Білім

Сайыпқыран спортшылармен жүздесті

Сайыпқыран спортшылармен жүздесті

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов әлемдік додада бақ сынап, ел мерейін үстем еткен спортшылармен кездесті. Грекияның Халкида қаласында өткен каратэ-до шотоканнан өткен әлем чемпионатында осы оқу орнының студенттері Сұлтан Сметов, Нұрлан Жұмамұратов, Ахат Маманов, Мейірім Сағындықова үшінші орынды иеленген болатын. Спортшылармен кездесу барысында Мұхтар Қазыбекұлы студенттерге алғысын білдіріп, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. – Биыл университет спорт­шы­ларының халықаралық, республикалық, әлемдік додаларда жеткен жетістіктері өте көп. Біз үнемі айтатын «Дулати университеті – спорт­шы­лар ұстаханасы» деген сөзі­міз бүгін тағы бір рет айғақ­тал­ды. Оған ешкімнің таласы жоқ деп ойлай­мын. Өйткені қазір қан­шама біздің түлек­те­рі­міз осы саланың бетке ұстарына айналған. Ендігі мәселе, студент­тердің тек материал­дық тұрғыда ғана емес, көңіл күйлерінің жайлы болуын қамтамасыз етуіміз керек. Жарыс барысында сабақтар мен басқа да мәселелерді ойламауы қажет. Осы тұрғыда жаттықтырушылар мен жетекшілеріне үлкен жұмыс атқару тапсырылады. Біздің жастар бұл белдесулер арқылы еліміздің спорт саласының әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде, – деді университет ректоры Мұхтар Байжұманов. Тартысты өткен додада спортшыларымыз дене жарақат­тарына қарамай, жүлделі орынға ие болған. Әлем және Еуропа чемпиондарымен бәсекеге түскен жастар өздерінің нағыз шебер екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Аталған студенттерді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қауым­дастырылған профессоры, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерік Махамбетов жаттықтырады. Айта кету керек, осыған дейін университет студенттері әлем чемпионы және Еуропа чемпионы атанған болатын. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru