Қамкөңіл аналар қамқорлыққа зәру
Қамкөңіл аналар қамқорлыққа зәру
Қоғамда адамдар арасында бір-біріне жасалатын зорлық-зомбылықтың түрлері көп. Бұлардың қатарына біреудің-біреуге күш көрсетуі, түртпектеуі, күн бермеуі, әлімжеттік жасауы, үстемдік құруы сынды жағымсыз жайттарды қосуға болады. Мәселен бір мекеменің басшысы қол астындағы бағыныштысын адам құрлы көрмеуі, оны құлақкесті құлы секілді өзінің жеке шаруасына дейін итше жұмсауы, арын таптап қорлауы, балағаттауы, сес көрсетуі, қорқытып-үркітуі психологиялық зорлық-зомбылық сипаты болса, қол жұмсау, ұрып-соғу физикалық зорлық-зомбылыққа жатады. Зорлық-зомбылықтың түрі көп Бастығынан жәбір көрген адам жұмысынан ажырап қалмауы үшін дөкейдің дегеніне көнуі, іштен тынуы ғажап емес. Сол секілді әскерде де сарбаздар бір-бірінен немесе офицерден қысым көруі мүмкін. Өзін бай-бағлан санаған, бірақ отбасылы малшыға ақшасын қимай, үйсіз-күйсіз, ішкілікке салынған не жалғызілікті адамдарды фазендасына апарып, мал бақтырып, «қара жұмыстан қашады, арам тамақ» деп ұрып-соғатындар да бұл өмірде кездеседі. Балабақшада да тәрбиешілер бүлдіршіндерді, қарттар үйінде қызмет ұсынушылар қарияны ұрып-соққан жағдайлар кезінде түрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәлім болған. Әсіресе қауқарсыз қарияны, қорғансыз баланы, әлсіз әйелді ұрып-соғу отбасылық жағдайда жиі орын алады. Сондықтан да қазіргі қоғамда түрлі сипаттағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуге барынша назар аударылып, заң да мейлінше қатайтылған. Одан бөлек, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қорқытудың құрбаны болған балалар мен ересектер үшін жақында ғана бірыңғай сенім телефоны іске қосылған еді. «111» бірыңғай сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл қызмет Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйғарымымен іске асып отыр. Бірақ қанша жерден заң қатайғанымен қоғамда зорлық-зомбылық фактілерінің орын алуы бәсеңдемей тұр. Отбасында нендей жағдай орын алып жатқанын көбіне «Ел-жұрттан ұят» деген желеумен жәбір көрушілердің өздері жасырып-жабады екен. Мұндайды ара-тұра түрлі әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалардан да байқаймыз. Шу ауданының тұрғыны, қоғам белсендісі Ғалия Әбітаева өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Құрметті оқырмандарым! Мен және менің қыздарым бірігіп кең ауқымды іс-шара өткізген едік. Зорлық- зомбылық, қорлық, қатігездік, жауыздық ол адам баласының ең жаман індеті. «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз оның қоғамдағы алар орнына қарай айтылса керек. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына өзіндік ықпал ететіндігін көрсетеді. Өкінішке қарай, түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күнде айқай-шу болатын үйде зорлық-зомбылықтың болатыны белгілі. «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бейжай қалдырған емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентайларға зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Дөрекілік, балаға күш көрсету, олардың бағдарын өзгерту, зорлық-зомбылықты, сайып келгенде қылмысты тудырады. Ол өз-өзіне қол жұмсауға алып келуі мүмкін», деген жазба қалдырыпты. Әйелдердің құқығын қорғаумен айналысатын, елімізге белгілі заңгер Айгүл Орынбек те аталған әлеуметтік желідегі жеке парақшасында біз сөз етіп отырған тақырыпқа қатысты жиі жазба жариялап отырады. Соның бірі – әйел адамның қоғамдағы рөліне қатысты пікір. – Заңгер ретінде айтар болсам, өз басым әйел құқығын қорғап жүрмін. Әйел адамның қоғамдағы рөлі, жатыр ережелерінен емес, әйелді саналы түрде қорғау ережелерінен тұру керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, көбінесе әлеуметтік жағдайдан туындап жатады. Қандай әйел зорлық-зомбылық көреді? Өз отбасында әке мейірімін, аға қамқорлығын көрмеген қыздар көбінесе зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады. Қыз баланың рөлін қазақ халқы ежелден төрде ұстаған. Қазіргі таңда қыз баланың төрдегі орнын өз отбасындағы әкесі, ағасы төмен түсіріп тастаған. Өз қызын зорлаған әкелерді, өз туған қарындасын қорлаған ағаларды көріп те, естіп те жүрміз. Бұл жабық есікте талқыланатын дүние емес! «Ұят болады», «Үндеме» деген сөздерді қою керек. Сондықтан болар соңғы кезде қазақ әйелдері құқықтарының қатты тапталып жатқандығы. Оған қоса теріс діни ағымдағылардың «әйелдер білім алмауы керек, үйде отыруы қажет» деген шектеулері де қазақ әйелдеріне деген қысымды үдетуде. Иә, қыз баланың ары бүкіл бір ұлттың айнасы! Ол үшін отбасыдағы қыз баланың рөлін жақсылап насихаттау керек. Қыз балаға ұрпақ жалғастырушы ретінде ғана емес, текті ұрпақты дүниеге әкелетін білімді ана ретінде қарау керек. Болашақ ұрпақ «өз ережелерім» деп жүретін болса, оның соңы неге апарып соғатыны белгілі. Сол себепті қоғамдағы әйел адамның құқығын төмендете бермей, өз деңгейінде құрметтей білу керек! – дейді ол. Негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушімен қатар, отбасының басқа да мүшелеріне психологиялық тұрғыда әсер ететіні белгілі. Мәселен, отбасындағы ата-ана арасындағы жанжал баланың жүйкесін жұқартпай қоймайды. Сондықтан да психологтар зорлық-зомбылықты физикалық, психологиялық, жыныстық, экономикалық, гендерлік деген секілді бірнеше түрге бөліп қарастырады. Соның ішінде әйелдерге күш көрсету, әйел теңсіздігі отбасында жиі орын алып жатады және ол жасырылады. Мұны біз сөз еткендей әлеуметтік желіде және түрлі БАҚ беттерінде көтерілген мәселелерден оңай аңғаруға болады. Отбасында күйеуінен жиі таяқ жейтін әйел-аналардың дені «пәленшенің қызы қайтып келіпті» дейтін сөзден қашып, бәріне төзіп жүре беретіні рас. Олардың біреуінің күйеуі ішіп келіп қоқан-лоқы көрсеткенде қашып барып паналайтын жері, туған-туысы болмағандықтан немесе туған-туысын паналаудан ұялғаннан не кінә өзінен болғандықтан қорлыққа көнеді. Дегенмен осындай жағдайға ұшыраған аналар мен оның балаларына бірнеше бағыт бойынша қызмет ұсынатын, заңдық және басқа да мәселелер бойынша кеңес, көмек беретін орталықтар облыста баршылық. Тіпті мұндай орталықтар кейбір ауданда да бар. Ол орталықта пана іздеп келген әйелмен әңгімелесіп, жанжалдың неден туындағанын анықтап, күйеуінің кінәсі жоқ болса отбасын татуластыруға, ал қол жұмсайтын болса заңмен қорғауға күш салады. Соның бірі – облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Қордай ауданындағы «Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл орталық осыдан үш жыл бұрын 15 төсек-орындық мекеме ретінде ашылған. Оның директоры Шынаркүл Бейсенбаева келушілер санының артуына байланысты осы жылдың 20 қаңтарынан бастап 15 төсекке тағы да 6 төсек қосылып, қазіргі таңда орталық барлығы 21 төсек-орын арқылы жұмыс істеп тұрғанын сөз етті. – Біздің мекеме Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің осы жылғы 29 маусымдағы № 263 бұйрығын басшылыққа ала отырып жұмыс істейді. Мекемеде халықты әлеуметтік қорғау саласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына уақытша тәулік бойы, яғни 6 ай мерзімге дейін немесе күніне екі сағаттан алты сағатқа дейін арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жоғарыда аталған құжат мемлекеттік мекеменің әлеуметтік қызметтер ұсыну сапасына, көлеміне және шарттарына қойылатын талаптарды белгілейді және әлеуметтік тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып танылған қызмет алушыға бірнеше бағыт бойынша қызмет ұсынады. Атап айтқанда, мұнда әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі. Аталған бағыттар бойынша ұсынылатын қызмет осындағы өз ісіне жетік, білімді мамандар тарапынан жүзеге асады. Жыл басынан бері орталыққа қабылданған қызмет алушылар саны 107 адамды құрады. Оның ішінде 34-і әйел, 73-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Бүгінде қызмет алушылар саны 21-ді құрап отырса, оның ішінде алтауы әйел-ана, 15-і кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер. Орталыққа тек Қордай ауданынан ғана емес, облысымыздың кейбір өңірі мен шекаралас жатқан Қырғыз Ресбуликасынан да қызмет алушылар қабылданады. Жалпы орталықтың қызметін алып, отбасымен татуласу арқылы қалыпты өмірге оралған немесе отбасымен айырылысып, жеке күнелтуге шешім қабылдағандарды қосқанда біздің көмегімізді алып шыққандар саны – 100. Өз еркімен шыққандар саны – 88. Оның ішінде 31-і әйел, 69-ы бала. Отбасына қосылған 12 әйел, 27 бала бар, – дейді Шынаркүл Саурбайқызы. Орталық директорының айтуынша, отбасылық жанжал, дау-дамай көбіне қаржының жетіспеушілігінен туындайды екен. Сонымен қатар өзге ауданнан келген әйел-аналардың ішінде Қордай ауданында біржола қалып қоятындар да бар екен. – Орталықтан шыққан әрбір әйел екі жылға дейін мүмкіндігінше біздің бақылауымызда болады. Олар еліміздің қай өңірінде жүрсе де хабарласып, жағдайын біліп отырамыз. Өзге өңірден келіп, біздің ауданда қалып қоятындардың өздерін жұмысқа, балаларын мектепке, балабақшаға орналастырамыз. Мысалы биылдыққа 7 әйелді жұмысқа орналастырдық. Одан бөлек жұмысқа тұруға жағдайы келмейтін, яғни орталыққа жүкті болып келіп, аудандық перзентханада босанғандар, жүктілер немесе балалары жас әйел-аналар да бар. Жұмыс істеуге қабілетті әйелдерді өз өтініші бойынша көбіне асхана, мейрамхана, монша секілді жеке секторлар ұсынған жұмыстарға тұрғызамыз. 2022-2023 оқу жылында аудандағы №47 мектепке жұмысқа тұрған әйелдердің 11 баласын орналастырғанбыз. Сол секілді 2023-2024 оқу жылында А.Құнанбаев атындағы орта мектеп 8 жасөспірімді оқуға қабылдады. «Қуаныш Қордай» балабақшасы да 4 баланы тегін, бесеуін жартылай тегін қабылдады. «Нұр академия» балабақшасына да 6 бала тегін, 5 бүлдіршін жартылай тегін орналасса, екеуі осы балабақшадағы мектепке дейінгі даярлық тобына қабылданды. Жұмысқа тұрып, осында біржола қалған аналардың мектеп жасындағы балалары аудандағы түрлі спорттық кешендердегі және әдеби, мәдени саладағы үйірмелерге барып жүр. Отбасылық жанжалдың туындау себебіне келсек, күйеуі ішіп келіп немесе есірткі қолданып, отбасына қоқан-лоқы көрсетуі салдарынан бізді паналайтындар жоқтың қасы деуге болады. Көбіне мұнда тұрмыс жағдайы ортадан төмен немесе орташа жағдайдағы отбасының әйелдері көмек сұрап келеді. Оның ішінде мәселенің дені отбасылық қаржының жетіспеушілігімен байланысты. Мысалы, орталық көмегіне жүгінгендердің ішінде төрт әйел күйеуіне айтпай қаржы ұйымдарынан несие алып, оны төлей алмай, ақыр соңында отағасы бұл тірлікті біліп қойған. Бір әйел алаяқтықпен айналысатын қаржы пирамидаларына отағасының жинап жүрген қыруар қаржысын салып жіберген. Мұндай жағдайда «қайтсем отбасымды жеткіземін» деген уайыммен күн кешіп жүрген отағасы ашуланбағанда қайтеді? Бізді келіп паналағаннан кейін мамандарымыз олардың отбасымен байланыс орнатып, қателігін түсіндіріп, алтын көпір ретінде олардың жақсы қарым-қатынаста болуына күш салады. Ашуы басылып, ақылға келген отағасы әйелінің қателігін кешіріп, татуласып, қайтадан қалыпты өмір сүріп кетеді, – деді Ш.Бейсенбаева. Балаға да психологиялық көмек қажет Орталыққа қабылданған әйелдер және олардың балаларымен бірінші кезекте психолог маманның жұмыс жүргізетіні белгілі. Мұнда психологиялық диагностикалау және тексеру, әлеуметтік-психологиялық патронаж, психологиялық-профилактикалық, психологиялық консультация беру, оның ішінде әңгімелесу, тыңдау, сергіту, белсенділікке ынталандыру, психологиялық тренингтер, психологиялық түзету жұмыстары жүргізіледі. Орталық психологы, Ақілгек Бердалыева қызмет алушы үшін психологиялық көмектің өте маңызды екенін айтады. – Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелге психологиялық көмек оның жаңа өмірге қадам басуы, бойындағы қорқыныштан, мазасыздықтан арылуы және отбасын сақтап қалуы үшін керек. Зорлық-зомбылық көрсетушімен тікелей жұмыс жүргізіп, екеуінің қарым-қатынасын жақсарту үшін де осы көмек түрі ауадай қажет. Біздің орталыққа қабылданған көптеген әйелдер көбіне торығу, күйзелу, эмоционалды шок алу кезінде түседі. Ол бір күнде орын алған оқиғадан емес, айлап, тіпті жылдар бойы қорлық көруден орын алудың салдары болуы мүмкін. Әйелдер жаңа өмір бастауы үшін қолдауды, күйзелістен арылуды, психологиялық тұрғыда түзетуді қажет етеді. Психолог маманмен күнделікті әңгімелесудің арқасында олар ішіндегі құсаны, бойындағы күйзелісті шығарып, жаны жай табады. Сонымен қатар мұндай жағдайда психологиялық көмекке балалар да зәру болады. Себебі олар екі есе эмоционалды шок алады. Зорлық-зомбылықты ол да көргендіктен психикасы тұрақсыздыққа ұшырайды. Олармен де арт терапия, тренинг жүргізіледі, – дейді Ақілгек Сайрамбекқызы. Орталық тарапынан «Суицид тығырықтан шығар жол емес» тақырыбында А.Байтұрсынұлы атындағы №51, М.Х.Дулати атындағы №47, Ш. Мұртаза атындағы және Алға ауылының М.Смағұлов атындағы №34 орта мектебінде кездесулер ұйымдастырылып, мекеме туралы толық ақпарат беріліп, брошюралар таратылыпты. Облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығыны аудан бойынша арнайы бөлімінің теолог мамандары және жастар ресурстық орталығының психолог маманының қатысуымен «Ислам дінінің отбасындағы құндылықтары», «Мен неге құқылымын?», «Экстремизмнің алдын алу және дұрыс Ислам түсініктері», «Зорлық-зомбылықсыз өмір» тақырыбында әйелдер арасында «дөңгелек үстел» отырысы өткізіліп, жеке сұхбаттар жүргізіліпті. «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» республикалық акциясы аясында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыстық департаменті Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының Бетқайнар және Қордай ауданы шекара бөлімшесінің қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен де «дөңгелек үстел» отырысы өткізілген екен. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары туралы әңгіме жүргізіліп, жасөспірімдер гаджет, ұялы телефон, планшетті үздіксіз қараудың салдары цифрлық аутизмге алып келіп соғатыны, самокат мінгенде абай болу керектігі, жол апатына ұшырағандар жайлы бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттар беріліпті. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық керуені» аясында Масаншы ауылында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің көшпелі отырысына орталық қызметкерлері қатысып, атқарылып жатқан қызмет туралы ақпараттар берілген. Алты қызмет алушы әйел жолдастарынан және бір қызмет алушы қыз әкесінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне байланысты «Қорғау нұсқамасы» қойылған. Төрт қызмет алушы Қордай аудандық сотына некесін бұзуға, екі қызмет алушы жолдасынан алимент өндіруге арыз жазған. Үш қызмет алушы күйеуінен зорлық-зомбылық көріп, Қордай аудандық полиция бөліміне арыз жазып, дене жарақаттарының болуына байланысты орталық аудандық ауруханасынан дене жарақатына сараптама жасалынып, екі қызмет алушының жолдастары қамауға алынған. Екі қызмет алушының несиелері төленбей қалғандықтан, ХҚКО-на мемлекет тарапынан несиесін жабуға өтінім берілген. Он жеті қызмет алушыға ЭЦК алынып, «Е-gov» порталын пайдалануына мүмкіндік жасалған. – Аудандық «Қордай шамшырағы» газетіне «Нәзік жандыларды аялайық» және «Цифрлық аутизмнің алғашқы белгілері», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Балаларға күш көрсету мен қатігездікке жол жоқ», «Зорлық-зомбылыққа қарсы адами көзқарас», «Әйелдің бақыты-отбасы» атты тақырыптарда мақалалар жарияланды. Сонымен қатар «Іnstagram» және «Facebook» әлеуметтік желісінде орталық жайлы және өткізілген іс-шаралар туралы хабарламалар беріліп тұрады. Орталықтың мейірбикесі алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, педиатр, терапевт, тіс дәрігері, гинеколог, хирург, УЗИ, невропотолог, массаж, көз дәрігері, кардиолог, лор, травматолог, психиатр секілді бейінді мамандардың қабылдауында болуға ықпал жасалады. Орталыққа түскен 1 қызмет алушының жүктілігіне байланысты аудандық ауруханаға есепке тіркелді. Ол аман-есен босанып, туу туралы куәлігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алуға есепшот ашылды. Бір қызмет алушының төлқұжатының жоғалуына байланысты Алматы қаласындағы Өзбекстан Республикасының Бас консульдығына төлқұжатын алуға сұраныс беріліп, тізімдемесі алынды. Тағы бір қызмет алушы Қазақстан Республикасының басқа өңірінен келуіне байланысты Талдықорған қаласындағы полиция басқармасына қайырылып, қызмет алушының жолдасына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тағы бір әйелдің азаматтығы болмауына байланысты «Көші-қон полициясына» уақытша тұрғылықты тіркеуге тұру жолдары анықталды. Бір әйелге медициналық-әлеуметтік, наркологиялық және психиатрлық анықтама құжаттары даярланды. Сонымен қатар орталықта әлеуметтік-мәдени, рухани тұрғыда әртүрлі іс-шаралар көрініс тауып тұрады. Мысалы 1 наурызда «Алғысымыз шексіз» атты челлендж ұйымдастырылып, тәрбие сағаты өткізілді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Ана – өмірдің шуағы» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті. 14 наурызда Амал мерекесіне арналып тәрбие сағаты және 22 наурызда орталықта ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Осы іспетті пайдалы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады, – дейді әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант Бекзат Сейтова. Қызмет алушыға жағдай жасалуда Орталық әртүрлі даталық мерекеге орай «Бірлігі жарасқан қазақ елі!», «Отан – отбасынан басталады», «Жаса, жайна ару қала Астанам!», «Айбарлы асқар елді асқақтатар Ата Заң!» деген секілді сан түрлі тақырыпта спорттық және мәдени іс-шара өткізуде. Отбасы күніне орай орталық қызметкерлері мен қызмет алушылар және «Береке» колледжі студенттерінің қатысуымен тренингтер және тәрбие сағаттары сайыс түрінде өткізіліпті. Сонымен қатар Аналар күніне арналған құттықтаулар ұйымдастырылып, бейнеролик түсірілген. Орталықтың көмегіне жүгінген бір әйел мен оның 2 баласына аудандық «Алисан+» медицина орталығының директоры А.Асқарқызының демеушілік танытуымен 50 000 теңгеге барлық ем-шараларын тегін алу көмегі жүргізілген. Сонымен қатар «Ислам Нұр Қордай» қайырымдылық қорының жетекшісі Б.Мухамбетов балаларға дәмді тәттілер және жаңа туған нәрестеге сыйлықтар тарту еткен. Аталған демеушілерді орталық директоры Ш.Бейсенбаева алғыс хатпен марапаттапты. «Мектепке жол» акциясы шеңберінде аудандық жеке кәсіпкерлер және қайырымды жандар демеушілік танытып, балаларға мектепке қажетті киім-кешектер мен оқу құралдарын алуға көмек берген. Одан бөлек орталықтың сенім телефоны арқылы 207 азаматшаға кеңес беріліпті. Орталықтың көмегіне жүгінген жандардың бірі – Шырын Сәтенова (аты-жөні өзгертілді). Ол Қырғыз Республикасының азаматшасы. 2003 жылы Қордай ауданының Өтеміс батыр ауылына тұрмысқа шығыпты. Бес баланың анасы ана бақытын сезініп, жаймашуақ күн кешкісі келетінін айтады. – Отбасын құрғаннан кейін тәп-тәуір тұрмыс кешіп жаттық. Күйеуім өзімнен он жас үлкен болғаннан кейін бе, уақыт өте келе жоқ жерден қызғанатынды шығарды. Анығын айтқанда үш жылдан кейін ұрып-соға бастады. Жылдан-жылға зәбір көрсету әрекеті көбейе түсті. Басымды да жарып, қабырғамды да, аяғымды да сындырды. Бала-шаға өссе, ұрып-соққанын қояр деген үмітпен осындай қорлыққа төзіп, 17 жыл шыдадым. Ақыр аяғында тепкіге төзе алмай, үлкен қызым 8-сыныпқа көшкенде, кенжем екі жарым жасқа толғанда үйден кетуге мәжбүр болдым. «Осы үйден сүйегім шығады» деген ұстаныммен соңына дейін шыдадым, бірақ ол мені үйден кететіндей жағдайға жеткізді. Осының алдында қатты ұрып-соққаннан кейін басым жарылып, қабырғам сынды да, мен өз еліме барып емделдім. Қайта барып қосылуға қорқып жүргенде ол мені «үйден бала-шағаны тастап қашып кетті» деп құзырлы органдарға арыздану арқылы заңмен алимент төлеуге міндеттеп тастапты. Мұны Қырғыз елінен шекарадан өтерде білдім. Өйткені сол кезде қыздарым тұрмыс құратын жасқа келіп қалды деген оймен күйеуімнің ауылына қайта бардым. Бірақ қайтадан сол таяқтың астында жүрдім. Бір күні амал жоқ, біреулерден осы аудандық дағдарыс орталығының байланыс нөмірін алып хабарластым. Мені орталық қызметкерлері осында алып келіп, орналастырды. Мойнымдағы алименттің өсімі 5 миллион теңгеге жеткен екен. Қазір соны шетінен төлеп жатырмын. Өйткені қалай десек те бала-шағам күйеуімнің қолында ғой. Алиментті төлеуде жөн-жобасын көрсетіп, көмектескен осы орталық мамандары еді. Мұнда барлық жағдай жасалған, өмірдің мұнша мейірімді екенін орталыққа келіп сезіндім. Қазақстан Республикасының аналарды қорғау саясатына разымын, мұндағы әрбір маманның жанашырлығы, мейірімділігіне айтар алғысым шексіз! – деді Шынар Асанбекқызы. Бала болашағы баянды болуы үшін оған отбасында берілетін тәрбиеде кемшілік болмауы керек. Балаға дұрыс тәрбие берілуі үшін ата-ананың өзі тәрбиелі болуы қажет. Сондықтан баланың да, ата-анаың да отбасылық құндылыққа, ұлттық тәрбиеге мейірі қанбаса, бәрі де бекер. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com