Жаңалықтар

Әкім сайлауы- халық қалауы

Әкім сайлауы- халық қалауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланатынын мәлімдеген болатын. Көп ұзамай пилоттық режимде қолға алынған саяси дода 5 қарашаға белгіленіп, еліміздің 3 қаласы мен 42 ауданында өтетіні белгілі болды. Өз кезегінде, Орталық сайлау комиссиясы өткен аптаның соңында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауға дайындық жұмыстарының қорытындысын шығарып, маңызды саяси науқан өтетін өңірлерді аралау басталғанын мәлім етті. «5 қарашаға белгіленген пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайлауын дайындау және өткізу шеңберінде инспекциялық сапармен аумақтық сайлау комиссияларына әдістемелік-практикалық көмек көрсету үшін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері барлық 17 өңірді аралауды бастады», – деген болатын ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров. Сондай-ақ, жұмыстардың қорытындысын жариялаған Орталық сайлау комиссиясы барлық өңір бойынша 45 әкім лауазымына 249 үміткер ұсынылғанын айтты. Бір орынға орта есеппен 5 үміткерден келеді. Дегенмен, өңірлерге байланысты бәсекелестік әртүрлі болған. Атап айтқанда, бір орынға 9 кандидат үміткер болған аймақтар бар. Солардың арасында біздің облыстың Жуалы ауданында да бір орынға үміткер болғандар саны көп болды. Кандидаттарды ұсыну саяси партиялар арқылы және өзін-өзі ұсыну жолымен жүргізілді. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, тіркелгендердің 63 пайыздан астамы өзін-өзі ұсынғандар болса, 36 пайыздан көбі саяси партиялардың атынан сайлауға түсіп жатыр. Ұсыну барысында барлық тіркелген 7 саяси партия өз белсендігін көрсеткен. Үміткерлердің орташа жасы – 47. Кандидаттардың басым бөлігін ерлер құрайды, сонымен бірге арасында 13 әйел адам бар. Ұсынылған үміткерлердің 63,05 пайызы мемлекеттік қызметшілер болса, 6,83 пайызын уақытша жұмыс істемейтіндер құрайды. Қалғандары түрлі салаларда еңбек етіп жүрген азаматтар. Әкімдер лауазымына кандидаттарды тіркеу 10 қазанда аяқталды. Біздің Жамбыл облысында пилоттық сайлау өткізуге екі аудан таңдалып алынған болатын. Яғни, 5 қарашада Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері алғаш рет халықтың тікелей таңдауымен сайланбақ. Бүгінде аталған аудандарда алдағы саяси науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгін ОСК төрпағасы Нұрлан Әбдіров облысымызға арнайы іссапармен келіп,аталған аудадарда өтетін сайлаудың дайындық барысымен танысты. Төраға алдымен Жуалы ауданына ат басын бұрып, №473 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысты. Жуалыда саяси доданың ашық әрі әділ өтуіне аумақтық сайлау комиссиялары жауапты. Өйткені, сайлауды жариялау, дайындау мен өткізу, ұйымдастыру және қорытындылау бойынша айрықша құзырет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі. Орталық сайлау комиссиясының науқан шеңберіндегі құзыреті – әдістемелік және нормативтік тұрғыда қамтамасыз ету. Мұндай өкілеттіктерді бөлу «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген және 2021 жылдан бастап ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау жөнінде өткізілетін науқандар барысында жүзеге асып келеді.   Сайлау комиссиясының дайындығын бақылаған ОСК төрағасы жауаптыларға маңызды науқанға дайындық басты назарда болу керектігін ескертті. Әсіресе жасы үлкен кісілердің үйіне өздері бару керегін еске салды. Қариялардың жасын ескеріп, денсаулығып сұрап барыңыздар. Адамдық танытқаннан кішірейіп қалмайсыздар. Құлағы естімейтіндері болса, сайлау жайлы естімей қалуы да мүмкін. Оларды үйлерінен дауыс беретіндей жағдай жасаңдар. Өздері келіп дауыс бергісі келсе өздерің көлікпен жеткізіңдер- деді Н. Әбдіров.   Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сулимжан Қабылбеков өз кезегінде назарға алу керек базынасын жеткізді. Оның айтуынша аталған№473 сайлау учаскесі аудандағя ең үлкен учаскесі екен. Мұнда 2600 адам дауыс беруге келеді. Осынша адам тар орынға шоғырланып қалады. Әрі әр дауыс берші бюллетенге қол қойып жатқанда халық кептеліп қалады.Осы орайда аудандық сайлау комиссиясының төрағасы бюллетенге тұрғындар алдын ала қол қойса деген өтінішін білдірді. Алайда ОСК төрағасв бұл ұсыныстың заңға қайшы екенін айтты.   Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінде ауданда 39 сайлау учаскесі құрылып, таңдау жасауға құқылы 31620 сайлаушы тіркелген. Бастапқыда ауданда әкім болуға 9 кандидат ұсынылған. Олардың 2-еуін партиялар ұсынса («Аmanat» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы), 7-еуі өзін-өзі ұсыну тәртібін пайдаланды. Кандидаттардың 5-еуі мемлекеттік қызметкер, 2-еуі жұмыссыз, 1-еуі шаруа қожылығының басшысы болса, енді 1 үміткер партия төрағасы. Кейінірек 9 кандидаттың 3-еуі сайлауға түсуден өз еріктерімен бас тартып, 6-уы қалды. Ал, 10 қазанда аяқталған кандидаттарды тіркеудің қорытындысы бойынша сол үміткерлердің 4-еуі ғана, өзін-өзі ұсынғандар арасынан Нұржігіт Бөлекбаев, Ғани Жұбаев, Жәнібек Мырзалиев және «Аmanat» партиясы ұсынған ауданның қазіргі әкімі Жалғас Мұртаза саяси додаға қатысуға мүмкіндік алды. Жуалы ауданы әкімінің сайлауын пилоттық режимде өткізу бойынша даярлық жұмыстарының барысы туралы тұрғындардың қатысумен кеңес, ауданының жастарымен кездесу және семинар тренинг өтті.