Жамбыл жаңалықтары

Ауыл халқының табысы артты ма?

Ауыл халқының табысы артты ма?

Мақсатты түрде белгілі бір кәсіппен айналысамын деп жеңілдетілген несиені алып, бірақ не кәсіп ашпай, не мемлекеттің ақшасын қайтармай жүрген кәсіпкерлер де бар екен. Мәселен 2019-2023 жылдары 24 ауылдық округте 3951 тұрғынға несие берілген. Олардың ішінен бүгінгі күнге 90 күннен асқан берешегі бар 35 адамның берешек сомасы – 66,7 миллион теңге. Жалпы несие қайтарылымы – 98,2 пайыз. Осы аталған мәселе «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы жайындағы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. 2019 жылы бастау алған халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында пилоттық жоба өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетіпті. Жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылыпты. Бұл мақсатта жалпы 9,2 миллиард теңге игерілген. Жобаның жалғасы ретінде бұрнағы жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарының 3 ауылдық округі пилоттық жобаға енгізіліпті. 253 жоба іске асырылған. 2022 жылы республикалық бюджеттен 6,047 миллиард теңге бөлініп, оған 10 ауылдық округтен 1209 кәсіпкерлер несиелендіріліпті. Сонымен қатар ауылшаруашылығы кооперативтерін техникамен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 800 миллион теңге бөлініп, ол қаржыға құрылған 10 кооперативке 2,5 пайызбен 100-ден аса әртүрлі ауылшаруашылығы техникалары сатып алынып, берілген. 2019-2022 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округте 2019 жылмен салыстырғанда мал саны 113 241-ге, ет өндірісі – 2110, сүт өндірісі 3050 тоннаға ұлғайған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1254 адамға қысқарыпты. – 2019 жылы қаржыландырылған 11 округте жеке кәсібін ашу бағыты бойынша жалпы құны 56,2 миллион теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылды. Олардың ішінен «Жоңышқа тұқымын сұрыптау» жобасы тоқтаған. 2022 жылы бұл кәсіпорындар 135 тонна өнім өндірген және 28 адам жұмыспен қамтылған. Осы округтерде іске асырылған «Ауыл аманаты» жобасының нәтижесінде 2282 жаңадан жеке кәсіпкерлер тіркеліпті. 589 жаңа жұмыс орындары ашылған екен. Мойынқұм ауданы, Биназар ауылдық округі мал саны, өндірілген ет, сүт өнімдерінің көлемін электрондық шаруашылық кітапқа енгізбепті. Сонымен қатар бірнеше бағыт бойынша да тиісті жұмыстар атқарылмаған. Жұмыстарды өз деңгейінде атқармағаны үшін Мойынқұм ауданы, Биназар ауылдық округі әкіміне тиісті тәртіптік жаза беруді ұсынамын. 10 округте жеке кәсібін ашу бағыты бойынша жалпы құны 90,1 миллион теңгені құрайтын 13 жоба қаржыландырылды. Бұлардың 9-ы жұмысын бастап кеткен, ал қалған 4 жоба таяу арада іске қосылады. Осы округтерде іске асырылған «Ауыл аманаты» жобасының нәтижесінде 836 жаңадан жеке кәсіпкер тіркелді. 147 жаңа жұмыс орнының ашылуы күтілуде, – дейді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков. Жоғарыда айтып өткеніміздей 6 кооператив «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы кооперативтерге берілген айналым қаражаты бойынша 18,6 миллион теңге қарыз екен. Ал «Тараз» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы кооперативтерге берілген айналым қаражаты бойынша 3 кооператив жалпы 46,7 миллион теңге қарыз. Бұл жерде «Атамекен Бастау» және «Омар-Шу» кооперативтері кепіл ретінде коммуналдық ғимараттарды қойған. Жиын барысында «Құлан» ауылшаруашылығы колледжінің директоры Олжас Нұрланұлы тек малшаруашылығымен айналысатындарға ғана емес, егіншаруашылығы, оның ішінде құлпынай егумен айналысу, сондай-ақ егіншаруашылығымен айналысатын кәсіпкерге агрожетекші тағайындау жөнінде тың идеялар айтты. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев идея ұсынған жасты қолдайтынын айтып, ол ұсынған «Үй іргесіндегі құлпынай өсіру» және «Сиырларды жасанды ұрықтандыру» туралы жобасына қаржылай қолдау көрсетілетінін жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, енді жеңілдетілген несие нақты іс жасайтын кәсіпкерлерге ғана берілмек. Эльмира БАЙНАЗАРОВА