ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА СПОРТ НЫСАНдары АШЫЛДЫ
ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА СПОРТ НЫСАНдары АШЫЛДЫ
Республика күні қарсаңында Жамбыл ауданындағы 2 елді мекенде бірқатар спорт нысаны ел игілігіне берілді. Солардың бірі – аудан орталығы Аса ауылындағы үшінші кіші футбол алаңы. Осы күнге дейін Ғ.Мұратбаев көшесінің тұрғындары спортпен айналысу үшін теміржол торабынан өтіп, спорт кешендерінде жаттығатын болған. Құрылыс жұмыстарына 9 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, мердігер «Energy kaz group» компаниясы жұмыстарды сапалы аяқтаған. Тұрғындардың қуанышына ортақтасуға келген аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова жұртшылықты Республика күнімен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, спорт саласында атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Ал екінші нысан – Қаратау ауылындағы кіші футбол алаңы. Ауыл жастары көптен бері ауыл мектебінің спортзалын пайдаланып жүрген. Заманауи үлгіде, барлық қажеттілікпен қамтылған спорт алаңына бюджеттен 10 миллион теңге жұмсалған. Жұмыстарды «Ronder» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Нысанның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков қатысты. Жалпы Жамбыл ауданында 25 қазан – Республика күніне орай 6 елді мекенде әмбебап спорт кешендері, кіші футбол алаңы және балалар ойын алаңшасын ел игілігіне беру жоспарланған. Оның екеуі жоғарыда аталған ауылдарда болса, Тоғызтарау ауылында кіші футбол алаңы, 23 қазан күні Гродекова ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені, балалар ойын алаңшасы, Қызылдихан ауылында кіші футбол алаңы, 24 қазан күні Айшабибі ауылында әмбебап спорт кешенінің лентасы қиылмақ. Жалпы аудан тұрғындарына 1 стадион, 3 спорт кешені, 42 спортзал, 20 үлкен футбол алаңы, 54 кіші футбол алаңы, 16 баскетбол алаңшасы, 20 волейбол алаңшасы, 12 стритворкаут, 4 әмбебап алаңшасы, ипподром, теннис корты қызмет көрсетеді. Ш.ӘБДІРҰЛЫ