Жамбыл жаңалықтары

ТАРАЗДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СӘН АПТАЛЫҒЫ ӨТУДЕ

ТАРАЗДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СӘН АПТАЛЫҒЫ ӨТУДЕ

Қазан айының 12-15 аралығында Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этномәдени кешеніндегі «Шахристан» көрме павильонында «Мәдениеттер диалогі» ұранымен «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық жобасының ХІІ маусымы өтеді. Сән апталығының алғашқы күні өңірлік коммуникациялар алаңында «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев пен Қытай Халық Республикасының киім және тоқыма өндірушілер қауымдастығының вице-президенті Лию Фанг, «Mad Mood Milan Fashion Week» Президенті Мариянна Мичеллидің қатысуымен брифинг өтті. Алдымен сөз алған Айдархан Мирәліұлы сән апталығының ерекшелігі мен маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, апталыққа 11 мемлекеттен және елімізден отыздан астам сән дизайнері қатысуда. Сонымен қатар апталық аясында алғаш рет сән және қолөнер көрмесі ұйымдастырылуда. – «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық жобасы соңғы 6 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. 12 маусымның біреуі Ташкентте, біреуі Шымкентте өтсе, қалған оны Тараз қаласында ұйымдастырылып келеді. Бұл шараның мақсаты – қазақ өнері мен салт-дәстүрін шетелге таныту. Еліміздің сән өнерін дүниежүзіне паш ету, – дейді Айдархан Қалиев. Бұдан соң сөз алған Қытай Халық Республикасының киім және тоқыма өндірушілер қауымдастығының вице-президенті Лию Фанг көне Тараз қаласының қонақжайлығына ризалышығын білдірді. – Бұл менің Тараз қаласына алғаш рет келуім. Шаһардың табиғаты, мәдениеті ерекше екен. Әсіресе қонақжайлығына разы болдым. Қытай Халық Республикасы үкіметінің қолдауымен 2012 жылдан бері Азия, Еуропа сәнгерлерінің қатысуымен сән апталықтарын, көрмелер өткізіп келеміз. Айдархан Қалиевпен де таныстығымыз сол кездерден басталып, 2016 жылы келісімшартқа отырып, бірге жұмыс істеудеміз. Бұған дейін Пекин, Шыңжаң, Шанхай жақтарда бірлесіп сән апталықтарын өткіздік. Шыңжаң өлкесі – шағын ұлттардың шоғырланған ауданы. Ондағы халық Айдархан Қалиевтің туындыларын жақсы қабылдайды. Алдағы уақытта әріп­тес­тігіміз жалғасатынына сенімдімін, – дейді Лию Фанг. «Mad Mood Milan Fashion Week» президенті Мариянна Мичелли өтіп жатқан апталық әсіресе жас дизайнерлер үшін пайдалы екенін тілге тиек етті. Жастарды жаңалыққа үйрету, ерекше дизайндарды жасауға баулу, шетелдің мәдениетімен, киім үлгілерімен танысып, тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік екенін атап өтіп, тараздықтарды сән апталығынан қалмай, атсалысуға шақырды. Мұнан соң «Көне Тараз» этномәдени кешеніндегі «Шахристан» көрме павильонында Бразилия, Үндістан, Түрікменстан, Өзбекстан және тағы басқа елдердің қолөнершілерінің қатысуымен «Сән және қолөнер» халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Онда қатысушылар теріден, аң сүйектері мен мүйізінен, ағаш пен темірден жасаған бұйымдарын сатылымға шығарды. Дәл осы күні кешке «ASPARA FASHION WEEK» ХІІ маусымының ашылуында «Аспара» брендінің коллекциясы көрерменге ұсынылды. Кеште Қазақстаннан Атырау мен Астанадан келген дизайнерлер балалар киімінің коллекциясын көрсетті. Сондай-ақ көрермендерді Қырғызстаннан Татьяна Воротникова, Өзбекстаннан Lola Saifi, Түрікменстаннан Leili Xaidova есімді танымал дизайнерлер өз туындыларымен қуантты. Сонымен бірге еуропалық дизайнерлерден Италиядан «Roberto Pelegrino»-ның және Қытайдан келген азиялық дизайнер Глористің кезекті топтамасын тамашалады. Жас және дарынды дизайнерлер – Татарстаннан келген Наиля Бурганова мен тараздық Тимур Тұрсынқұлов та өз туындыларын ұсынып, көрерменнің ықыласына бөленді. Апталықтың екінші күні, яғни бүгін көрме шымылдығын жақында Миланда өз коллекцияларын көрсеткен қазақстандық ең мықты бес дизайнердің топтамалары ашты. Олардың қатарында тараздық Ирина Набоко да бар. Бұл күні әлемге әйгілі Тәжікстан дизайнері Umed Kuchkalieva-ның коллекциясы көрермендер көзайымына айналатыны сөзсіз. Кеш қонақтарын өзінің жаңа туындыларымен Қырғызстаннан Nurzat ZHeenbek, Қытайдан Wang yi Ниа және Үнді еліне әйгілі дизайнерлердің коллекциялары, Тараз қаласының жас дизайнері Серік Самалдың еңбектері таңғалдырмақ. Ал апталықтың үшінші күні Астана қаласынан келген Тоты Шекимова, тәжікстандық Нигора Насимова, қытайлық Zawre aby мен румындық, үндістандық дизайнерлердің туындылары ұсынылатын болады. Айжан ӨЗБЕКОВА aizhan-uzbekova@mail.ru