Таразда толайым тірлік бар
Таразда толайым тірлік бар
Тараз – көне дәуірлердің естелігі, адамзат мәдениетінің биігінде айтарлықтай орны бар шаһар. Екі мың жылдан астам тарихы бар қаланың қасиеті мен өсиеті де қатар өрілген, домбыраның қос ішегіндей салтанаты бөлек дүние. Ұлы даланың ұлағатты мәдениеті мен өнерінің негізі де осы жерден бастау алады. «Тарихтың темірқазығына» баланған көне шаһар бүгінде күннен-күнге құлпырып, көркейіп келеді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан реформалардың, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың тигізіп жатқан шарапаты мол. Тұрғындардың тұрмысы түзелуде Бүгінде облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артуда. Атап айтқанда, 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуында оң өзгерістер қалыптасты. Мәселен, өнеркәсіп саласында 295,6 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, нақты индекс көлемі 107,3 пайызды, ауылшаруашылығында 2,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2 пайызды құрады. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 62,5 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 100,9 пайызға жетті. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 30,6 миллиард теңгеге, нақты көлем индексі 100,7 пайызға орындалды. Сондай-ақ пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 174,7 мың шаршы метрді құрап, мұндағы меже де 100,0 пайызға орындалды. Сонымен қатар инфляция деңгейі 13,7 пайызды құрап, азық-түлік тауарлары 14,0 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 15,3 пайызға, ақылы қызметтер тарифі 11,1 пайызға өсті. Ал жұмыссыздық деңгейі 5,7 пайызды құраса, ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 527 теңге, орташа номиналды айлық жалақы 285 131 теңгеге жетті. Қалада қылмыспен және құқықбұзушылықпен де күрес күшейіп келеді. Айталық, құқық қорғау саласында есепті мерзімде шаһар көлемінде жалпы әртүрлі 1 538 қылмыс тіркеліп, былтырмен салыстырғанда қылмыс саны 22,5 пайызға төмендесе, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі 25,4 пайызға азайған. Сондай-ақ, 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында қала бойынша жол-көлік оқиғалары 38 пайызға төмендеген. Кәсіпкерлікке – кең өріс Елімізде шағын және орта бизнестің дамуына барынша серпін берілуде. Бұған мемлекет тарапынан да кең қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет», деген еді. Әрине, бұған дейін де кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған баянды бағдарламар қабылданған болатын. Соның арқасында қаламызда да кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Айталық, биыл 2020-2025 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Дәмді себет» ЖШС-ның «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру» жобасы іске асырылды. Жоба құны – 700 миллион теңге. Жылдық қуаттылығы 2 160 тонна өнімді құрайды. Ашылған жаңа жұмыс орындары – 105. Аталған жобаның іске асырылуы бойынша «Ұлы дала» ықшамауданынан 0,5 гектар жер телімі берілді. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары жалпы құны 32,2 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Аталған жобалар жүзеге асырылғанда 884 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, қала аумағында «Тараз» ӘКК» акционерлік қоғамының 100 пайыз сенімгерлік басқаруымен «Тараз» индустриялық аймағы ЖШС жұмыс істеуде. Оның жалпы ауданы 184 гектарды құрайды. Шаһардың болашақта дамуын ескере отырып, бекітуге ұсынылған Тараз қаласының жаңа Бас жоспарында қаланың батыс бөлігінен «Шөлдала» алқабына баратын жолда 1 150 гектар жерді, Аса ауылына шығаберісте 500 гектар жерді химиялық индустриалдық аймаққа, Асқаров көшесі соңынан Элеватор маңынан 13 гектар жер агроөнеркәсіптік кешенге белгіленіп отыр. Сонымен, 1 847 гектар жер шаһардың өндірістік әлеуетін көтеру үшін индустриалдық аймаққа үлестірілмек. Осының нәтижесінде құны 74 миллиард теңгелік, жалпы көлемі 57,1 гектарды құрайтын 7 жобаны іске асыру көзделуде. Олардың ішінде биыл құны 822 миллион болатын 4 жоба іске қосылмақ. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің кіші индустриалды аймақтардың құрылысын қолдау бағдарламасымен «Кемел» тұрғын алқабы маңынан көлемі 28 гектар болатын «Кіші индустриалды аймақ» құру жоспарлануда. Сондай-ақ, Жамбыл ауданының Тараз қаласына қосылатын аумағынан аталған 28 гектар жермен жалғасып жатқан 32 гектар жер резервке белгіленді. Бүгінгі таңда 3,3 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба анықталған. Кәсіпкерлерді тарту жұмыстары әрі қарай да жалғасын таппақ. Бұған қоса ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы-2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 10,9 миллиард теңгеге 504 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде пайыздық ставкаларды субсидиялау тетігімен 8,5 миллиард теңгеге – 306, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы бойынша 2,4 миллиард теңгеге 198 жоба кепілдендірілді. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 1 жоба 700 миллион теңгеге қаржыландырылды. Қоғамдық көліктердің саны көбеюде Қалада қоғамдық көлік мәселесі қашанда зор сұранысқа ие. Тұрғындар тарапынан да жиі көтерілетін сауалдардың көпшілігі осыған байланысты. Осыған орай қала тұрғындарының сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында №19 маршрут бағыты «Шалғай Қарасу» алқабына, №55 және №28 бағыттары «Ұлы дала» (15) ықшамауданына, №12 және №34 бағыттар «Родничок», «Қайнар» алқаптарына дейін созылды. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан жиі наразылықтар туындаған «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарына қызмет көрсететін №54 бағыттың кесте саны 5-ке дейін көбейтіліп, жүру аралығы 20 минутқа қысқартылса, қосымша 3 кестемен «Құмшағал», «Көлтоған» алқаптары теміржол вокзалы бағытында қызмет көрсетуді бастады. Сондай-ақ «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес 1 наурыздан бастап «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға тегін жол жүруге, ал 15 жастан 18 жасқа дейінгі адамдардың жол жүру құжатының (билетінің) толық құнының елу пайызын төлей отырып, жол жүруге қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Бұдан бөлек биылғы 1 мамырдан бастап «Smart City Servise» ЖШС қызмет көрсетіп отырған №9 маршрут бағыты тұрғындар сұранысына байланысты «Арай», 1 маусымнан бастап «Шаңырақ» алқабына дейін созылды. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «RusStroy» ЖШС-мен 21 аялдама орнату жұмыстары үшін құны 32,5 миллион теңгеге шарт жасалды. Бүгінде аялдамалар толығымен орнатылды. Сонымен қатар «Строительная компания NSN» ЖШС-мен 15 аялдама орнату жұмыстары үшін құны 28,6 миллион теңгеге шарт жасалған. Бұған қоса 9 бірлік жарық диодты таблоларды орнату жұмыстарына бюджет есебінен 17 миллион теңге қаржы қаралып, жеңімпаз мердігер «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС тарапынан монтаждау жұмыстары тәмамдалды. Автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстарына келсек, бұл бойынша биыл 38 жаңа автобус жеткізілген. Атап айтқанда, «Автобус паркі-2020» ЖШС-мен «ZHONG TONG» маркалы – 20, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-мен «ZHONG TONG» маркалы – 3, «ПАЗ» маркалы – 5, «Smart City Servise» ЖШС-мен «Golden Dragon» маркалы 10 автобус әкелінді. Сонымен қатар, «СапарТранс-2012» ЖШС тарапынан кемінде 10 «Yutong» маркалы автобустарды қыркүйек айында жеткізу қолға алынса, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 15 автобус жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ «Smart City Servise» ЖШС-мен 60 автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалды. Ирригация игілігі Облыс орталығын сумен жабдықтау бойынша да ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Тараз қаласының жеке және заңды тұлғаларын ауызсумен және кәріз қызметтерімен қамтамасыз етеді. Бүгінде қаланың 92,4 пайызы сумен қамтылған. Жер астынан су көтеру үшін 90 дана жерасты су ұңғымалары жұмыс істеуде. «Жамбыл су» МКК тарапынан инвестициялық бағдарлама аясында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Кеңінен тоқталар болсақ, 17 нысан бойынша 4 183 метрді құрайтын су желілері ауыстырылады. Құны – 225,9 миллион теңге. Қазіргі уақытта ұзындығы 2 476 метр болатын 11 нысандағы жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ 8 нысан бойынша ұзындығы 2 497 метрді құрайтын кәріз желілері жаңартылады. Бүгінде Жауғаш батыр, Тәуке хан көшелеріне жұмыстар жоспарлануда. Инвестициялық бағдарламаға сәйкес 240,1 миллион теңгеге техникалар мен қондырғылар сатып алу көзделіп отыр. Тараз қаласын сумен қамту мәселесі бюджет қаражаты есебінен де іске асырылуда. Осы бағытта биыл атқарылып жатқан жұмыстардың да ауқымы кең. Мәселен, «Казарма» және «Шөлдала», «Құмшағал», «28 саяжай», «Қызыл-Абад», «Көлтоған», «Жиделі» алқаптарындағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету» нысаны іске асырылуда. Қазіргі таңда барлық жұмыстар 70-90 пайызға орындалған. Сондай-ақ, Тараз қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 4 қазандағы №5113 қаулысымен 145,5 шақырымды құрайтын 365 көшенің иесіз су құбырларын коммуналдық меншікке алу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, 178,6 миллион теңгеге 8 көшедегі су құбырларын жөндеу үшін сметалық құжаттамалар жасалынып, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Құмшағал» шағын ауданындағы су құбыры желілері мен сорғы стансасын қайта жаңарту және Тараз қаласында жаңа 35 су ұңғымасының құрылысына, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жариялау жұмыстары жүргізілуде. Шаһарды абаттандыру да айрықша назарымызда. Айталық, Тараз қаласының әкімдігі мамандарымен зерделеу жүргізу барысында қала аумағында абаттандыруды және балалар ойын алаңын салуды қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің аулалары мен жеке тұрғын үй секторларының тізімі жасалды. Жасалған тізімге қала тұрғындарының өтініш-тілектері сырт қалмай, қосылып отырды. Мәселен, осы жылы Тараз қаласы аумағында 26 ауланы абаттандыру жоспарланған. Ол үшін бюджеттен 675 миллион теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 26 аула бойынша «Проект и К» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. Бүгінгі таңда мердігер серіктестікпен келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізіліп, 23 аула бойынша абаттандыру жұмыстары басталған. Ауланы абаттандыру жұмыстарына балалар ойын алаңын салу, аула жарығын орнату, жол жабындысын төсеу және бордюрлер орнату кіреді. Жалпы абаттандыру жұмыстарын аяқтау қазан айының соңына жоспарланған. Биыл 44 көше жөнделуде Жол – экономиканың күретамыры. Сондықтан да жол жөндеу жұмыстары әрдайым басты орында. Тақтайдай тегіс жол жанға жайлылық сыйлап қана қоймай, тұрғындар қауіпсіздігінің де кепілі. Әсіресе, шаһарда жол жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Биыл ұзындығы 86,8 шақырымды құрайтын 44 көшені орташа жөндеуге қалалық бюджеттен 3 361 748,9 мың теңге бөлінген. Бүгінде конкурс нәтижесі бойынша 44 нысанда мердігер анықталды. Сондай-ақ, 14 нысанда асфальт жабындысы төселді. Бұдан бөлек, қайта жаңғырту бойынша 2 нысанда тиісті жұмыстар жүзеге асуда. Жобалардың жалпы құны – 1 140 278,828 мың теңге. Ұзындығы 5,6 шақырымды құрайды. Осы орайда көптен бері мәселесі шешілмей келе жатқан «Бурыл» алқабын орташа жол жөндеу жұмыстары да басталды. Бүгінгі таңда жергілікті бюджет есебінен 330 миллион теңге және республикалық бюджет есебінен 100 миллион теңге қаражат қарастырылып, негізгі қоғамдық көлік қатынайтын жолдар асфальтталатын болады. Қалған жұмыстар 2024 жылға қарастырылған. Сондай-ақ, «Барысхан» тұрғын алқабын асфальттау бойынша жобалық- сметалық құжаттамалар әзірленіп, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз анықталуда. Шаһардағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ерекше екпін түсірілуде. Соның нәтижесінде биыл жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жалпы 320 000,0 мың теңге қаралған. Оның ішінде, 53 300,0 мың теңгеге «СтройМонтажGroup» ЖШС-мен қаңтар-ақпан айларында 280 жол белгісі, 3 жаңа бағдаршам нысаны орнатылды. Ал 266 700,0 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Бұған 1 500 жол белгісін, 1 000 метр жасанды кедергі орнату, жаяу жүргінші өтпесін абаттандыру, бағдаршам нысандарын күтіп-ұстау, жол бөлігін бояумен және пластикпен таңбалау жұмыстары кіреді. Сонымен қатар биыл Абай даңғылындағы 2 көпірге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге «ДӘН-Қо» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, Тараз қаласының жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша атқарылатын жұмыстардың 2023-2025 жылдарға арналған үшжылдық жол картасы әзірленген. Соған сәйкес, 2 магистральдық және 9 ішкікварталдық жылу желілеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жалпы ұзындығы 6138,66 метр болатын М-1 магистральдық жылу желісін қайта жаңғыртудан өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп, кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 10 756 миллион теңгені құрады. Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен 9 608 миллион теңге және облыстық бюджеттен 1 067 миллион теңге қаржы сұралып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер анықталуда. Ал жалпы ұзындығы 1 360 метр болатын М-3 магистральдық жылу желісін қайта жаңғыртудан өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп, қазіргі таңда жоба сараптамадан өтуде. Сонымен қатар, тозығы жеткен ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге және одан әрі ведомстводан тыс сараптамадан өткізуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша жалпы 1 445 көше мен бұрылыс бар. Оның 852-і негізгі көшелер мен әлеуметтік нысандар орналасқан бұрылыстар. Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша 493 көше мен бұрылыстар түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Нақты айтсақ, бұл жұмыстарға 2021 жылы қалалық бюджеттен 180 миллион, 2022 жылы 180 миллион, биыл 500 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі уақытта 68 көшеде құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттар электр тасымалдайтын мекемеге өткізілуде. Құрылыс жұмыстары қарқынды Таразда тұрғын үй құрылысы да қарқын алуда. Жалпы Тараз қаласы бойынша мемлекеттік қордан пәтер алу кезегінде 22 088 адам тіркелген. Сондай-ақ, Тараз қаласы «Отбасы банк» АҚ-да «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жалпы республика бойынша 51 миллиард теңге қаражат бөлінген. Облыс бойынша 1679 отбасы қатысуға өтініш білдірсе, олардың ішінен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті шешіміне сәйкес, 342 отбасы негізгі тізімге енген. Сонымен қатар, депозитінде 20 пайыз жарна жинақтаған 4 734 салымшы бар. Айталық, 2023 жылы облыста «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2 653 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 2 353 пәтерлі 41 кредиттік тұрғын үй, 300 пәтерлі арендалық тұрғын үй бар. Жыл соңына дейін тағы 2 248 пәтерлі 33 үйдің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Тараз қаласының Бас жоспары жобасына 2007 жылы жобалау жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №104 қаулысымен бекітілген. Бас жоспар бойынша қала аумағы 18 787 гектарды құраған болатын. Бүгінде жалпы жобалау жұмыстары барысында шаһар аумағын заман талабына сай дамыту, қадамдық қолжетімділік қалыптастыру, көркейту және жер кезегі мен пәтер кезегіндегі азаматтарды қамту мақсатында облыс орталығына Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты жалпы 14 елді мекен және 2 саяжайды қосу жоспарлануда. Бас жоспарға сәйкес, қала аумағын Байзақ және Жамбыл аудандары есебінен 12 905,3 гектарға ұлғайту жоспарлануда. Соның нәтижесінде шаһар аумағы 31 693,7 гектарды құрайтын болады. Ағымдағы жылы Тараз қаласының Бас жоспары бойынша екі әкімшілік аумаққа бөлу жұмыстары аяқталды. Халық арасында «Залиний» аталып кеткен тұрғын алқаптың халқы қолайлы өмір сүруі үшін және қаламен қарым-қатынасты нығайту үшін 2-ші әкімшілік ауданның әкімшілігі, драма театр, спорттық сауықтыру кешені, сауда, ойын-сауық кешені, саябақ және оқушылар сарайы салынбақ. Тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 2011 жылдан бастап жұмыстар жүргізілуде. Қала аумағында 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан, оның ішінде 477 үй күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 626 үй алдағы уақытқа жоспарлануда. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жер» 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламалары аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары 2011 жылдан бастап республикалық, жергілікті бюджет пен қайтарым қаражатын қоса алғанда 16, 610 миллиард теңгеге 477 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 63 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Әлеуметтік салалар айрықша маңызға ие Халықты жұмыспен қамтуға мемлекет тарапынан қолдау өте көп. Әсіресе, жастардың екі қолға бір күрек табуына барлық жағдай жасалған. Таразда да жұмыссыздықпен күрес күшеюде. Халықты жұмыспен қамтуға өтініш берген азаматтардың саны 13 426 адамды құраса, оның ішінде жұмыcпен қамтылғандар – 5 887 адам. Ал мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 2023 жылға жоспар бойынша 183 адамға бөлініп, бүгінгі таңда 91 адам грант иегері атанды. Өткен жылдың осы мерзімінде 100 адам грантқа қол жеткізді. Сондай-ақ «Жастар тәжірибесі» бойынша шілде айында 215 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шартымен жолданса, ақылы қоғамдық жұмысқа 892 азамат жіберілген. Бүгінде білім саласына да ерекше екпін түсіріліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, биыл 7 мектеп пен 1 бөбекжай-бақша ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2 116 925,3 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ білім нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуына 500 000,0 мың теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар бейнебақылау камераларын жедел басқару орталығына (ЦОУ) қосуға 82 732,2 мың теңге қаражат қарастырылып, «Транстелеком» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасалды. Осылайша, шаһардағы 62 мектеп толығымен жедел басқару орталығына қосылған. Бұқаралық спортты дамытуға да баса мән берілуде. Соның анық айғағы – 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап облыс орталығында жеке қаражат есебінен 8 жаңа спорт нысаны салынған. Ал биыл қалалық бюджет қаражаты есебінен 4 аула алаңының құрылысына 100 миллион теңге бөлініп, игерілуде. №19 орта мектебіне қарама-қарсы бетте денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуға 437,0 миллион теңге бөлініп, құрылысы басталды. Жалпы, 2022 жылмен салыстырғанда Тараз қаласындағы спорт нысандарының саны 10-ға артқан. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Тараз қаласында спортпен шұғылданушы тұрғындар 41,6 пайызды немесе 177 489 адамды құрады. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2,1 пайызға артық. Түйіндей айтқанда, тиімді реформалардың нәтижесінде барлық салада тек өсім мен өрлеу байқалуда. Алда тұрған жоспар бұдан да ауқымды.