Руханият

Қаламгер құрмет құшағында

Қаламгер құрмет құшағында

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин 80 жасқа толды. Қарымды қаламгердің мерейтойына орай Алматы қаласында шығармашылық кеш ұйымдастырылып, облысымыздың кітапханалары мен білім ошақтарында кездесулер өткізілді. Өткен аптада Сарысу ауданының әкімдігі талантты тұлғаға айрықша құрмет көрсетіп, тағылымға толы тойдың ұйытқысы болды.

Бұл күні Сарысу аудандық мәдениет үйіне жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Ғимараттың фоэсінде «Өрлеу» фольклорлық ансамблі күмбірлеген күйден шашу шашса, көпшілікке қаламгер шығармашылығынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Айтулы мерейтойға қазақ киносының корифейі Асанәлі Әшімов бастаған мүйізі қарағайдай зиялы қауым өкілдері, қаламдас-замандастар, шәкірттері мен аудан халқы қатысты. Әдеби кеш «Айжанқыз» би ұжымының «Шашу» биімен ашылды. Мұнан соң қабырғалы қаламгер Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылық жолын жан-жақты бедерлеген «Сексеннің сеңгіріне салған соқпақ» атты деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Деректі фильмде жазушының балалық шағы, Алматы қаласында жоғары білім алып, үлкен ортада жұмыс істеуге мүмкіндігі бола тұра туған ауылына оралуы, мектепте мұғалімдіктен бастап директорлыққа дейін сатылап өсуі, шығармашылық жолда жеткен жетістіктері, қандай жауапты қызметтер атқарса да үнемі ізденіс үстінде жүретіндігі, соның нәтижесінде көптеген жинақтарды жарыққа шығар­ғандығы туралы мол мағлұмат қамтылды. Пернебай Дүйсенбиннің балалар тақырыбында жазған тұшымды дүниелерімен қатар, қазақтан шыққан Кеңес Одағы Батыр­ларының өмірі мен ерлігі, ұлт шежіресі, туған өлке тарихы туралы жазған еңбектері де қомақты. Сонымен қатар бірқатар жас таланттардың шығармашылығын қолдап, жеке кітаптарының жарық көруіне де септігін тигізді. Бұл қатарда «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбековтің «Көктем көңіл» атты өлеңдер жинағы да оқырманға жол тартқан болатын. Осылайша деректі фильм арқылы сан қырлы жазушының өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шертілді. Салтанатты сәтте сексеннің сеңгіріндегі жазушы Пернебай Дүйсенбин мен жан жары Зағиша Сманованы сарысулықтар зор құрметпен сахна төріне шығарды. Шара барысында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев сөз тізгіндеп, өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын табыстап, аймақ басшысының сәлемін жеткізді. Құттықтау хатта Ербол Шырақпайұлы қазақ батырларының болмысын қайта жаңғыртқан қаламгердің қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі үшін қалың оқырманның, әулие­аталықтардың атынан алғысы жеткізілген. Сонымен қатар, Абдалы Тоқбергенұлы облыстық мәслихаттың құттықтауын да мерейтой иесіне табыс етті. Келесі кезекте ізгі лебізін арнаған аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйлеп, қарымды қаламгерге шапан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар биыл мамыр айынан бастап аудан мектептерінде ұйымдастырылған Пернебай Дүйсенбин оқуларының жеңімпаз, жүлдегерлерін марапаттады. Кеш иесі жүзден жүйрік атанған мектеп оқушыларына өзі салған картиналарды тарту етті. Айтулы жиында Қазақстанның Еңбек Ері, бел­гілі актер, режиссер, КСРО және Қазақстан Республикасының халық артисі Асанәлі Әшімов сөз алып, жүрекжарды тілегін жеткізді. – Пернебай інім сексенге толып жатыр деп Алматыдан біраз жұрт үдере көшіп келдік. Пернебайды кішкентай кезінен білемін. Мектепте жақсы оқыды, пысық, қоғамдық жұмыстарға да кішкентайынан ысылып өсті. Ақселеу секілді қазақтың біртуар азаматтарымен бірге оқып, тәрбие алды. Қай кезде де табиғат пен адам тығыз байланысты. Табиғат тудырады дарынды. Бойында намыс, жігері бар адамнан көп дүние туады. Пернебайдың еңбегін халық біледі. Соңғы ең үлкен энциклопедиялық шығармасы халықтың тарихына арналды. Жиырма жылдан аса сонымен айналысты. Еңбегіңе халық разы. Алдымен менің жасыма жет, содан кейін жүзге жет, – дей келе қазақ киносының марқасқасы кеш иесіне сый-сияпатын жасап, шығармашылығына толағай табыс тіледі. Мерейтойда тағы бір даңқты жерлесіміз, белгілі композитор Қазақстанның Еңбек Ері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Ілья Жақановтың бейнеқұттықтауы көпшілік назарына ұсынылып, қаламгер шығармашылығының салмақты сан қыры жан-жақты айтылды. – Пернебай ағамыздың мерейтойы деп Сарысуға Қазақстан Жазушылар одағының жартысы көшіп келгендей болып тұрмыз. Жалпы, Пернебай аға қаламгер ретінде ерте танылған. Атырау мен Алтайдың арасындағы кең-байтақ даламызда ел ішінде тұрып проза жазып, әдебиетке үлес қосып жүрген қаламгерлер саусақпен санарлықтай. Соның бірі – Пернебай ағамыз. Ақындар ауылда тұрып өлең жаза береді, ал проза жазу қиын. Себебі жазушыға әдеби орта қажет. Соған қарамастан, Пернебай ағамыз қаламын тастаған жоқ. Жаза беріңіз, немере, шөберелердің қызығын көре беріңіз, – деп Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Нұржан Қуантайұлы одақтың атынан қаламгерге шапан жауып, құрмет көрсетті. Елде жүріп еңбек етіп, ауылда жүріп Алаштың ардақты қаламгеріне айналған Пернебай Дүйсенбиннің тәлімін алған Қали Сәрсенбай қобыз үнімен әдебиет сабағын өткізген ұстаздық ұстанымына айрықша тоқталып өтіп, алғысын айтты. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбаев қаламгердің азаматтық қырларына тоқталып, жастық шақтағы естеліктерімен бөліссе, ақын Маралтай Райымбекұлы тебірене жыр оқып, інілік ізгі лебізін жеткізді. Кеш иесінің Атырау, Жаңаөзен қалаларынан арнайы атбасын бұрып келген ізбасар інілері Ерғали Жақсылықов, Орынбасар Құлбековтер, ал жамбылдық қаламгерлердің атынан жазушы-драматург Елен Әлімжан, ақын Шырын Мама­серікова, қаламгер-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиа­лының директоры, ақын Хамит Есаман ақ тілек­те­рін арнап, шығармашылығына тілеулестік біл­дірді. Бұл күні облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен арнайы делегация да қуанышқа ортақтасып, қаламгердің мерейін тасытты. Сонымен қатар «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіттің ұйытқы болуымен медиахолдингтің бір топ қызметкері мерейтой иесіне сый-құрмет көрсетті. «AR-AI»-ақпарат, Сарысу ауданы