Ақхалатты абзал жандар ардақталды
Ақхалатты абзал жандар ардақталды
«Баласағұн» орталық концерт залында өткен шарада аймақ басшысы ақхалаттыларды мерекелерімен құттықтап, олар таңдаған мамандықтың маңыздылығын атап өтті. – Дәрігер – адам жанының арашашысы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең қастерлі мамандықтың иесі. Бұл үлкен мәртебе, әрі зор жауапкершілік. Халық денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл ретте салауатты қоғам қалыптастырып, дені сау ұрпақ өсіруде дәрігерлердің алар орны ерекше. Мемлекет басшысы отандық медицина алдына үлкен әрі жауапты міндеттер қойып отыр. Аз уақыттың ішінде әлемді шарпыған қауіпті індет адамзат баласын әбігерге түсірді. Осынау қиын-қыстау кезеңде біздің мемлекетіміз барлық қолдау шараларын дер кезінде қабылдады. Дәрігерлеріміз бен сала мамандары қауіпті індетпен күресте алдыңғы қатарда болып, аянбай еңбек етті. Қордай ауданындағы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты базасында алғаш рет COVID-ке қарсы қазақстандық вакцина әзірленді. Біз денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыруда заманауи технологиялар мен практиканы ұштастыра отырып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жетілдіруіміз қажет, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы жергілікті жердегі кадр тапшылығын шешу мақсатында облысқа 98 жас маман тартылып, оның 68-і ауылдық жерлерге жолданса, биыл 23 маман жұмысқа келген. Жылдан-жылға облыстағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығаюда, жаңа денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Айталық, өткен жылы 8 нысан пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін 23 нысан ел игілігіне беріледі деп күтілуде. – Үстіміздегі Балалар жылы аясында 120 төсектік «Аяла» облыстық балаларды оңалту орталығы ашылды. Алдағы 2023-2025 жылдары 54 медициналық нысанның құрылысы жоспарлануда. Іскерлік ынтымақтастықтың арқасында Меркі және Жамбыл аудандарында, сондай-ақ Тараз қаласының №5 қалалық емханасында алғашқы үздік практикалық орталықтар ашылды. 2,3 миллиард теңгеге заманауи үлгідегі 20 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жыл санап денсаулық сақтау саласындағы маңызды көрсеткіштер жақсаруда. Халықтың өмір сүру ұзақтығы – 72,7 жасқа дейін ұлғайды, – деді Нұржан Нұржігітов. Бұдан соң облыс әкімі облыстың денсаулық сақтау саласына қосып жүрген үлесі үшін бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Атап айтқанда саладағы үздік мамандарға «Еңбек ардагері» медалі, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгілері және Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді. Мерекелік шара К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметІ