Ауыл шаруашылығы

ЖЕР КОДЕКСІН ҚАЙТА ҚАРАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ

ЖЕР КОДЕКСІН ҚАЙТА ҚАРАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Кейінгі жылдарда еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне аз қаражат бөлініп жатқан жоқ. Біраз реформалық қадамдар жасалып жатыр. Дегенмен ауылшаруашылығы саласының барлық түйткілі шешіліп, жағдайы жақсарып кетті деп айтуға әлі ерте. Қазіргі таңда айналада болып жатқан геосаяси тұрақсыздық әрбір тұрғынды алаңдатады. Осындай жағдайда азық-түлік бағасының қымбаттауы, оның сапасының төмендеуі халықтың тұрмысы мен денсаулығына да әсер етеді. Ауылшаруашылығы саласын көтерудің бір тетігі – жердің (топырақтың) құнарлылығын арттырып, өңірлерде тиімді пайдалануды дұрыс ұйымдастыру. Жердің құнарлылығын сақтап, тиімді пайдалану үшін біріншіден ұлттық намысты ояту керек. Жеріміз үлкен болған соң, тиісінше қадірлеп, көп жағдайда ретті әрі өнімді пайдаланып жүрген жоқпыз. Жер көлемі жағынан дүниежүзіндегі он ірі елдің қатарына кіреміз. Алайда аз ғана халқымызды сол жерден алынған өнімге келгенде, азық-түлік тауарларымен толық және арзан бағамен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз қынжылтады. Жерді пайдалануға келгенде шорқақпыз. Әрине, барлық жерде ондай емес, оңтүстік өңірлерде жерге деген ықылас өзгеше. Тәуелсіздік алғаннан бері ауылшаруашылығы және жер қатынастары саласында көптеген өзгеріс болды. Әрбір министр өз реформасымен келді деуге болады. Бірақ нәтижелері айтарлықтай емес, оған сала басшыларының жиі ауысуының да әсер еткенін жасырмау керек. Жалпы алғанда, ауылшаруашылығы саясатында орнықтылық болмады. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жүргізілген жер реформасы барысында қабылданған заңға сәйкес көптеген іс-шара жүзеге асырылды. Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитет (Мемжерком) құрылды. Осы кезде жер саласының жұмыстарын ұйымдастыратын және басқаратын бірыңғай жүйе қалыптастырылды. Бұл уақытында үлкен жаңалық болды және жер саласына көптеген оң өзгеріс әкелгенін айтуымыз керек. Соңғы кездегі жерді пайдаланудағы келеңсіздік негізінен жаңадан құрылған шаруашылық түрлерінің, шаруа қожалықтарының жобалануы мен жерге орналастырудың және негіздеудің нашарлығынан деп ойлаймын. Жер саласын ауылшаруашылығымен, оның алдында құрылыспен немесе қалаларда сәулет, қала құрылыс органдарымен, соңғы жылдары халыққа қызмет көрсету орталықтарымен қосу жерге орналастыру саласын, жер кадастры мен жер мониторингін жоқ қылды деуге болады. Ешкім халыққа қызмет көрсету саласын жетіл­діруге, оны сандық платформаларға ауысты­руға, жұмыстарын автоматтандыруға қарсы емес. Дегенмен осы жолда жерге орналастыру жүйесінің, жер кадастрының басқа салаға қосылуы жер сала­сының маңызын төмендетті, материалдық жағын нашарлатты, ол өз кезегінде далалық жұмыстардың сапасын әлсіретті. Мен Мемжеркомның бірінші құрамында көп жыл қызмет атқардым, жер саласы ардагерлерінің бірімін. Өкінішке қарай, кезінде Мемжерком көп ұзамай Ауылшаруашылығы министрлігінің құрамына қосылды. Жер реформасының кейбір бастамаларының аяғына дейін орындалмай қалуына бұл да әсер етті. Дегенмен жер реформасының алғашқы жылда­рында жер қатынастары саласында қыруар жұ­мыс атқарылды. Жер саласы нарық жағдайына ыңғайландырылды. Жер иеленушілер мен жер пайдаланушыларға жерге құқық беретін құжаттар берілді, олардың құқықтары қолданыстағы заңға сәйкес рәсімделді. Бұрынғы кеңестік шаруашылықтар таратылды. Бұл үрдісте қателіктер болды. Кеңестік ірі шаруашылықтардың таратылуы ауылдардағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етті. Таратылған шаруашылықтарда жер үлестеріне құқықтары бар азаматтардың жер үлестері айқындалып, оларға тиісті куәліктер берілді. Бұл көптеген шаруа қожалығын құруға негіз болды. Жаңадан ұйымдастырылған шаруа қожалықтарына жерге орналастыру жобалары әзірленіп, бюджет есебінен жерге құқық беретін құжаттар берілді. Ауылшаруашылығы кәсіпорындарын жекеше­лендіру кезінде кейбір кемшіліктердің орын алғаны белгілі. Жалпы алғанда, жерді тиімді пайдалану үшін шағын шаруашылықтар іріленгені, кооперативтерге біріккені дұрыс екенін уақыт көрсетіп отыр. Бұл үдеріс шаруалар­дың өз еркімен жүргізілуі керек, ал Үкімет тарапынан ынталандыру шаралары ұйымдастырылғаны жөн. Жерге орналастыру саласы және оның кәсіпорындары (жобалау институты, оның облыстық бөлімшелері, ғылы­ми-өндірістік орталығы) жер реформасын жүзеге асырудың алғашқы жылдары елеулі жұмыс атқарғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ол кездегі мамандардың көбінің тәжірибелі және білім деңгейінің жоғары болғанын айтуымыз керек. Қазір салада мамандар көп болғанымен, көбісінің күрделі жоба әзірлеуде тәжірибесі аз. Мамандардың кәсіби дәрежесін көтеру оқуларының жүргізілмегеніне көп жыл болды, ондай дәстүр ұмытылып барады. Кейінгі жылдары жергілікті тұрғындардың малына өрістің, екіншісінде – шабындық жердің, үшінші ауылда – кейбір шаруаларға егістікке жердің жетпей отырғанын, ал сонымен бірге сәл алысырақтағы миллиондаған гектар жердің көп жылдан бері пайдаланылмай жатқанын жер қатынастары саласының қазіргі жағдайымен, жер қатынастарын жоспарлаудың нашарлығымен түсіндіруге болады. Мұның ауылшаруашылығының жағдайына әсер ететіні сөзсіз. Жерді тиімді пайдалану жан-жақты зерделенген жобамен толық қамтамасыз етілмейтіндігі, жер учаскесі көп жағдайда жердің табиғи ерекшеліктері ескерілмей, конкурстық негізде берілетіндігі бұрынғы мамандардың жанын ауыртады. Кезінде жерге орналастыруды жобалау кәсіпорын­дарының жер кадастры, жылжымайтын мүлік, зейнетақы беру орталықтарымен біріктіріліп, коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылуы жер саласының мамандандырылған кәсіпорындарының әлсіреуіне алып келді. Ешкім халыққа қызмет көрсету орталықтарының тұрғындарға тез және сапалы қызмет көрсетуіне қарсы емес. Алайда құзыреті, міндеті және қызметі басқа түрлі саланы, олардың жұмыс ерекшеліктерін ескермей, бір мекемеге біріктіру үлкен қателік болды. Жер саласының көптеген қызметі бәсекелестік ортаға берілгенімен, онымен шұғылданушы мамандар жұмысты жүйелі игеріп кете алмады. Бұл да саланың құлдырауына әсер етті. Жер учаскелеріне тиісті құжаттарды дайындауды және әртүрлі кадастрлық ақпаратты беруді жерге орналастыру саласын бұзбай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарында бір-екі терезеге қажетті мамандарды отырғызып ұйымдастыруға болатын еді. Ауылшаруашылығы жерлерінің топырақ құнарлы­лығы карталарын әзірлеу және далалық іздестіру жұмыстары, топырақ құрамын зерттеу зертханалары, жайылымдардың өнімділігіне геоботаникалық зерттеу жүргізу мен геоботаникалық карталар дайындау негізгі жұмысының профилі басқа мекеменің құрамына берілді. Көптеген маман қысқартылды, ал шарттық негізде орындалған топырақ және геоботаникалық карталар мен пайдалану жазбаларының сапасын тексеретін мамандар Корпорацияда және Комитетте жоқтың қасы. Аталған жұмыстардың орындалу тәртіптерін бекітетін нұсқаулықтар мен ережелер негізінен жер реформасының алғашқы жылдары әзірленген, бүгінде ескірді. Оларды қазіргі заман талабына сәйкес жетілдіріп, толықтыру керек. Оны жүзеге асыратын тәжірибелі мамандар елімізде өте аз. Сондықтан бұл мәселені жаңадан ашылған Ғылым академиясының тиісті бөлімшесі мен Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақ зерттеу және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп ойластыру керек. Аталған жұмысқа жер саласында еңбек еткен тәжірибелі мамандарды да тартқан жөн. Жоғарыда айтылғандардың бәрі ауылшаруашы­лығының дамуына, жердің пайдалану деңгейіне, топырақтың құнарлылығын сақтауға, егістік жерден немесе жайылымнан алынатын өнімнің көлеміне әсерін тигізеді. Кейінгі он жылдан астам Ауылшаруашылығы министрлігінің құрамындағы агрохимиялық қызмет көрсету мекемесі егістік жерлер топырағының жоғарғы қабатындағы жылжы­малы фосфор, азот, калийдің құра­мын анықтау картограм­маларын бұрынғы жер саласының кәсіпорын­дары әзірлеген деректерді пайда­ланбай, ондағы топырақтың сан алуан түрлерінің контурларын есепке алмай анықтап келеді. Бұл агро­номия ғылымы принциптеріне қайшы және анықталған қоректік заттардың мөлшеріне әсер етеді. Осы орайда аталған мекемені Жер ресурстарын басқару комитетінің құрамына беріп, топырақ зерттеу және геоботаникалық іздестіру мекемесімен біріктіріп, қайта құрса, топырақтың тез жылжымалы қоректік элементтер картограммаларының сапасына оң әсер етер еді. Көршілес елдердің бәрінде жерге орналастыру және жер кадастры жүйесі негізінен сақталған және топырақ зерттеу, геоботаникалық іздестіру және агрохимиялық қызмет көрсету меке­мелері нарық жағдайында жұмыс жасайтын маман­дандырылған бір кәсіпорынның құрамында. Жаңа кәсіпорынды ұйымдастырған кезде көрші мемлекеттердің тәжірибесін ескерген дұрыс болады. Кейінгі 15-20 жылда ауылшаруашылығы мақсатын­дағы жерлердің құнарлылығы көп өңірлерде жыл сайын төмендеп келеді. Кейбір дерек бойынша топырақтың қарашірігі 40-45 пайызға азайғаны жөнінде ғалымдар дабыл қағуда. Егістік жерлерді ұзақ уақыт минералдық және органикалық тыңайтқышсыз пайдалану бір жылдары өнімнің күрт төмендеуіне әкеліп соғуы әбден мүмкін. Елде минералдық тыңайтқыштарға субсидия берілгенімен, оның пайдалану көлемі өте аз. Көптеген орта және шағын шаруа қожалықтарының тыңайтқыш алуға шамасы жетпейді. Сонымен қатар бүкіл дүниежүзінде топырақтың шөлдену үдерісі күшеюде. Аридтік аумақта орналасқан Қазақстан үшін бұл қауіпті. Әрі елдің су ресурстары да азайып келеді, оның мөлшері жаз айларында көрші мемлекеттерге тәуелді, бұл да суармалы жерлер көлемінің артуына кедергі. Жердің кадастрлық бағасын Үкімет топырақтың бонитетінің балы арқылы есептеп бекітеді. Бұл нарықтық құрал емес, дегенмен көптеген есепте, оның ішінде жер салықтары мен төлемдерін есептеуге пайдаланылады. Топырақтың құнарлылығының бонитеттік көрсеткіші шаруашылықтардың топырақ карталарының мәліметтері бойынша анықталады. Еліміздегі әртүрлі топырақтардың кадастрлық бағаларының қайта есептелмегеніне отыз жылдан астам уақыт өтті. Көрсеткіштері ескірген, заман талабына сай келмейді. Осы мәселе жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтар да жетілдіруді талап етеді. Аталған мәселелер де жаңадан құрылған Ғылым академиясының ғалымдарымен, жоғары оқу орында­рының тиісті мамандарымен бірге зерделеніп, кезең-кезеңімен шешуді күтіп тұр. Аталған мәселелерді тезірек шешу үшін, ең алдымен жиырма жылдан астам уақытта жүздеген түзету мен өзгеріс енгізіліп, қырық жамау болған Жер кодексін қайта қарау керек. Қолданыстағы Кодекстің заңнамалық мазмұны бүгінгі күннің сұранысына сай келмейді. Тиісті мамандардан комиссия құрып, қоғамдық ұйымдардың, ғалымдардың, осы саланың тәжірибелі мамандарымен бірлесе отырып, жер заңнамасының жаңа нұсқасын әзірлейтін уақыт келді. Тұрғанбай ТӘЖМАҒАМБЕТ, Қазақстан Республикасының Құрметті жерге орналастырушысы, жер саласының ардагері