ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Кеңесте алдымен облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың есебі тыңдалды. Басқарма басшысының сөзінше өңір нысандарын жылыту маусымына дайындау және оның өту барысын қадағалау үшін облыстық штаб құрылған. Сондай-ақ аудандар мен Тараз қаласында жергілікті штабтар жұмыс істеуде. – Облыста 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымы 12 қазаннан басталды. Ал әлеуметтік маңызы бар нысандарға жылу 5 қазаннан бастап қосылған. Бүгінде облыстағы 1 665 көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік маңызы бар 1 737 нысан жылумен қамтамасыз етілуде. Оның ішінде 784 білім беру, 389 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт саласының нысаны мен 18 әлеуметтік арнаулы мекеме бар. Облыс бойынша 9 жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар. Барлық жылу көздерінде температуралық кестелері бекітілді. Қазіргі таңда отынэнергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеуде, жылу көздерінде температуралық кестенің сақталуы күнделікті бақылауға алынған. Барлық кәсіпорындарда апаттық-диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет көрсетуде. ҚР Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес облыста жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Бүгінде жылыту маусымының 13 тәулігі өтті. Осы жылы жылыту маусымында жылу энергетика кешендерімен жалпы 1,100 миллион гкал жылу энергиясын өндіру жоспарлануда. Жылу энергетика кешендерімен жылыту маусымы кезеңінде 1,250 миллиард текше метр газ тұтыну жоспарланып отыр. Олардың нормативті резервтік мазут қоры 15 мың тоннаны құрайды. Жылыту маусымына дайындық іс-шараларына қаралған 8,804 миллиард теңге толық игеріліп, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Қ.Қорғанбаев. Құдайберген Нұрсерікұлы жылыту маусымына орай облыс тұрғындары үшін 149,7 мың тонна көмір тұтыну жоспарланып, бүгінге 85,4 мың тоннасы жеткізілгенін айтып өтті. Қатты отынды осы жылдың мамыр айынан келесі жылдың сәуір айы аралығында жеткізу жоспарланған. Бүгінде бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары үшін жалпы 66,2 мың тонна көмір сатып алынып, барлық ұйым толыққанды қамтылған. Нақтылап өтсек, білім нысандары 55 977 тонна, денсаулық сақтау нысандары 4 469 тонна, мәдениет нысандары 4 341 тонна, спорт нысандары 854 тонна және әлеуметтік арнаулы мекемелер 550 тонна көмірмен қамтамасыз етілген. Жалпы облыс бойынша 1 665 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда температуралық кестеге сәйкес жылу алуда. Жылыту маусымының өту барысы облыстық штабтың тұрақты бақылауында. Сондай-ақ, баяндамашы Жаңатас, Қаратау қалаларындағы қазандықтар қалыпты жұмыс істеп, тұрғын үйлерді жылумен үздіксіз қамтамасыз етіп жатқанын атап өтті. Екі қалада да жылыту қазандықтарына жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал Шу қаласында резервтік көмір отынымен жұмыс істейтін қазандықтың түтін мұржасы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Ол үшін былтыр жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны 217,2 миллион теңгені құрайды. Жобаға сәйкес биіктігі 45,9 метр темір-бетонды түтін құбырын толық бөлшектеп, қайта салу қажет. Өткен жылы Шу ауданы әкімдігі тарапынан жылыту маусымы кезінде түтін құбырының құлауын болдырмау үшін қатты зақымданған 20 метр биіктіктегі құбырдың бөлігін бөлшектеу жұмыстары жүргізілген. Егер, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан газдың берілуі шектелген жағдайда Шу қаласының орталық қалалық қазандығы резервтік қатты отынмен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Түтін құбырының қазіргі жағдайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндіктен уәкілетті органдар тиісті әкімшілік айыппұл салуы мүмкін. Бұл жобаны қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне 217,2 миллион теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Аталған мәселе ҚР Премьер-Министрінің облысқа жұмыс сапары кезінде берілген хаттамалық тапсырмаларына енгізіліпті. Тағы бір өзекті мәселе, Шу ауданында қолданыстағы газдың қысымы төмен болу жағдайы орын алуда. Шу ауданы «Қордай» автоматты газ тарқату стансасы арқылы газбен жабдықталған. Жалпы қуаты 12 кгс/ см2 болса, Шу қаласында газдың қысымы 4,5 кгс/см2 дейін, Бірлік, Көктөбе ауылдарында 0,8 кгс/см2 дейін төмендеп жатыр екен. Мұнан соң облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасының маңызды науқанға дайындық жайы қаралды. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 389 денсаулық сақтау ұйымы бар. Оның ішінде 41 нысан орталықтандырылған, 218 нысан газдандырылған, 128 нысан қатты отынмен, 1 нысан дизельдік отынмен, 1 нысан электрлік пешпен қамтылған екен. Қатты отынмен жылытылатын нысандарға 4389 тонна көмір қажеттілігі жоспарланып, бүгінгі күнге сатып алыныпты. Аудандық орталық ауруханалар орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылғанымен, резервтік қорда жылытудың өзге түрлерін де пайдаланады екен. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева да аймақтағы білім беру ошақтарын жылу маусымына дайындау жіті назарда тұрғанын жеткізді. Баяндамашылардың сөзін мұқият тыңдаған өңір басшысы көтерілген тақырып бойынша аудан басшыларынан жеке-жеке жауап алды. Басқарма басшыларына алдағы уақытта ауа райы болжамына сәйкес күннің күрт суытуы және қатты жел күтілетінін ескертіп, барлық нысандарды толық дайындыққа келтіру керектігін баса айтты. – Баяндамада бәрін әдемі етіп көрсетесіздер. Алайда қаланы бір күн аралап шыға қалсам жылу қосылмаған мекемелерді оңай тауып аламын. Демалыс күндері ескертусіз қаланы аралап, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жайын тексеріп тұрамын. Сол кезде жылуы жоқ мектеп, колледждерді байқағанмын. Ал баяндамада жүз пайыз қамтылған, барлығы жақсы дейсіздер. Ондай әңгіме болмайды. Тағы да қайталап айтамын, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы білім, денсаулық басқармасының басшыларымен, аудан, қала әкімдерімен үнемі байланыста болып, жылыту мәселесін тексеріп отыруы керек. Тек айтып қоя салған жарамайды. Қай мекеме болса да барып, нысанның жайымен танысып, жылу қосылғанына көз жеткізіңіздер. Жұмысқа жауапкершілікпен қараңыздар, – деді Ербол Шырақбайұлы. Ақтоты ЖАҢАБАЙ