Жаңалықтар

Фируза ШАРИПОВА, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы: ӘР ЖЕҢІСІМДІ ОТАНЫМА АРНАЙМЫН

Фируза ШАРИПОВА, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы: ӘР ЖЕҢІСІМДІ ОТАНЫМА АРНАЙМЫН

– Республика күні – халқымыздың ғасырлар бойғы үкілі үміті үстем болып, еліміздің еркін дамуына айқара жол ашылған қастерлі мереке. Тәуелсіз мемлекет, азат, бейбіт ел деген қандай әдемі ұғым! Менің де қазақ спортшысы ретінде танылып, ел айбынын асқақтатып жүргенім осы егемендігіміздің жемісі. Халқымызды ұлттық мерекемен құттықтай отырып, спорттағы әрбір жетістігім Отаныма арналатындығын айтқым келеді. Көк жүзінде еркін құстай самғаған тәуелсіз елімізде нәзікжанды әйелдер үшін де көп мүмкіндіктер қарастырылған. Мен былғары қолғап шеберімін. Егемен елімізде кәсіп ашамын десең де, спортшы болып, мемлекетіміздің намысын жыртуда әлемдік айтулы додаларға қатысып, көк туымызды өзге елдерде желбіретемін десеңіз де, мықты маман болам десеңіз де барынша жағдай жасалған. Мен осыны баса айтқым келеді. Ең басты құндылығымыз – еліміздегі тыныштық пен бейбітшілік. Ашық аспан астында мамыражай өмір сүру қандай ғажап. Қазақстанда өсемін, өнемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Өйткені мемлекетіміз мүмкіндіктер мекені. Біздің елде спорт жыныс талғамайды. Бүгінде қарап отырсаңыз қыз балалар спорттың барлық түрімен айналысуда. Жетістік – оңайлықпен келмейді. Жеңіс шыдам мен сабырды, үздіксіз еңбек пен төзімді қажет етеді. Боксқа елімізде көп көңіл бөлінген. Спортшыларға деген қамқорлық бар. Бүгінде спорт секцияларының тегін әрі сан алуан болуы мені қуантады. Өзіміз секілді мықты спортшы боламын дегендерге бұл үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан қолдау бола беретіні анық. Ел үмітін арқалап, шаршы алаңға шыққанда халқымның қолдауын сезінемін. Өзге елде Әнұранымыз ойнағанда қуанғаннан жүрегім жарыла жаздайды. Шынымды айтсам, рингтегі Фируза мен өмірдегі Фирузада айырмашылық жоқ. Өмірде де шаршы алаңдағыдай қажырлы, мықты болуға тырысамын. Біздің жеңістеріміз Қазақстанның алтын тарихында алтын әріптермен жазылды. Менің әрбір жеңісім – елімнің арқасы! Бұл еліміздегі жанашыр азаматтардың, мені талай шыңға жетелеп шыққан жаттықтырушымның, қолдау білдірген Президенттің, ең бастысы қарапайым халқымның арқасы! Мереке құтты болсын!