ТӘКПІРШІЛЕРДЕН ТӨНГЕН ҚАУІП
ТӘКПІРШІЛЕРДЕН ТӨНГЕН ҚАУІП
Интернетте немесе кейбір басылымдарда экстремизм ұғымы Ислам дінімен байланыстырылып, қате ақпараттар жарық көріп жатады. Асылында Ислам сөзі – «амандық», «бейбітшілік», «жүйе», «бағыну» мағынасын білдіреді. Ислам зорлық-зомбылыққа қарсы. Әу бастан Исламның ұстанымы – тек бейбітшілік. Кейбір ориенталистердің «Ислам қылыш арқылы тараған», «әйел мәртебесі төмен» деген пікірі де негізсіз. Исламда тек Отанға, мал-жанға қауіп төнгенде ғана қаруға рұқсат етіледі. Ал әйелдің мәртебесін «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деп бір ғана сөзбен сипаттайды. Сондықтан қоғамда қандай да бір келіспеушілік не террористік оқиға орын алса, Исламмен тікелей байланыстырудың еш негізі жоқ. Екеуі кереғар ұғым. Яғни, ғаламтордың немесе белгілі бір тәуелсіз ақпараттық басылымдардың саяси құрбаны болмай тұрып, ақпараттың рас екендігіне толық көз жеткізу керек. Сол себепті бүгінгі мақаламызда Ислам тарихындағы алғашқы саяси радикалды ағым және оның бүгінгі күнге әсері, харажиликтің қысқаша тарихы, тәкпіршілердің тәлкегі және олардың идеологиялары, тәпсір турасында сөз етеміз. Харажилер – Исламда ең алғаш пайда болған діни адасқан ағым. Бүгінде орын алып жатқан әртүрлі лаңкестік, террорлық оқиғалар осы идеологиядан бастау алады. Бұл ағымға ерушілер қазіргі уақытта Солтүстік Африка, Оман және кейбір араб мемлекеттерінде кездескенімен, олар саяси немесе діни ағым ретінде өз күшін жойған. Дегенмен, тарихта аттары қалған. Аты қалса да заты жойылмаған ағымдар жайлы білу діни тұрақтылықты ізгі тұтқан кез келгеніміз үшін қажет. Бұл ағым тарихы хазіреті Әлидің дәуірінде 657 жылы Сыффин соғысынан кейін болған. Сол кезде Мағауиямен «тахкимді» (келісім) қабыл еткені үшін күнә жасады деп ғылымның қақпасы болған хазіреті Әлиді өз әскері күпірлікпен айыптайды. «Сен Алланың кітабына емес, төрешіге жүгіндің, сол себепті кәпір болдың, тәубе ет» деп бұйырады. Яғни күпірлікпен айыптаған тәкпіршілдік осылайша бастау алады. Ақыр соңында он екі мың әскер бөлініп, Харура елді мекеніне кетеді. Көпшіліктен бөлініп шыққаны үшін аталған топ «бөлініп шықты» деген мағына беретін «харажит» атауын алған. Хазіреті Әли сахабаның пәрменімен Абдуллаһ ибн Аббасты харажиттерге насихат айтып, райларынан қайтаруға Харураға аттандырады. Кейін өзі барып насихат айтады. Өз қателіктерін түсініп, төрт мыңдайы қайтадан Әлиге (р.а) қосылады. Бөлініп шыққан харажилер тұрып жатқан аймақтарына өз ұстанымдары мен идеологияларын уағыздайды. Көзқарастарына қосылмайтын өзге мұсылмандарды кәпір санап, өлтіруге дейін барады. Сөйтіп соңында Халиф хазіреті Әлиге халықтан шағым түсіп, 658 жылы харажиттермен соғысуға мәжбүр болады. Хазіреті Әлидің бұйрығымен сегіз мың харажит өлтіріледі. Олардың бүліктері Әлидің халифатынан кейін де жалғасты. Бесінші халиф атына лайық болған Омар ибн Абдул Әзиз харажиттерге қарсы күрес жүргізіп, біраз жыл оларды басып отырды. Алайда, халифаттың көп аймақтарына тарап үлгерген харажиттер Аббасилер кезінде әлемге өздерін паш етті. Аббасия халифаты алғашқы кезеңдерінен бастап, қиян-кескі соғыстар жүргізді, онда он мыңдаған адам жазым болды. Тарихшылар харажиттердің жиырмадан астам ағымы болғанын айтады. Бұлардың қазіргі уақытта барлығы жойылып, тек Ибадия ағымы ғана қалды. Ибадия ағымының негізгі ұстанымдарына тоқталсақ: олардың ұстанымына қайшы келетін кез келген басқару жүйесі – кәпір жүйе; үлкен күнә жасағанды кәпірге шығару; Иман – ауызбен айту, жүрекпен бекіту, амалмен дәлелдеу; зинақор адам жазаға тартылмайды; етеккірі келген әйелге намаз оқуды міндеттейді; Құран Кәрімдегі «Юсуф» сүресін жоққа шығарады, олардың ойынша Құранда ғашықтар жыры келмеуі тиіс; Осман мен Әлиді (р.а.а) және оларды қолдағандарды кәпірге шығарады. Пайғамбарымыздың хадис шәріптерінде харажилердің сипаты жайлы: «Олардан бір қауым шығады, Құран оқиды, алайда оны толық түсінбейді, жебеден шыққан садақ оғы секілді Исламнан шығады» (Бұхари хадистер жинағы) деп баяндалған. Енді сол тәкпіршілердің ұстанымдары мен сипаттарына қысқаша тоқтала кетсек. Олардың ұстанымдары – ұлттық құндылықтарды жоққа шығару. Ата-бабамыз сан мың ғасырлар бойы Исламды өзінің тұрмыс-тіршілігімен сабақтастырып, өнері мен мәдениетін, қисса, жыр-дастандарды шариғатпен көмкере білген. Салафилік ағым өкілдері және сол ағымның идеологиясын ұстанып, ата жолын тәрк еткендер мұсылманшылыққа жаңадан бетбұрғандарға ұлттық кодымызды дінге кереғар етіп көрсетіп, қасиетті ана тілінен адастыруда. Келесі бір сипаты – тәпсірден бет бұрулары. Тәпсір – «ашықтау», «баяндау», «түсіндірме» деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасы – Құран аяттарының түсу себептерін, мақсатын, қиссалар баяны туралы және меккелік және мәдиналық болып бөліну себебі үкім және астарлы мағыналы аяттар, үкімі күшіндегі және күшін жойған (мансух-насих) аяттар және тағы басқа жайттарды білу үшін қажетті ғылым. Тәпсір – Құран аяттарының астарлы мағыналарын айшықтап, мақсат-мұраты мен сырларын түсіну үшін қолданылатын ілім. Құран сарқылмас қазына болғандықтан, тәпсірге деген мұқтаждық әрқашан бола бермек. Ғылым дамыған сайын Құранның жаңа қырлары, беймәлім көмескі мағыналары айшықтала түспек. Ал тар түсініктегі ағым осындай үлкен саланы теріске шығарады. «Құран – тәпсірді қажет етпейтін кітап». Бұл да тәкпір ағымының басты ұстанымы. Тәкпіршілер Құран және сүннеттен үкімдерді тікелей, ешбір тәпсір немесе түсіндірмесіз алу керек дейді. Ал, «Кімде-кім Алланың кәләмы (сөзі) және Пайғамбар сөзі тәпсірлеуді қажет етеді дейтін болса, ол – кәпір. Өйткені, ол адам баласының сөзі Алланың сөзінен қарағанда анағұрлым ашық та, түсінікті деп сеніп тұр» деп түйіндейді. Тәкпіршілер бұл тұжырымын Құранның: «Біз әрбір Елшіні, анық түсіндіруі үшін өз елінің тіліменен жібердік...» (Ибраһим сүресі, 4-аят) және «Бұл аяттары аса Дана (Хаким), бәрінен Хабардар (Хабир), Алладан анық баяндалып, түсіндірілген Кітап» (Һуд сүресі 1-аят) деген аяттарды алға тартады. Тәкпір ағымы «Алланың және Пайғамбардың сөзі ап-айқын ба, әлде адам баласының сөзін түсіну оңай ма?» деп те сауал тастайды. «Алла Тағаланың сөзінің мағынасы айқын» десең, демек «Құран аяттарын ешбір талдамай тікелей сөзбе-сөз қабылдап, ілесу міндет» деп «пәтуа» береді. Ал, «Құран сөзі түсінікті емес, тәпсірлеу қажет» десең, «Алла Өзінің сөзін бізге ұғынықты етіп жеткізе алмады деп тұрсың» деп, адамды «кәпірге» шығарады. Сонда олар барша тәпсірші ғалымдарды кәпірге шығарғаны ма? Әрине, мұның барлығы сауатты адамның түсінігінен алыс тұжырым. Тәкпір жамағатының түсінігі бойынша Құранды тәпсірлеу – күпірлік. Себебі «тәпсірлеудің артында Алла өз әмірі мен тыйымын пенделерге жеткізе алмаған. Сондықтан адамдарға түсінуден туған қажеттілік» деп санайды. Олай болса, неге Пайғамбарымыз (с.ғ.с) немере інісі әрі тәпсірші сахаба Абдулла ибн Аббасқа: «Уа, Алла! Діннің білгірі һәм Құран мағынасын түсінуші ете гөр» (Мустадрак), деп батасын берген. Тіпті сахабалардың өздері де кейбір аяттардың астарындағы мағынасын түсінбей, Пайғамбарға (с.ғ.с) келіп түсіндіруін өтінген. Құран Кәрімде Оразаға байланысты «Ақ жіп пен қара жіп ажыратылып, танылғанынша жеңдер, ішіңдер» (Бақара сүресі, 187-аят), деген аяттың мәні – ораза ұстаймын деп ниет еткен кісіге қараңғылық кетіп, таң қылаң бере бастаған уақытқа дейін ішіп-жеуіне рұқсат, одан кейін ішіп-жеу тоқтатылады деген сөз. Бұл жайлы мынадай хадис бар. Ади бин Хатим (р.а): «Мен ақ және қара қос жіпті алып, жастығымның астына қойдым. Екеуіне қарап қоямын, бірақ ақтан қараны ажырата алмадым. Мұны Пайғамбарға (с.ғ.с) айтқанымда ол: «Расында сенің жүрегің таза жансың. Ол таңның ағы мен түннің қараңғылы» деген. Демек аяттағы ақ жіп – көкжиектен созылып көрінетін таңның атуы. Ал, қара жіп – түннің қараңғылығы. Таң мен кешті жіпке теңеуінің себебі, созылып жіп сияқты болып көрінуінен. Құранның басқа бір аятында: «Алланың жібіне жармасыңдар, бөлінбеңдер» деген аяттың «жіп» сөзін Алланың дінінен деп интерпретация жасаған дұрыс. Мысалға: «Едіге батыр қалың қолымен жауға қарсы тұрды» деген сөздегі «қалың қолымен» сөзінен ауыспалы мағынада әскер санының көп екенін білеміз немесе «Алдияр – Әлиханның оң қолы» сөзі ауыспалы мағынада Алдияр Әлиханның сенімді серігі әрі кеңешісі екенін байқаймыз. Міне, ауыспалы (мәжәз) мағына осы. Негізінде ақылды шариғат шеңберінде қолдану шариғатта заңдастырылған. Ибн Һазм олардың мына әрекеті жайлы былай деді: «Харажилердің (тәкпіршілер) алғашқылары – Құранды түсінбестен оқыған арабтар. Олардың араларында бірде-бір фақиһ (шариғат ғалымы) болмады. Бұған қоса, олардың қатарында Ибн Масғут, Омар, Әли, Айша, Әбу Мұса, Мұғаз ибн Жәбәл, Әбу Дарда, Сәлман, Зәйд, Ибн Аббас және Ибн Омар (р.а.а.) секілді танымал сахабалардың ізбасарларынан да ешкім жоқ еді. Сондықтан да олар кішігірім мәселелердің өзіне бірін-бірі кәпір деп нұқитын. Иә, жоғарыда атап өткен «Алайда оны (Құранды) толық түсінбейді», «жебеден шыққан садақ оғы секілді Исламнан шығады» деген хадистің тәпсірі осы болар. Міне, бұл ағымның таяздығы һәм надан екендігі осыдан байқалады. Ал Орта Азиядан түркітектес Ислам ғұламаларының көптеп шығуы және әлемдік өркениеттің дамуына үлкен ықпал етуінің бірден-бір себебі, ғалымдардың тек Құран және хадис мәтіндерімен шектелмей, ақылды шариғат шеңберінде қолдана білуі. Имам әл-Ғаззали: «Ақыл – көз, Құран – күн тәрізді. Күн жарығында көздің жақсы көретіні сияқты ақиқатты түсінуде Құран негізінде ақылды пайдалануға мұқтаждық бар. Тек Құран жеткілікті деу күндіз көзді жұмып жүргенімен бірдей. Ал тек ақыл жеткілікті дейтіндер де қараңғы жерге бейне бір жарық іздеген тәрізді. Бұл екеуі де азғындыққа апарады. Сондай-ақ, шариғат пен ақыл бір-бірін толықтырып, кемелдендіріп келген екі нұр» деген екен. Қазіргі таңда жат ағымдармен күрес қарқынды жүріп жатыр. Солардың ішінде әр қала, облыстарға тиесілі дін істері басқармалары, мешіт және дерадикализация мекемелері өз жұмыстарын жүргізуде. Бұл тек бір ғана ұйымның ісі емес, жалпы халықтың уайымы болу керек. Дәстүрлі емес жат ағымдарды ауыздықтаудың алғашқы шаралары отбасы институтын, діни сауаттылықты дамыту, ағартушылық ұйымдарды ашу, оларды мемлекет тарапынан қаржыландыру және мектептегі берілетін білімнің, жалпы бала тәрбиесінің сапасын көтеріп, қазақы таным руханиятымен сабақтастыра білу және тарих қойнауында жатқан ұлт зиялыларының әдеби, рухани мұраларымен сусындату екенін ұмытпайық. Себебі бір ұлттың алға дамуы немесе күйреуі сол елдің жас ұрпақтарына тікелей әсер етеді. Тағы да айта кететін мәселе, діни білімді білікті мұғалімдерден, мешіт немесе медреселерден алу керек. Діни білімді белгісіз құпталмаған сайттардан алмауға шақырамыз. Осындай қарапайым ережелерді әрқайсысымыз сақтай білсек, елдің тұрақтылығы мен бірлігін ұстап тұра аламыз әрі елдің болашағы баянды болмақ. Исламбек МЫРЗАХМЕТОВ, облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы