Заң

ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН БӘРІМІЗ ҮН ҚОСУЫМЫЗ КЕРЕК

ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН БӘРІМІЗ ҮН ҚОСУЫМЫЗ КЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділдік орнату жөніндегі реформасы бірқатар игі бастамаларға сеп болып жатқанына куәміз. Соның ішінде басқарудың суперпрезиденттік формасынан мықты Парламентке ие президенттік формаға көшу, Президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салу сынды өзгерістер көпшіліктің сенімін нықтай түсті. «Жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болады. Қазақстандықтар өз бетінше конституциялық, сотқа жүгіне алады. Елімізде өлім жазасы болмайды» деген ұсыныстар да қызу қолдау тапты.

Біртұтас ел болып, баршамыз атсалысып, қабылдаған шешім – нағыз демократия мен әділдіктің қайнар көзі деп танимын. Барша еліміздің азаматтары 5 маусымдағы референдумға қатысып, еліміздің болашағын анықтауға атсалысуы керек. Өйткені суперпрезиденттік модельден күшті Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік модельге көшу – демократиялық бағыт деп сенеміз. Бұл қадам біздің қоғамды одан әрі демократияландыра отырып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің жаңа моделін құруға бастайды. Елдегі жүргізіліп жатқан саяси реформалардан күтілетін өзгерістің бірі осы. Ал оның мемлекеттік жүйедегі барлық салаға әсер ететіні түсінікті. Осы өзгерістер тұтас елді қамтиды. Сол себептен де болашақ халқымыздың келешегі үшін бүкілхалықтық дауыс берумен анықталатын ертеңгі шараға бірге қатысуға шақырамын. Референдум өткізу туралы шешімнің өзі біздің Конституциямыздағы мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деген сөздің жай жазыла салмағанын көрсетеді. Халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және оны тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады. Мұның бәрі Мемлекет басшысының сөзінің түйіні. Конституциялық реформалар демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекетті нығайтуға баса бағытталған. Мемлекеттің одан әрі дамуы әрбір қазақстандықтың белсенді азаматтық ұстанымына және оның жауапты көзқарасына байланысты болады.

Айнұр ЖАСКИЛЕНОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Музыка және қолданбалы өнер кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор