Егемен елдің ертеңі
Егемен елдің ертеңі
Іс-шараның мақсаты – егеменді еліміздің белсенді жастарының қазақ елінің мемлекеттілігі, тәуелсіздік құндылықтары мен мәңгілік ел идеясы төңірегіндегі ойларын бір арнаға тоғыстыру. Сонымен бірге азаматтық жауапкершілігі зор, интеллекті жоғары, рухани жан-дүниесі бай, эстетикалық талғамы дамыған және әлеуметтік бейімделген ұтқыр тұлғаны қалыптастыру. «Жаңа Қазақстан» идеясын жастар арасында кеңінен насихаттау, мемлекеттік билік өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен жастар арасында байланыс орнатып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру да аталшық шараның мақсаттарының бірі. Бейбіт елдің саналы жастары ой жарыстырған пікірсайысқа Тараз қаласы мен облыс аудандарынан 160 фракция, 320 жас қатысты. Жастар бәсекесінде сынға түскен «Atameken», «Аманат», «Зияткер жастар», «Республика», «Лордтар» және «Ұшқын» фракциялары ерекше көзге түсті. Озық ойлы оқушылар арасында өткізілген облыстық пікірсайыс турнирін көрермен ретінде 50 өрен тамашалады. Сайысқа университет пен колледждерден қатысқан 47 төреші қазылық етті. Турнир барысында туған тілдің тағдырына қатысты өткір ойлар, нақты ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда, дебатшылар қазақ тілін дамыту, қазақ тіліндегі ақпаратты көбейту және әлеуметтік желі және медиаконтентті мемлекеттік тілде жүргізу, әдеби кітаптарды, әлемдік әдебиеттерді ана тілімізге көбірек аудару, жас отбасыларды және болашақ ата-аналарды қазақша кітаптар оқу арқылы тәрбиелеуге қатысты пікір білдірді. Жастар Ата Заңға енгізілетін өзгерістер, референдумға байланысты сұрақтарға орай жауаптарын әділетті қоғам құру, тәуір тұрмыс, жарқын өмір сүрумен байланыстырды. Шешендер сайысының қорытындысы бойынша «Альфа» лигасында I орынға Бекжан Қуанышбек пен Жігер Сейдахмет лайық деп танылды. Ал II орын Алихан Нұрболат пен Көркембай Бақытжан иеленді. Жүлделі III орын Гаухар Құдайберген мен Амина Жаңабекке бұйырды.