Ағын су тапшы болса, алқаптардың кенезесі кебеді
Ағын су тапшы болса, алқаптардың кенезесі кебеді
Ауылшаруашылығы мақсатындағы суармалы жер үшін пайдаланылатын ағын судың 80 пайызы өңірімізге Қырғыз Республикасынан келетіні белгілі. Осы жылы аталған көрші мемлекеттен келетін ағын су он есеге азайып, өңірде кейбір шаруалар шығынға батқан болатын. Салдарынан бірқатар аудандарда төтенше жағдай жарияланған еді. Ағын су тапшылығы келер жылы да орын алмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Биылғыдай шаруашылықтар шығынға батпас үшін қайтпек керек? Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте 2024 жылғы вегетациялық кезеңде ағын суды пайдаланудың жай-күйі қаралды. Жиын барысында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков келер жылға суармалы алқапта егілетін ауылшаруашылығы дақылдарының көлеміне өзгерістер енгізілгенін сөз етті. – Ауылшаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жоспарына сәйкес, алдағы жылдың өнімі үшін ауылшаруашылығы дақылдарын 770 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарлануда. Осылайша келер жылы дақыл егілетін алқаптар 7,5 мың гектарға ұлғаяды. Биылғы жылғы суармалы су тапшылығын ескере отырып, тәлімі жерлерге орналасатын дақылдардың көлемі ұлғайып, керісінше суармалы алқапта орналасатын дақылдардың көлемі кемиді. Ауылшаруашылығы дақылдарына бекітілген нормаға сәйкес, қажетті суармалы су көлемі 1 миллиард 311,9 миллион текше метрді құрап отыр. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 112,6 миллион текше метр, майлы дақылдар – 13,2, қант қызылшасы – 54, картоп – 48,3, көкөніс дақылдары – 278,1, бақша дақылдары – 119,6, мал азығы дақылдары 611,3 миллион текше метр ағын суды қажет етеді. Барлық аудандардан келер жылдың өнімі үшін егілетін ауылшаруашылығы дақылдарының жоспары алынып, егіс алқабының су жүйелеріне орналасу картасы жинақталды. Жинақталған мәліметке және ағымдағы жылғы облыста орын алған суармалы судың тапшылығын ескере отырып, 2024 жылға суармалы алқапта егілетін ауылшаруашылығы дақылдарының көлеміне өзгерістер енгізіліп, оған 588 миллион текше метр ағын су жұмсалатыны анықталды. Сонымен қатар 2023 жылдың өніміне егілген ауылшаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстарының толық аяқталмауына байланысты, ауылшаруашылығы құрылымдары тарапынан ауыспалы егіс жүйесіне және су тапшылығына байланысты біршама өзгерістер енуі мүмкін екені анықталып отыр. Осыған байланысты аудандар тарапынан «Қазсушар» кәсіпорнының облыстық филиалымен бірлесе отырып, жағдайды қосымша зерделеп, өзгерістер енгізілген жағдайда қосымша ұсыныс берулеріңізді сұраймын. Ағымдағы жылы қант қызылшасы дақылы Тараз қаласы және 8 ауданда 10850,9 гектар алқапқа егіліп, оның биылғы суармалы су тапшылығына байланысты 6219 гектары жарамсыздыққа ұшырады. Сондықтан келер жылы қант қызылшасын 6770 гектарға егу көзделіп отыр. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізер кезде ағын судың мол болатыны байқалса, қант қызылшасын егуге қызығушылық танытқан диқандар арқылы аталған техникалық дақыл түрі егілетін алқап көлемі ұлғайтылатын болады, – деді Нұрби Рахметханұлы. Сондай-ақ аталған басқарма басшысы жерасты суын пайдалану үшін ұңғыма қазып, инфрақұрылым жүргізген шаруаларға берілетін субсидияны 50 пайыздан 80 пайызға көтеру мәселесі қиындық туғызғанын атап өтті. Нақты айтқанда, ұсынылған ережені тиісті мемлекеттік органдар кері қайтарған көрінеді. Бұдан бөлек, облыстағы 19 мыңға жуық шаруалардың арасында 1-100 гектар аралығында ғана егістік жері бар шаруашылықтар саны 70 пайызды құрайды екен. Қазіргі уақытта ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру – басты мақсат. Өз кезегінде аймақ басшысы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру үшін ынталандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. – Жер көлемі аз шаруашылықтар мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерден қағылатыны белгілі. Арзандатылған несие де ала алмайды. Мұндай шаруашылықтың жері тұзданады, тозады, шаруашылық алға дамымайды. Сол үшін мұндай шаруашылықтарды ірілендіру жолында ауылшаруашылығы басқармасының басшысы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы» акционерлік қоғамымен бірігіп, оларды ынталандырудың жаңа механизмін ойластыру керек. Арнайы өңірлік бағдарлама жасау арқылы бір шешімін табу қажет. Екінші мәселе субсидияға қатысты. Шаруалар ұңғыма қазғаны үшін оған жұмсалған қаржыны 50 пайыздан 80 пайызға дейін субсидиялау туралы тиісті министрлікке ұсыным берілді. Енді егіс алқабын суландыруда жүргізілетін инфрақұрылымды осы мөлшерге көтеру жұмыстарын жүргізіп жатсыздар. Дегенмен бұл мәселе біз ойлағандай қолдау таба ма, таппай ма, бұл жағы белгісіз. Сондықтан шаруаларды босқа алаңдатпай, нақтысын айту керек. Ұңғыма қазу ісін субсидиялау 80 пайызға көтерілуі мүмкін екенін, қалған су үнемдеу технологиясын қолдану, инфрақұрылым жүргізуге жұмсалған қаражаттың 50 пайыз өтелетінін түсіндіру керек. Мұның өзі үлкен көмек. Осы қолдауға қанағаттанып, осыған көніп жұмыс істеуіміз керек, – деді Ербол Шырақпайұлы. Бұдан кейін «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыс бойынша филиалы директорының уақытша міндетін атқарушы Ғалия Зарубаева баяндама жасап, алдағы жылы қай ауданның, қай ағын су жүйесі бойындағы алқаптарда су тапшылығы орын алуы мүмкін екенін, қандай дақыл түрін егу қажеттігін айтып берді. Кеңесте Ербол Қарашөкеев ағын су тапшылығы туындауы мүмкін аудан басшыларымен онлайн байланыс арқылы сөйлесіп, алдағы вегетациялық кезеңге деген қам-қарекетін білді. Жауаптыларға «Қазсушар» мекемесімен келісімшарт жасаспай өзеннің суын алып отырған және өзен, тоған, канал секілді ағын су жүйесінен сусорғы арқылы алқабын рұқсатсыз ылғалдандыратын диқандарды, жалпы осындай жолмен суарылатын алқап көлемін анықтауды, істі тәртіпке келтіруді тапсырды. Одан бөлек вегетациялық кезеңнен шығу жолдарын қарастыру, ағын су жүйелерін жөндеу, су қоймаларының су қабылдау мүмкіншілігін талапқа сай ету секілді бірқатар тапсырма жүктеді. Нұрым СЫРҒАБАЕВ