержүрек, тиянақты сарбаздарға айналуы да мүмкін, – дейді Н.Нұртазин. Сарбаздардың әскерге тез бейімделуі әрі өздерін еркін сезінуі үшін әскери бөлімдердің өкілдері оларға өз бөлімшелері мен командирлері, әскери дәстүрлері туралы айтып береді. Офицерлер ұлдарының қамын ойлаған әскерге шақырылғандардың ата-аналарымен де көп әңгіме жүргізеді. Атап өтерлік жайт, сарбаздар арасынан құрам жасақтау кезінде әскерге шақырылғандардың қай бөлімге барғысы келетініне, жан қалауына, таңдауына мән беріледі. Сондай-ақ сыныптастарды, курстастарды, ағайындарды, көршілерді, ауылдастарды бір жасаққа бөлу жайы назардан тыс қалмайды. Себебі дос, аға немесе ескі таныс болса, сарбаздардың әскерге бейімделуі оңайырақ өтеді. Мұндай қамқорлық алдағы уақытта да жалғаса бермек. Жас сарбаздар үшін қарастырылған тағы бір жеңілдік – жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай және грантқа оқуға түсу, несиесін өтеуді кейінге қалдыру. Бұл артықшылықтар жөнінде жас сарбаздардың өзі де хабардар. Сондықтан олар Отан алдындағы абыройлы міндетіне жақсы көңіл күймен кіріседі. – Әскер қатарына алынған сарбаздарға ең қиыны – бейімделу кезеңі. Өйткені жігіттер жаңа жағдайларда өмір сүруге үйренуі керек. Казармада ерте тұруға, физикалық белсенділікке, үздіксіз оқуға, телефонсыз жүруге үйренісу, әрине, оңайға соқпайды. Бірақ көп ұзамай сарбаздар әскери өмірге бейімделіп, жаңа достар тауып, қызметтік мерзімі жылдам өте шыққанын байқамай да қалады, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Мереке Күчекбаев. Ал, күзгі шақырылымдағы сарбаздар үшін биылғы қызмет мерзімі енді ғана басталды. Қазір «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелерінде жас жауынгерлер курсы басталған. Ол бір айға созылады. Бұл кезеңде жаңадан келген сарбаздар жағаны тігуді, погондардағы шендерді анықтауды, парад алаңында адымдауды, пулеметті шашып-құрауды, әскери жарғыларды меңгеруді үйренеді. Жас сарбаздарға бұл сабақтарды өздерін әскерге іріктеп алған офицерлер мен сержанттар үйретуде. Ақтоты ЖАҢАБАЙ