Инвестор болу – қазақтың жаңа жетістігі
Инвестор болу – қазақтың жаңа жетістігі
«Kaspi Bank» Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кастодиалды қызмет бойынша лицензиясын алды. Өте жақын болашақта «Kaspi Bank» қосымшасында компаниялардың акциялары мен облигацияларын бір батырмамен ақ әп-сәтте сатып алатын функция пайда болатынын ішіміз сезеді. Дәл сол уақыттан бастап қазақ үшін жаңа кезең – бұқаралық инвестиция дәуірі басталмақ. Негізі «Kaspi Bank» енді қолданысқа енгізетін функция бірнеше банк пен Астана халықаралық биржасының мобильді қосымшаларында біраздан бері бар. Мысалы, «Банк ЦентрКредит», «Halyk Bank», «Банк Фридом», «Табыс» қосымшаларында акцияларды алып-сату үшін брокерлік, алтын сатып алу үшін металл шоттарын онлайн түрде ашып, соған ақша аударып инвестициялай беруге болады. Өзім ол мақсатта «Банк ЦентрКредит» банкінің «BCC» мобильді қосымшасын пайдаланамын. Инвестиция бізге біртабан жақындап келеді. Цифрландырумен қатар, мемлекетіміз 10 жыл бұрын бастаған «Халықтық IPO» жобасы да біраз адамға инвестиция есігін ашып берді. Соңғы «ҚазМұнайГаз» компаниясының IPO-сына жеке тұлғалар тарапынан өтінімдердің көп болғаны осыған дәлел. Енді «KEGOC» ұлттық компаниясы SPO өткізбек. Ал келесі жылы «Air Astana» компаниясы IPO жасайды деп бәріміз күтіп отырмыз. IPO, SPO деген не? Жеңілірек түсіндірсек, компанияның жария түрде алғашқы рет биржаға шығуы, онда акцияларын сатуға шығаруы IPO деп аталады. Ал бұған дейін IPO жасап, акцияларының біраз бөлігін сатқан компания енді биржаға қосымша акцияларын қайтадан шығарса – ол SPO. «KEGOC» бұрындары биржаға шығып кеткен болатын. Сондықтан қазіргі акция сатуы SPO форматы болып саналмақ. «Халықтық IPO-ның» бір жақсы жері, онда бағасы түспейтін қазақстандық көгілдір фишкалар – ұлттық компаниялардың акциялары сатылады. Және «халық қызықсын, көбірек келсін» деген мақсатта акциялардың бағасы нарықтан арзан, оптом беріледі. Мысалы, 8 ай бұрын IPO-да өз құнынан төмен сатылған «ҚазМұнайГаз» акциялары қазір биржада 40 пайызға қымбаттап, өзінің нарықтық бағасына келді. Ақшасына пәтер алайын деп ойлаған таныс жігітке кезінде сол ақшаны «ҚазМұнайГаз» компаниясының акциясына сал деп кеңес берген едік, 30 миллион теңге салып, 42 миллион теңге шығарып отыр. Енді бұл компанияда акция құны ары қарай қатты өсе қоймас, сондықтан танысымыз «KEGOC» SPO-сына қатысып, 42 миллионды 54 миллион теңгеге айналдыруды жоспарлап қойыпты. Ол SPO-ға қалай қатысамыз? Жоғарыда мен айтып кеткен мобильді қосымшалардың «инвестиция» тармағында «KEGOC»-тың SPO баннері, жарнамасы болуы тиіс. Соған өтіп, 2 қарашаға дейін осыншама акция аламын деп өтінім бересіз. Қазір бір жай акция 1 482 теңге деп бағаланған. Қарашаның екінші күні өтінімдер жабылады да, сіздегі инвестқоржынға өтінім берген акцияларыңыз келіп түседі. Содан кейін бағасы қымбаттағанда мобильді қосымша арқылы сатып жібере аласыз. Салық төлеу керек пе? «Халықтық IPO» табысынан (дивидендтен, акция сатудан) еш салық төлемейсіз. Алайда құнды қағаздар операциясымен жұмыс істегендіктен, 240-үлгімен декларация тапсыру міндеттелген. Оны да смартфон арқылы онлайн, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің «E-Salyk Azamat» мобильді қосымшасы арқылы тапсыра аласыз. Енді инвестор болу үшін смартфон мен ақша болса жеткілікті. Смартфон да, ақша да қазақ халқында бар. Сондықтан инвестициялық «бумның» ауылы алыс емес сияқты. Айбар ОЛЖАЕВ, экономикалық сарапшы