Жол қателікті кешірмейді
Жол қателікті кешірмейді
Облыстық полиция департаменті 2023 жылдың 9 айында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бірқатар жұмыс атқарған. Атап айтсақ, 9 айдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 695 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Мәселен өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының саны 35,4 пайызға (1 146-дан 695-ке), қаза болғандар 18,5 пайызға (184-тен 150-ге) және дене жарақатын алғандар саны 40,2 пайызға (1 781-ден 1 065-ке) төмендеген. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Үдергеновтің айтуынша, аймақта жол-көлік оқиғаларының төмендегеніне қарамастан, республикалық деңгейде ең көп жол-көлік оқиғалары тіркелген облыстар арасында өңіріміз Алматы қаласы мен Алматы облысынан кейінгі алғашқы үштікте тұр екен. – Республикалық маңыздағы автожолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 19,6 пайызға (265-тен 213-ке), қаза болғандар 16,8 пайызға (113-тен 94-ке) және дене жарақатын алғандар саны 24,2 пайызға (525-тен 398-ге) төмендеген. Жергілікті маңыздағы автожолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 51,6 пайызға (124-тен 60-ға), қаза болғандар саны 35,3 пайызға (51-ден 33-ке) және дене жарақатын алғандар 54,9 пайызға (213-тен 96-ға) азайған. Ал қалалар мен елді мекендердегі көше-жол желісінде жол-көлік оқиғаларының саны 44,3 пайызға (757-ден 422-ге) және дене жарақатын алғандар 45,3 пайызға (1 043-тен 571-ге) төмендеген болса, қаза болғандар саны 15 пайызға (20-дан 23-ке) өскен, – дейді Бауыржан Үдергенов. Жалпы мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының орын алуы бірқатар факторға байланысты. Көбіне автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігі, жол инфрақұрылымы мен автокөліктердің ескіруі, еңбек және демалыс режимін сақтамауы салдарынан өкінішті жағдайлар орын алып жатады екен. Мәселен жүргізілген талдауға сәйкес орын алған жол-көлік оқиғаларының 70 пайызы 20 жылдан асқан ескі автокөліктердің қатысуымен орын алған. – Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыстық полиция департаменті бастығының бастамасымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолымен жүретін көлік құралдарының ағынын ілеспе алып жүру (сопровождение) бойынша жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Аталған іс-шараға тәулігіне арнайы 4 автопатруль экипажы бөлінген. Іс-шара жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтауға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпалын тигізуде. Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен облыс аумағы арқылы өтетін транзиттік автокөліктер мен жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын (автобус) жүргізушілермен жылдамдықты асырмау туралы түсіндірме жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар қауіпті учаскелерде еңбек және демалыс режимін сақтау жөнінде, жолдың бойында орналасқан кафелер мен кемпингтерде автокөлік жүргізушілерімен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, буклеттер таратылуда. Облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының орын алуының тағы да бір себебі – жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын «Toyota Alphard» сынды көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы. Жоғарыда аталған түсіндіру іс-шаралары жолаушылармен де жүргі-зілуде. Яғни жолаушы жүргізушіге жылдамдықты асырған жағдайда немесе жол ережесін бұзса, тиісті талабын қоя алады. Егер де жүргізуші жолаушылардың талаптарын елемеген жағдайда 102-ге хабарласып, шағымын айтса болады, – дейді Бауыржан Үдергенов. Бұдан басқа, республикалық маңызы бар автожолдарда жылдамдықты сақтауды қадағалайтын 20 жылжымалы аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс атқарады. Аппараттық-бағдарламалық кешенмен биыл 9 айда 1 миллиард 247 миллион теңгеге айыппұл салынып, 1 миллиард 162 миллион теңгесі өндірілген. Сондай-ақ облыс бойынша орын алған жол-көлік оқиғаларының тең жартысы Тараз қаласының аумағында тіркелген екен. Тараз қаласында соңғы 9 айда жол-көлік оқиғаларының саны 44,3 пайызға (562-ден 313-ге), дене жарақатын алғандар 44,8 пайызға (788-ден 435-ке) төмендегенімен, қаза болғандар саны 45,5 пайызға (11-ден 16-ға) өскен. Шаһарда орын алған жол-көлік оқиғаларының көбі жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алған. Есепті кезеңде 313 жол-көлік оқиғасының 122 дерегі жаяу жүргіншілерді қағумен байланысты. Салдарынан 10 адам қайтыс болып, 123 адам дене жарақатын алған. – Жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігінен, жолдың белгіленген жерінен емес, кез келген тұстан кесіп өтуінен түрлі оқыс оқиғалар тіркеліп жатады. Осыған орай, аталған құқықбұзушылықтар бойынша жыл басынан жаяу жүргіншілерге қатысты 17 мың 793 (2022 жылы – 9 525) әкімшілік хаттама толтырылды, – деген Бауыржан Үдергенов жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша полиция қызметкерлері бірқатар жұмыс атқарып жатқанын мәлімдеді. Жыл басынан барлығы 495 113 жол ережесін бұзу дерегі анықталса, оның ішінде 14 637 әкімшілік құқықбұзушылық полиция қызметкерлерімен, ал 349 мың әкімшілік құқықбұзушылық автоматтандырылған стационарлық-аппараттық бағдарламалық кешенмен анықталған. Әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша 4 миллиард 493 миллион теңге айыппұл салынып, оның 4 миллиард 111 миллион теңгесі өндірілген. Айжан ӨЗБЕКОВА aizhan-uzbekova@mail.ru