Жамбыл жаңалықтары

БАР ЖҰМЫС – ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЖЕТІН ӨТЕУ ҮШІН

БАР ЖҰМЫС – ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЖЕТІН ӨТЕУ ҮШІН

Аймақпен аттас Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына, халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасының жақсаруына елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» және басқа да бағдарламалар мен жобалардың шарапаты еселеп тиюде. Шырайлы өлкенің тізгінін ұстағаныма үш айдан асты. Осы аралықта ең алдымен Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға, облыс әкімдігі тарапынан енгізілген индикаторлардың орындалуына білек сыбана кірісіп кеттік.

Қазіргі таңда мемлекет жүзеге асырып жатқан бағдарламалар мен жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында бұл мәселеге баса мән берілген. Ауыл тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып айқындалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу көзделген. Тұжырымдама азаматтармен сындарлы қоғамдық диалог жүргізуге негізделген. Президенттің түрлі деңгейдегі шенеуніктерге қойған талабы – осы. Өйткені мемлекетіміз үшін әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды. Сонымен қатар облыс әкімі Нұржан Нұржігітов әр апта сайын аппараттық кеңесте қоғаммен байланыс мәселесіне баса назар аударып келеді. Бүгінде жеке өзіме келіп түскен 22 сауалға жауап қайтарып, шешілуі бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ тұрғындардан түскен желідегі талап-тілекке азаматтың округіне қарасты ауылдық округтің әкімі тікелей жауап беруін міндеттеп отырмыз. Әлеуметтік желіде белсенділік танытуым жұртшылықты билікке деген сенімін арттыра түсті. Өйткені ғаламтор желісі азаматтардың ұсыныс-пікірлерін еркін білдіруге және сауалға жедел жауап алуға қолайлы орта. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғары. Соңғы жылдары өндіріс саласы қарқынды даму жолына түскен. Оны ауданның экономикалық даму көрсеткішінен аңғару аса қиын емес. Атап айтсақ, өткен жылы өнеркәсіп саласында 21,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 103,5 пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінде 19,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ауданда өнеркәсіп көлемін көрсететін негізгі кәсіпорындар «Амангелді ГӨЗ», «Супер Фарм», «Бином», «Винзавод Южный», «Берсанукаев», «Кнауф Гипс Тараз», «Каз Упак Трейд» ЖШС құрап отыр. Осы жылдың І тоқсанында өнеркәсіп көлемі 5,1 миллиард теңгені құрады. Биылға қойылып отырған жылдық жоспар – 22,4 миллиард теңгенің өнімін өндіру. Ал алдағы үш жылда аудандағы өнеркәсіп өнімі көлемін 2025 жылға қарай 28 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Яғни «Амангелді ГӨЗ» ЖШС-ның шикізат мәселесі шешімін тапса, жылдық қуаты 180 мың тоннадан 260 мың тоннаға арттырылмақ. Сондай-ақ жоғарыдағы межеге 50 мегаваттық «АЕК АСА» ЖШС, тігінді емес материалдардан медициналық бұйымдар шығаратын «Ерсад-2021» ЖШС зауытын іске қосу, «ОргСтрой» ЖШС гипстан тамақ қоспаларын дайындау цехы, «КазФос» ЖШС-ның натрид гексаметофосфатын өндіретін желісін кеңейту арқылы жету көзделуде. «Амангелді ГӨЗ» ЖШС басшылығы тарапынан зауыттың қуатын 300 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндіктері бар екендігі анықталды. Бүгінгі таңда аудандағы кәсіпорындар жүктемесі 65-80 пайыз көлемінде жұмыс істеп тұр. Аудан халқы санының артуы тұрғын үй кезегінің өсуіне алып келді. Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегіне 1434 адам тіркелген. Былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 76 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы аналарға 5 тұрғын үй, «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде 4 тұрғын үй сертификаты берілген. Алда 80 пәтерлі 4 үйдің (320 пәтер) жобалық-сметалық құжаты қаржыландыруға ұсынылды. Қосымша 2023-2024 жылдары 2 көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде (160 пәтер). Осы 6 тұрғын үй пайдалануға берілген жағдайда кезектілік 33,5 пайызға төмендеп, 480 адам баспанамен қамтылады. Бұдан бөлек, «Асар» жобасымен 9 тұрғын үйдің құрылысы басталуда. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 20 маманның тұрғын үй сатып алуы үшін қаржы бөлінді. Тұрғын үй салу үшін ауданда жер телімін алуға 11 590 адам кезекке тұрған. Өткен жылы 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, су, газ тарту жұмыстары жүргізіліп, кезектілікке сәйкес 1081 адамға жер телімі берілді. Биыл Аса ауылында кезекте тұрған 811 адамға жер телімін беру үшін инженерлік-инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық құжаттары әзірленуде. Бүгінгі таңда ауданда 2,8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның екеуі мектептің құрылысы, 3 елді мекенге ауызсу құбыры тартылуда. Аса ауылындағы кәріз жүйесі қалпына келтіріліп жатыр, сонымен қатар 13 елді мекенге магистральды газ құбыры тартылып, 3 ауылға учаскелік полиция пункті ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, 2022-2023 жылдары 5,6 миллиард теңгені құрайтын 11 жобаның құжаттары қаржыландырылмақ. Ол жобалар аясында Шоқай ауылындағы мектептің, 4 көпқабатты тұрғын үйдің, Аса ауылында теміржол өткелінің, Қызылқайнар ауылында 180 орындық клубтың және басқа да маңызды нысандардың құрылыс жұмыстары шешімін таппақ. 2023-2025 жылдары іске асыруға 15 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бүгінге дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 62 жоба іске асырылып, 183 тұрақты жұмыс орны ашылған. Биыл осы жоба аясында 9 жоба іске асырылғалы отыр. Аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауызсумен, яғни тұрғындардың 82,2 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Қазіргі таңда ауызсумен қамтуды қажет ететін 12 елді мекен бар. Биыл 3 ауылда таза ауызсу құбырының құрылысы аяқталса, 4 елді мекен мәселесі суды тазартудың жеке блок модульдік қондырғыларын орнату арқылы шешімін (Құмсуат, Сеңгірбай, Әулиекөл, Көлқайнар) табады. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауызсумен қамтылған елді мекен саны 37-ге, қамтылу деңгейі 88 пайызға жетпек. Алдағы жылы 4 елді мекенді, 2024-2025 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасымен 2004 жылы қайта жаңғыртудан өткен Өрнек, Ерназар ауылдарының ауызсу мұнараларын жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Көгілдір отынмен қамтылған елді мекендер саны – 29. Магистральды газ құбырының құрылысы аяқталатын болса, тағы 9 елді мекен газбен қамтылғалы отыр, осының нәтижесінде ол 90,5 пайызға жетпек. Осы магистральды газ құбырын аяқтау үшін қосымша 306 миллион теңге қажет. Қалған 3 елді мекенді газбен қамту үшін аудан тарапынан жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінді (Тоғызтарау, Құмсуат, Жаңа Өткел). Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 321,6 шақырым. Биыл 5,2 шақырым жол жөнделеді. Қалған жолдарды алдағы үш жылда бөліп жөндеу қаралған. Өткен үш жыл көлемінде аудандағы елді мекендерде жалпы ұзындығы 147,8 шақырымды құрайтын 178 ауылішілік көше жолдары жөндеуден өткізілді. Биыл 15 елді мекеннің жалпы ұзындығы 39 шақырымды құрайтын 32 ауылішілік көше жолдары жөнделмек. Қалған жылдары да жол жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жалғасын табатын болады. Бүгінгі таңда аудандағы электр желілері мен трансформаторлардың 50 пайыздан астамының тозығы жеткен. Өткен жылы аудандық бюджет есебінен 6 елді мекеннің 6 көшесі жарықтандырылды. Бұдан бөлек, 6 ауылдағы 11 көшенің бағаналары мен желілері ауыстырылды. Биыл 5 елді мекеннің 7 көшесі жарықтандырылады. 4 елді мекеннің ауылішілік электр бағаналары мен желілері ауыстырылады. Аса, Шайқорық, Жұма стансаларында электр энергиясының төлем құны жоғары болуына байланысты ол елді мекендерді теміржол тұйығынан ажыратып, аудандық электр торабына қосу мақсатында жобалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ауданда 5842 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның ішінде тұрақты жұмыс істеп тұрғаны – 4977. Олардың үлесі 85,1 пайызды құрады. Бұл салада 7105 адам жұмыс атқаруда. Өндірілген өнім көлемі – 50,4 миллиард теңге. Мемлекет тарапынан ұсынылатын қаржы институттарының қолдаулары арқылы 68 жоба несиелендірілген. Ашылған жұмыс орындары 591 бірлікті құрады. 2022-2025 жылдар аралығында 107 шағын жобаны жүзеге асыру тізілімі белгіленген. Жобалар құны 3,1 миллиард теңгені құрайды. Жаңадан 380 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Инвестиция тарту мәселесі тұрақты бақылауға алынған. Аудан тарапынан 2013-2021 жылдар аралығында инвестициялық жобаларды іске асыруға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға 407 гектар жер телімі берілген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында ауданның жер қорынан 500 гектар жер беруге мүмкіндігіміз бар. Шағын цехтарды ашуға басымдық беріліп жатыр. Осы жылы аудан әкімі мен ауыл әкімдері арасында әр округтен тамақ өндірісі бағытында бір шағын цех ашу индикаторы бекітілді. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 53,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,4 пайызды құрады. «Аса Агро» ЖШС тауық еті бағытындағы фабрикасының 4, 5, 6-корпусын, «Аса Даму» ЖШС құс фабрикасы 4-корпусын, «АлелАгро» ЖШС құс етін сою зауытын, «АТБ» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңы мен тауарлы сүт фермасын, «Genezis» ЖШС көкөніс өңдеу цехы мен жылыжай кешенін, «Жамбыл ЕТ-МС» мал бордақылау алаңын іске асыру және игерілмей жатқан жерді қайта айналымға қосу арқылы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 53,5 миллиард теңгеден 2025 жылы 72,4 миллиард теңгеге жеткізуді көздеп отыр. Ауданда жалпы алаңы 9,12 гектар алқапқа жылыжай орналастырылған. Жұмыс істеп тұрған жылыжайлардың біреуі фермерлік, екеуі өнеркәсіптік. 1,1 гектарға қияр отырғызылып, одан 52,5 тонна өнім жиналған. 8,02 гектарды алып жатқан 84 жылыжай қайта жөндеуді қажет етеді. Ауданда жалпы алаңы 42400 шаршы метрді (сыйымдылығы 37 829 тонна) құрайтын 113 қойма бар. Бүгінгі таңда қоймаларда 1 375 тонна сәбіз сақталуда. Алдағы үш жылда сыйымдылығы 1560 тонналық 4 жеміс және көкөніс қоймасын салу жоспарланып отыр. «Жамбыл облысы тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасын одан әрі іске асыру Өрнек ауылдық округі бойынша жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 67 аула 250,5 миллион теңге несие алса, 47 аула 1 639 мал алып отыр. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым – 174 889, елді мекен жайылымы – 30 512, орман қоры жайылымы 64 564 гектарды құрайды. Ауылдық округтерге қоғамдық жайылым үшін 14 819 гектар берілді. Жетіспейтін жайылым көлемі 87 100 гектарды құрайды. Биыл босалқы жер қорындағы 3 770 гектар жайылымды елді мекенге қосу, 5 шақырым радиуста орналасқан 10 929 гектар жайылым жерді елді мекенге бекіту, игерілмеген 2 500 гектар жайылым жерді қайтару жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша 2022 жылға жасалған жоспарға сәйкес жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3 833 адамды қатыстыру көзделген. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға – 115, кәсіптік білім беруге – 19, электрондық еңбек биржасы бойынша оқытуға – 104, грантпен – 289, бастау бизнеспен оқытумен 325 адам қамтылатын болады. Ауданда 2022-2025 жылдарға арналған жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы жасалған. Ауданда өткен жылы 6 мектеп күрделі жөндеуден өткізілсе, аудан орталығындағы 3 мектепке дабыл қаққыш жүйесі орнатылып, мамандандырылған күзет қызметіне қосылды. Биыл Айшабибі ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы аяқталады. Ал Шоқай ауылында 150 орындық мектеп құрылысы басталады. «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде 47 жоба іске асырылады деп жоспарланса, бүгінгі таңда оның 15-і іске асырылған. Денсаулық сақтау саласы бойынша биыл Қаракемер ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Қызылқайнар, Айша бибі ауылдық дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөндеуден өткізіледі. Алдағы уақытта Аса ауылындағы орталық аурухана мен Өрнек ауылдық дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеуден өткізу, 9 елді мекенде жаңа медициналық пункт соғу қажеттілігі туындап отыр. Биыл Айшабибі ауылдық мәдениет үйін жөндеуден өткізу қаралған. Бұдан бөлек, алдағы үш жылда Қызылқайнар ауылынан мәдениет үйін салу, аудандық және Тастөбе, сондай-ақ басқа да бірнеше мәдениет нысандарын күрделі жөндеуден өткізу және соғу жоспарланған. Өткен жылы 6 елді мекенде шағын футбол алаңы, 3 ауылда балалар ойын алаңы мен 1 елді мекенде «Street workout» алаңшасы орнатылды. Биыл 6 елді мекеннің шағын футбол алаңының жасанды төсемі ауыстырылады, 1 ауылда балалар ойын алаңы ашылмақ. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2022-2023 жылдары 5 елді мекенде спорт кешенінің құрылысы жүргізіледі. Аудан халқының 22,8 пайызын немесе 19438-ін жастар құрайды. Жыл басынан бері 60 NEET жас бар, 312 жұмыссыз жас тіркелген. 107 жас «Бастау Бизнес» жобасымен оқыса, 53 жас шағын несие алды, 258 жас қайтарымсыз грант иесі атанды. 100 жас «Жасыл ел» жасақтары қатарына алынған. Волонтерлермен І тоқсанға 88 жұмыс атқарылды. Қамтылған еріктілер саны – 1584 жас. Бүгінгі таңда «Жамбыл жастары» клубы жұмыс істеп жатыр. Аудандағы жас кәсіпкерлер саны – 304. Алдағы жылдарға қойылып отырған басты міндеттер жұмыссыз жастардың санын 1,8 пайыздан 1,6 пайызға төмендету. Әлі аудан әлеуетін көтеру үшін алдымызда үлкен міндеттер мен жобалар бар. Халық қажетін өтеу үшін аянбай еңбек ете бермекпін.

Ерлан ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ, Жамбыл ауданының әкімі