Руханият

Асқар тау аласармайды

Асқар тау аласармайды

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйытқы болуымен «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» жобасының «Сиясы кеппеген кітап» бағыты аясында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әбдрахман Асылбековтің туғанына 85 жыл толуына орай «Поэзия әлемінің әуезді Әбдрахманы» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Ақын­ның шығарма­шылығын оқырмандарға наси­хат­тау мақсатында ұйым­дас­тырылған іс-шара барысын­да Әбдрахман Асылбековтің шы­ғар­ма­ларының сиясы кеппеген 10 томдық жина­ғының тұсаукесері өтіп, кітаптарды кітапхана қорына тарту етілді. Сонымен қатар орыс жазушысы И.Крыловтың мысалдарының аудар­ма­лары да көпшілік қауымға таныс­тырылды. Иван Крылов мысалда­рының мазмұнын жоғалтпай, өлең құрылымын сақтай оты­рып, аударған ақынның сатиралық шығармалары­ның өзі бір төбе екенін жазушы Елен Әлімжан, ардагер журналист Болат Жаппарұлы және басқалары атап өтті. Қонақтар ақынның сонау 1955 жылы «Бейбітшілік бақшасы», «Жауды аяған жаралы» сияқты тырнақалды туындылары басылса, бала­ларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы «Жапырақтар» деген атпен жарық көргенін әңгімеге арқау етті. Сонымен қатар Ә.Асыл­бековтің көзін көрген заман­дастары мен әріптестері, шәкірт­тері баламен балаша тіл­де­сіп, жүрегі үндесіп жыр жазған ақынның 30-дан ас­там кітаптарының 18-і осы бүлдіршіндерге арналға­нына тоқталып өтті. Және де балалар әдебиетінің негізгі міндеті отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу екенін тілге тиек етіп, ақынның жары Фатима Бақтайқызы, қарындасы Пернайым Сағынбекқызы және бауыры Асылбек Әбді­мәжітке өздерінің жылы лебіздерін жеткізді. Шапағат ӘБДІР