Эразмус+ бағдарламасы аясында орталық ашылды
Эразмус+ бағдарламасы аясында орталық ашылды
«REILEAP» жобасының мақсаты – былғары бұйымдар мен былғарыдан жасалған бұйымдарды жобалаудың жаңа әдістерін үйрететін орталықтар құру, сол арқылы Өзбекстан мен Қазақстандағы былғары өнеркәсібін жаңарту. Орталықтың ашылу салтанатына Грекия, Италия, Түркия, Румыния және Өзбекстаннан келген жобаның шетелдік серіктестері және ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы, былғары және аяқкиім өнеркәсібі кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Орталық Эразмус+ бағдарламасының қаржыландыруы арқасында заманауи құрылғылармен толық жабдықталған. Орталық тренерлері, яғни кафедра оқытушылары мен студенттері Грекия, Италия, Түркия, Румыния елдерінің жоғары оқу орындарында 2 апталық курс негізінде біліктілігін арттырған. Аталған университетте «Shoe Center» білім беру орталығының ашылуына орай халықаралық форум өтті. «Дөңгелек үстел» басына жиналған шетелдік қонақтар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы жоба аясында атқарылатын жұмыстар жайлы сөз қозғады. Жобаның үйлестірушісі, Крит техникалық университетінің өкілі (Грекия) Николаос Билалис «REILEAP» жобасының өнеркәсіпті дамытуда, бірлесіп жұмыс істеуде маңызды екенін айтты. Эразмус+ бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер жаңа мүмкіндікке ие болып жатқанын да жеткізді. Өз сөзінде Крит техникалық университеті туралы да тың ақпараттармен бөлісті. «Дөңгелек үстелде» оқу орнының стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Шолпан Есімова бірнеше елдің басын біріктіре отырып, жұмыс істеуге бағытталған жобаның болашағы зор екенін айтты. «Ғылым мен білімде шекара жоқ» деген Шолпан Алтынбекқызы шетелдік қонақтарға Дулати университетінің тарихы мен даму жолы туралы айтып берді. «REILEAP» жобасы аясында екі орталық Өзбекстанда, екі орталық Қазақстанда ашылып отыр. Оның бірі Дулати университетінде болса, екіншісі Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде. Орталықтар былғары және былғары бұйымдарын шығаратын компаниялар үшін жаңа қызметтер ұсынады. Ұсынылатын қызметтерге былғары мен былғарыдан жасалған бұйымдардың сапасын бағалау, жобалауды оқыту, семинарлар мен ақпараттық іс-шаралар өткізу кіреді. Жобаға қатысатын оқу орындары – Грекия еліндегі Крит техникалық университеті, Румыниядағы Георге Асаки Ясси техникалық университеті, түркиялық Эге университеті. Сонымен қатар Грекия елінің eative Thinking Development, Италияның Politecnico Calzaturiero, Өзбекстандағы Ташкент тоқыма және жеңіл өнеркәсіп институты да жобаға қатысушы оқу орындары саналады. Өзбекстандағы Джизак политехникалық институты, өнертапқыш әйелдер орталығы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті де жобаға қатысушылар тізімінде. Ақтоты ЖАҢАБАЙ