Заң

ЗЕРДЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ КӨП БЫЛЫҚТЫҢ БЕТІН АШТЫ

ЗЕРДЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ КӨП БЫЛЫҚТЫҢ БЕТІН АШТЫ

Жуырда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті Тараз қаласын көгалдандыру бағыты бойынша «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне талдау жүргізген болатын. Талдау қорытындысы бойынша серіктестік қызметінде бизнес субъектілері үшін жер учаскелерін жалға беру бөлігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Жер учаскелерін жалға беру рәсімін зерделеу ба­ры­сында келісімшарттар бел­гілі бір жеке және заңды тұлғалар­дан алын­ған өтініштер негі­зін­де жасалатыны белгілі болды. Сәйкесінше, баға ұсы­ныс­тары жиналмайды, яғни әлеуетті жалға алушыларды бәсекелестік іріктеу мүмкіндігі қарастырылмаған. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың өтініш­тері комиссиялық түрде қарал­майды. Шешімдерді «Жасыл ел – Тараз» ЖШС басшысы жеке өзі қабыл­дайды. Сондай-ақ жалдау шартына өзі қол қояды. «Жасыл ел – Тараз» ЖШС кәсіпкерлерге Бауыржан Мо­мышұлы атындағы «Жеңіс» және Қ.Рысқұлбеков саябақ­тарында және «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде ойын-сауық аттракциондарын орна­лас­тыру үшін жер учас­ке­лерін жалға береді. Барлық шарттар формалды түрде жасалады. Яғни жер учаскелерінің нақты ауданы көрсетілмейді. Сондай-ақ жалдау құнын есептеу калькуляциясы жоқ. Сонымен қатар, тал­дау қорытындысы бойынша 2021-2022 жылдар кезеңінде пайдаланылатын жер учас­ке­­лерін жалдау шарты бойын­ша мекемеге түсуі тиіс қара­жаттың 6,4 миллион теңгесі түспегені анықталды. Осылайша, департа­менттің ұсынысы бойынша қазіргі уақытта жалдау құны­ның каль­­ку­ляциясы, сондай-ақ аттракциондарды орна­ластыру жоспары бекітілді. Мұнан бөлек «Жасыл ел – Тараз» ЖШС басшы­лығымен мемлекеттік са­тып алудың жылдық жос­пары әзірленбегені және бекітілмегені анықталды. Нәтижесінде, мекеме басшы­лығы 2020-2022 жылдар ара­лы­ғында тікелей (конкурссыз) кәсіпкерлік субъектілерімен тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізуге жалпы сомасы 2 миллиард теңгені құрайтын 1 500-ден астам шарт жасасқан. Жо­ғарыда көрсетілген шарт­тар басқа әлеуетті өнім берушілердің заңды құқықтарына нұқсан кел­тіре отырып, заңсыз, яғни «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Рес­публикасы Заңының та­лаптарын бұза отырып жасалған. Бүгінгі таңда де­партаменттің ұсыныста­рын орындау мақсатында бас­шы­лық сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жыл­дық жоспарын бекітті. Бұл әлеуетті жеткізушілер ара­сында бәсе­келестік ортаны қамтамасыз етеді. Жеке құрамды зерде­леу барысында да мекеме директоры мен оның орын­басарының сыбайлас жемқор­лыққа қарсы шектеулерді қа­былдамағаны анықталды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қа­зақстан Республикасы За­ңы­ның 12-бабына сәйкес өз өкілеттіктерін жеке, топ­тық және өзге де қыз­меттік емес мүдделерде пайда­лануға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттер жасауға жол бер­меу мақсатында мем­лекеттік функциялар, оларға теңес­тірілген тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар шектеулерді қабылдауға тиіс. Заңның 6-бабында сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бірқатар шаралар көзделген. Оларды өз қызметінде сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық субъектілері қолда­нуға тиіс. Алайда, бұл ба­ғыттар бойынша жұмыстар жүргізілмеген. Сонымен қатар бюджетке 58 миллион теңге шығын келтірілгені «Жасыл ел – Тараз» ЖШС қызметін­дегі сыбайлас жемқорлық тәуекел­деріне жүргізілген талдау барысында белгілі болды. 2020-2022 жылдар аралығында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-ком­муналдық шаруашылық, жо­лаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Жасыл ел – Тараз» ЖШС арасында қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгеге келісімшарт жасал­ған. Дегенмен зерделеу ба­ры­сында жоғарыда көрсе­тілген шарт­тар бойынша жұмыстарды орын­дамау фактілері және «ойдан шы­ғарылған» кәсіп­кер­лер­мен өзара жалған есеп айырысулар, сондай-ақ жалпы сомасы 58 миллион теңгеден астам бұзу­шы­лықтар анықталды. Залалды об­лыс­тық ішкі мемлекеттік аудит департа­ментінің мемлекеттік аудиторлары растады. Сондай-ақ талдау ба­ры­сында қаланың дендро­ло­гиялық жоспары және жа­сыл желектерді есепке алу жүргізілмейтіні, яғни уәкілетті органдардың жасыл желектерді отырғызу, кесу және түгендеу жұмыстарын бақылауда ұстамайтыны, соның салдарынан көптеген жасыл желектердің өспей қалғаны анықталды. «Жамбыл облысының қа­ла­лары мен елді мекен­деріндегі жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау қағи­да­ларына» сәйкес жасыл же­лектерді есепке алу жөнін­дегі құ­жаттаманы жүргізу тәртібі есепке алу объектісінің ше­­­ка­расында орналасқан жасыл желектерді зерттеп-қарауды түгендеу, жасыл желектер тізілімін жүргізу, дендрологиялық жоспарды әзірлеу жолымен жүргізіледі. Сонымен қатар, жа­сыл желектерді суару нор­ма­ларының болмауы отырғы­зылған ағаштар мен жа­сыл же­лектердің қурауына әке­ліп соққан. Талдау бары­сында 2021-2022 жылдары отырғызылған 13 257 көшет­тің 3 299-ы қурап қалғаны және қалпына келтіру бойын­ша көктемдік отырғызу жұ­мыстары жүргізілмегені анық­талды. Осылайша, қазіргі уақыт­та департаменттің ұсынысы бойынша әкімдік тарапынан жауапты мекемелерден тиісті кепілдік хаты алынды. Сондай-ақ, бюджеттік ко­мис­сияның келесі отыры­сында Тараз қаласының дендро­логиялық жоспарын әзірлеуге бюджет қаража­тын бөлу мәселелері қара­латынын айта кеткен жөн. Айбек ӘЖІБАЕВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті превенция басқармасының бас маманы