Қоғам

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ БАҚЫЛАУДА

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ БАҚЫЛАУДА

Әр жыл сайын жаз мезгілінен бөлек, жылыту маусымы басталғанда төтенше жағдай қызметкерлерінің мазасы қаша бастайды. Өйткені өткен жылыту маусымында тұрғын үй секторында 233 өрт тіркеліп, 6 адам қаза болып, 5 адам жарақат алған болатын. Ал улы газдан 4 адам қаза болып, 23 адам жарақат алған. Ал биыл 9 ай ішінде облыс аумағында 611 өрт тіркеліп, салдарынан 15 адам қаза тапқан. Жалпы былтырғы жылмен салыстырғанда өрттің саны 12 пайызға, адамдардың қаза болуы 4 есеге және жарақат алғандар саны 2 есеге көбейген. Бұл туралы жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз мәлихатын өткізген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев айтты. Мақсат Әшірбайұлының айтуынша, өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында немесе жалпы өрт санының 70 пайызы автокөлік құралдарында орын алған. – Қазіргі таңда жылыту маусымы кезінде халықтың қаза болуы мен жарақат алуын азайтуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешені іске асырылуда. Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сүйенсек, облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал тобының 5 219 тұрғын үйі есепке алынды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен өткен жылыту маусымында тұрғын үйлерде 4 202 датчик орнатылды. Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан әкімдері тарапынан аз қамтылған отбасылардың 105 жеке тұрғын үйіндегі жылыту пештеріне жөндеу, 98 тұрғын үйдің жарамсыз электр сымдарын ауыстыру және 11 тұрғын үйдегі мұржаларды тазарту жұмыстары жүргізілді, – дейді М.Әшірбайұлы. 2023 жылдың 20 қыркүйегінде 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымында тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселесі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында қаралған болатын. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасарымен бекітілген жоспарға сәйкес 2023 жылдың 15 қыркүйек-15 қазан аралығында облыстың тұрғын үй секторларында және көппәтерлі тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілген. – Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, полиция департаментінің өкілдерімен және волонтерлермен, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалы өкілдерімен бірлесіп 446 мыңнан аса ауланы аралап, 2 701 жиын өткіздік. Сонымен қатар 667 мыңға жуық адамға нұсқау беріліп, 670 мыңнан астам жадынама таратылды. Ал өрт қауіпсіздігі талаптарын насихаттау сапасын арттыру мақсатында 9 профилактикалық акция жүзеге асырылды. Яғни 2023 жылдың сәуір айынан тамыз айына дейін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері «Қауіпсіздік үшін бірге», «Отты тоқтат!», «Қауіпсіз балалық шақ», «Отсыз демалыс!», «Менің қауіпсіз демалысым», «Оттан сақ бол!», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы», «Қауіпсіз жанармай құю стансасы», «Газбаллон» сынды акцияларды ұйымдастырып, өткіздік. Оқушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын және өрт кезінде ғимараттан қауіпсіз эвакуациялау дағдыларын үйрету мақсатында білім беру объектілерінде 310 жаттығу, 682 интерактивті сабақ, 625 ашық сабақ, 380 конкурс пен викторина өткізілді. Және өрт сөндіру бөлімдеріне 44 экскурсия, «Ашық есік күні» тақырыбында 168 іс-шара ұйымдастырылды. Жалпы аталған іс-шаралар барысында 109 347 оқушыға нұсқаулық берілді, – дейді Мақсат Әкімбаев. Сонымен қатар білім беру объектілерін, мәдени-ойын-сауық, спорт объектілерінің ғимараттарынан қазандықтарды қауіпсіз қашықтыққа шығару бойынша да бірқатар жұмыс жүргізілген. Атап айтар болсақ, соңғы 2 жылда 38 қазандық қауіпсіз орынға көшірілсе, оның ішінде 32 білім беру мекемесінен, 2 денсаулық сақтау мекемесінен, 2 мәдени-ойын-сауық және 2 спорт мекемесінде ғимараттарында норманы бұзып орнатылған қазандықтар сыртқа шығарылған. Жалпы қазіргі таңда жылыту маусымында тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қатаң бақылауда. Шапағат ӘБДІР