Жастар орталықтарының жұмысы жанданады
Жастар орталықтарының жұмысы жанданады
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының жанындағы жастар ресурстық орталығы директорларының кеңейтілген отырысы өтті. Кеңесті облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар ашып, жүргізді. Сондай-ақ жиналыста облыстағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысы және жастар ресурстық орталықтарын стратегиялық дамыту бөлімі басшысының ІІІ тоқсанда атқарған жұмыстарының қорытындысы талқыланды. Ал Байзақ, Меркі аудандық және Шу қалалық жастар ресурстық орталықтарының мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында ІІІ тоқсан бойынша атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Кеңесте есеп берген Байзақ аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мұхтар Қазбаев жыл басынан бері Байзақ ауданында 7 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын жеткізді. Және бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде 10 жұмыс беруші мекеме, 1 801 жұмыссыз адам қатысқанын, оның 1 553-і жастар екенін айтты. – Жәрмеңке қорытындысымен 200 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 51 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданса, 279 түлек «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 36 жас тұрақты жұмыс орындарына жолданып, 785 жас консультациялық кеңестер алды, – деді. Сондай-ақ ол ауданда кәсіпкерлік саласы бойынша және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының атқарған жұмысы, сонымен қатар жастарды ақпараттандыру және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің хаттамалық тапсырмасына сәйкес аудан әкімдігінің бөлімдерімен бірлесіп ауыл және ауылдық округтерде мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында «Jastarga kenes», «Jastarga bilim», «Jastarga qyzmet», «Jastarga jumys» жобалары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды. Ал Шу қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Шәймерден аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, биыл «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 76 жасты уақытша жұмыспен қамту үшін жергілікті бюджеттен 6 миллион 757 мың 212 теңге бөлінгенін, сондай-ақ орталық тарпынан жалпы 205 іс-шара өткізіліп, 5742 жас қатысқанын айтты. Жиын соңында Жомарт Зұлпыхар аудандарда жастармен тығыз байланыс орнатып жұмыс істеу керектігін тапсырып, кейбір жаңадан тағайындалған орталық басшыларының жұмысына сәттілік тіледі. Шапағат ӘБДІР