«Әулиеата» – 13 дүркін чемпион
«Әулиеата» – 13 дүркін чемпион
Облыстың «Әулиеата» командасы көкпардан Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанды. Тараз қаласында ұйымдастырылған көкпардан ересектер арасындағы ХХІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Чемпионатқа еліміздің 15 өңірінен 171 спортшы қатысты. 10 күнге созылған дүбірлі додада облысымыздың «Әулиеата» көкпар командасы жеңіске жетіп, Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанса, Қостанай облысының командасы күміс медальға қол жеткізді. Түркістан және Қызылорда облыстарының командалары қола медальдің иегерлері атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы тағайындаған ақшалай сыйақымен марапатталды. Яғни, 1-орын – 3 000 000, 2-орын – 2 000 000 және 3-орын иегерлері 1 000 000 теңгеге ие болды. Сондай-ақ чемпионат барысында шебер өнер көрсеткен спортшыларға «Үздік ойыншы» (Құрманбек Тұрғанбек – Жамбыл облысы), «Үздік шабуылшы» (Оралхан Сұлтанов – Қостанай облысы), «Үздік қорғаушы» (Балғынбек Медетбек – Қызылорда облысы), «Үздік сәйгүлік» («Нұрқасқа» Түркістан облысы), «Үздік төреші» (Ақылбек Меңдіғалиев – БҚО), «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» (Саттархан Полат – Қостанай облысы) сынды жекелей номинациялар бойынша 200 000 теңгеден жүлде, дипломдар мен медальдар табысталды. Сонымен қатар біріншілік бағдарламасында жекпе-жек аттарының да сайысы ұйымдастырылып, астаналық «Ақжал» сәйгүлігі чемпион атанды. 2-орынды Шымкент қаласының «Хазбик» атты сәйгүлігі иеленсе, 3-орын түркістандық «Қаhарманға» бұйырды. Жекпе-жек аттары сайысының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне де ақшалай сыйақы табысталды. 1 орын – 1 000 000, 2-орын – 500 000, 3-орын – 300 000, 4,5-орындарға 100 000 теңге берілді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі