Жаңалықтар

Кімдерге кредит берілмеуі мүмкін?

Кімдерге кредит берілмеуі мүмкін?

Бүгінде 18-дегі жас та, 60-ты алқымдаған қария да банктер мен микрокредиттік ұйымдарға қарыз. Кәмелет жасқа толысымен, яғни қолына жеке басын куәландыратын құжат алысымен миллиондап несие алатын жастар елімізде жетіп артылады. Сосын оның қарызын егде жастағы ата-анасы төлеп, бүтін бір отбасы зардап шегеді. Осыған орай депутат Ерлан Стамбеков қаржылық ұйымдардың несиені 21 жасқа толмағандарға беруге болмайтын жүйе енгізуді ұсынды. Сондай-ақ халық қалаулысы несие берілмес бұрын адамның қаржылық сауатын тексеру қажет деп санайды. Шынында да елді сорлатқан банктер мен шағын несие ұйымдарына тосқауыл қашан қойылады? Мұндай олқылықты реттейтін заң қашан қабылданады? Е.Стамбеков өзінің депутаттық сауалында несиенің көлемі мен мерзіміне әсер ететін қаржы сауатын бағалау жүйесін енгізуді ұсынды. Ол өз сөзінде Ұлттық Банктің дерегін келтірді. 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегі 823,1 миллиард теңге болған. Оның ішінде 90 күннен астам төлем жасалмағандардың берешегі – 419,2 миллиард теңге. Ал екінші деңгейлі банктердің несие портфеліндегі мерзімі өткен берешектің жалпы көлемінің үлесі – 29 пайыз. Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 1,1 триллион теңгеден асады. Оның ішінде 90 күннен астам төлемі болмаған берешегі 570 миллиард теңгеге дейін өсті. Ал екінші деңгейлі банктердің портфеліндегі мерзімі өткен берешектің жалпы сомасының үлесі 62 пайызға дейін өскенін мәлімдеді. – Білім беру жүйесіндегі тиісті министрлік ретінде халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне атсалысуларыңызды ұсынамын. Білім беру ұйымдарында қаржылай және құқықтық сауат бойынша білім алу және бағалау жүйесін қамтитын, сонымен қатар талдауға және одан әрі ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік беретін қаржылай және құқықтық сауатты оқытудың бірыңғай әдістемесін әзірлеу және Қазақстанның ересек тұрғындарының қаржылай және құқықтық сауатын арттыруға әсер ететін процестерді түзету маңызды, – деді Ерлан Стамбеков. Депутаттың «Білім беру жүйесі арқылы қаржылық сауаттылыққа қатысты берілген білім бойынша несиенің көлемі мен мерзіміне әсер ететін бағалау жүйесін енгізу керек» деген ойы көңілге қонарлық-ақ бастама. Сондай-ақ, 21 жасқа толмаған тұлғаларға несие беруге тыйым салу жөніндегі ұсынысының да жаны бар. – Баламның басында 750 мыңдай несие бар. Жасы небәрі 20-да. Жұмысқа енді тұрды. Айлығының жартысы несие төлеуге кетеді. Одан бөлек микроқаржылық ұйымдардан қарыз алған. Олардың үстемесі күн өткен сайын көбейіп барады. «Ақша бар» деп аталатын микроқаржылық ұйымнан мамандар күнде хабарласады. Одан қалса «Деньги маркет», «Көке kz» сынды микроқаржылық несие беретін ұйымдардан да қарыз алған. Қайсысына қайтарарыңды білмейсің. Әкесі екеуміз баланың берешегін қайтарып әлек боп жүрміз, – дейді Ақбота Бүркітбаева есімді ана. Мұндай сорға белшеден батқан ата-ана айналамызда қаншама десеңізші! Сондықтан да әке-шеше 21 жасқа толмаған жастарға несие берілуіне қарсы. Сонымен қатар тек 21 жасқа толмағандарға ғана емес, несиесін кешіктіріп төлеп жүргендерге де енді тұтынушылық несие де, қолма-қол несие де берілмейді. Және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құмар ойындарға арналған несиені шектемек. Бұдан былай заңда «құмар ойынға әуес» түсінігі пайда болады. Мұндай санатқа соңғы алты ай ішінде ойын бизнесін ұйымдастырушыға 300 мың теңгеден астам сомаға кемі үш рет төлем жасаған адамдар жатқызылмақ. Қарыз алушының жиі ойнайтыны анықталса, мерзімі өткен несиесі немесе микрокредиті болса, ақша берілмейді. Сонымен қатар бәс тігуге тәуелділерге 0,25 пайыз деңгейіндегі қарыз жүктемесінің ең жоғары мөлшері енгізіледі. Сол арқылы құмар ойындарға қатысу үшін қарыз беруді қатаңдату жоспарланып отыр. Психологтардың пікіріне сүйенсек, ойынға әуестерге ешқандай шектеу тоқтам бола алмайды. Тіпті, қамап ұстасаң да, амалын табатынын айтады. Психолог Кәмшат Бекжігітовамен онлайн байланыс орнатып, осы тақырыпта сөйлескен едік. – Құмар ойынның құлдары қанша жерден несие бермесең де амалын табады. Түпкі көзі құмар ойынды саудалайтын орындарды жабу керек. Лудамания – бұл ауру. Бір рет ойынға ақша салған адам екінші рет тағы ойнайды. Ойынханалар мемлекетке кіріс кіргізіп тұрса да халықтың болашағын ойласақ, құрдымға кетіретін нәрсені жою керек деп есептеймін, – дейді ол. Несие – несібе емес. Қысқасы, халықтың әл-ауқатын, жалақысын арттыру, жұмыспен қамтамасыз ету – жаңа Қазақстанның алдындағы кейінге қалдыруды күттірмейтін мәселе. Эльмира Байназарова