Жаңалықтар

«ТАБИҒАТТЫҢ ӘР ТАСЫНА ДЕЙІН ҚОРҒАУЫМЫЗ КЕРЕК»

«ТАБИҒАТТЫҢ ӘР ТАСЫНА ДЕЙІН ҚОРҒАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Белгілі құсбегі, этнограф, зерттеуші-натуралист Жапар Сатылғановтың есімі тек жамбылдықтарға ғана емес, исі қазаққа жақсы таныс. Ұлттық өнердің кеңінен қанат жаюына зор үлес қосып, абырой биігіне көтерілген арда азаматтың еңбегі ескерусіз қалған емес. Өзі өмірге келген Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалінің лауреаты атанып, «Елімжан» орденін кеудесіне тағуы – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі. Бүгін Жапар Тілеужанұлы 70 жастың мерейлі белесіне шығып отыр. Осы орайда ақсақалмен жолығудың сәті түсіп, құсбегілік, этнография, экология және өзге де мәселелер жайлы әңгіме өрбіткен едік. – Жапар Тілеужанұлы, 70 жас мерейтойыңыз құтты болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын туған өлкеңіз, өскен ортаңыздан бастасақ... – Мен Шу ауданының Абай ауылында дүниеге келдім. Әкем құсбегі, атам елге танымал молда болған кісілер. Байдың тұқымынан болған. Жалпы арғы ата-бабамыздың бәрі дерлік елге танымал, ортасына сыйлы, беделді кісілер болған екен. Мәселен, Айнақыз деген үлкен әпкеміз әйел болғанына қарамастан ерлермен қатар көкпар тартып, жауға шапқан кісі дейді. Осындай текті елдің ұрпағы болғандықтан солардан жеткен тәлім-тәрбиені бойымызға сіңіріп, солардың өнегелі ісінен рухани нәр алып өстік. – Бүгінде өзіңіздің құсбегілігіңіз елге аян. Алғаш қыран құсты қолыңызға қай жасыңызда қондырдыңыз? Жалпы осы саятшылық өнер бойыңызға қалай дарыды? – Өткен ғасырдың 70-жылдары Қазақстанда бірен-саран ғана қария болмаса, құсбегілікпен айналысатын адамдар мүлдем азайып кеткен болатын. Бір күндері бүгінде қазақ кинемотографиясының жауһарына айналған «Қыз Жібек» фильмінің түсірілім тобына құс асырайтын кісілер қажет болып, біздің әкейді ауылға іздеп келген еді. Тазы ұстайтын итбегілерді де қажет еткен. Жалпы айтқанда, қазақтың көне өнерін, салт-ғұрпын сақтап қалған жандар керек болған. Сол кезден бастап әкем маған құсбегіліктің қыр-сырын үйрете бастады. «Қыран деген киелі құс, бұл өнерді бойыңа сіңіргеннен жаман болмайсың», деп мені құс ұстау өнеріне баули бастады. Кейінірек Тараз қаласында 1978 жылы өткен слетке алғаш мәрте қолға үйретілген құстарды алып келдік. Осылайша ата дәстүрді жалғастырып, осы іске ден қойдым. – Орталық Азия елдері арасында ең алғаш өзіңіз «Қауырсын» құсбегілер клубын құрып, ұлттық өнерімізді дәріптедіңіз. Осы клубтың құрылу тарихына тоқталып кетсеңіз... – Жоғарыда айтқанымдай, мен бұл өнерді үйреніп жүрген шағымда құсбегілерді саусақпен санауға болатындай аз болатын. Құсыммен қайда барсам да жалғыз жүретін едім. Сол шақтары маған «Неге орталықтандырылған ұйым ашып, ата өнерімізді жастарға үйретпеске?» деген ой келді. Сөйтіп, сол уақытта телеарнада жұмыс істеген Бақытжан Тастүлеков есімді азаматпен ақылдасып, «Қауырсын» құсбегілер клубын құрдық. Бұл Орталық Азиядағы алғаш осы бағыттағы ұйым болып тіркелді. Клубты мектеп жанындағы натуралистер үйірмесіне бекітіп, арнайы класс ашылды. Өзінің бюджеті қойылып, оқытушыларға ресми жалақы төленетін болды. Өйткені бұл әншілік, күйшілік секілді емес, қолмен істейтін жұмыс болғандықтан бұған басқаша көзқарас қажет еді. Осы тұста айта кетер жайт, қазіргі таңда шығыста Тінейдің мектебі, батыста тағы біреудің мектебі дейтін түрлі мектептерді айтып жүргендер бар. Бұл олай емес. Қазақстанда жалпы бір ғана мектеп – қазақтың құсбегілік мектебі бар. Біз осы қазақтың мектебінен үйрендік. Олай дейтінім, құсты қолға үйретудің бір ғана формуласы бар. Осыны шатастырмау керек. Біз клубтың жұмысы аясында осы мәселені елге ұғындыруды да басты назарға алдық. Біздің ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесіміз осы болды деп ойлаймын. Жалпы клуб құрылғалы біршама жұмыс істелді ғой. Десе де «Тастүлек» атты құсбегілік туралы фильм түсіргенімізді ерекше айтып өтуге болады. Сонымен қатар «Жігер» фестиваліне шақырылдық. Америка Құрама Штаттарына, Болгарияға, Венгрияға бардық. Бірнеше кітап жарыққа шықты. Осылайша клуб әлемге танылып, тарала бастады. Осының нәтижесінде Қазақстанның барлық өңірінде құсбегілердің клубтары ашылып, бүгінде жұмыс істеп жатыр. Әрине, бұған тәубе дейміз. – Қазақ елі өзіңізді тәжірибелі құсбегі деп қана емес, этнограф ретінде де біледі. Жалпы бұл бағытқа бет бұруыңызға не түрткі болды? Қазақ этнографиясының бүгінгі жағдайына қандай баға бересіз? – Құсбегілік – ұлттық өнеріміз болған соң қаласаң да, қаламасаң да этнографиямен етене жақын болуға тура келеді. Өйткені бір ғана осы салаға қатысты ұмытылып кеткен, қазіргі тұрмысымызда пайдаланылатын сөздердің қатарынан шығып қалған 1,5 мыңнан астам сөз бар. Ал ол сөздерді қайта оралту, игеру үшін әрқайсысының шығу тегін, мән-мағынасын білу керек. Осыдан келіп «Бір ғана құс асырауға қатысты осыншама төл сөздеріміз ұмытылып кетсе, өмір-тіршіліктің басқа салаларында біз білмейтін қаншама сөз бар?!» деген ой мазалай бастады. Этнографияға қызығушылығымды оятқан жайттың бірі осы еді. КСРО құрылғаннан кейін Сталиннің Одақ құрамына енген ұлттардың тарихын зерттеуге тыйым салу туралы бұйрығы болған деседі. Осының нәтижесінде Одақ құрамына енген 15 республиканың барлығында этнографияның ғылым ретінде дамуы тежеліп қалды. Нәтижесінде Мәскеу мемлекеттік университетінде ғана этнография факультеті жұмыс істеді. Ал бізге бұл ғылым ауадай қажет. Өйткені біз тарихымызды, өнеріміз бен әдебиет, мәдениетімізді зерттейміз десек, барлығының түп-тамырын осы этнографиядан таба аламыз. Бүгінде, өкінішке қарай, бұл ғылымды зерттейтін институт та, факультет те Қазақстанда жоқ. «Бізге бұл саланы қалай болса да дамыту керек» деген ойдың жетегімен менің аталған бағытқа ертерек енуіме осы бір себеп болды. Этнографияның дамымай қалуынан ұлттық бірегейлігіміз жоғалып кете жаздағанын айттық. Оған бір ғана мысал, қазіргі буын қарапайым қалпақтың қайсысы қазақтыкі, қайсысы қырғыздыкі екенін ажырата алмайды. Мәселен, біздің қалпақтың жиегі бүтін болып келеді. Ондағысы: «шаңырағың бүтін болсын» дегені. Ал төбесі дөңес болуы «түндігің түзу болсын» дегені. Ал қырғыздың қалпағының маңдай тұсы айыр болып келеді. Біздің «айырқалпақты ағайын» дейтініміз де осыдан. Ол «айылға қараңдар», яғни «ауылға қараңдар» дегені. Осы мәселенің мән-жайын қазақ та, қырғыз да ұмыт қалдырды. Қайбір жолы қырғыздың бір азаматына екі ұлттың қалпақтарының айырмашылығын айтқанымда ол бұрын бұл жайтқа назар аудармағанын айтып, таңғалды. Өкінішке қарай, қазір мұның түп-тамырына жетіп, анығын білейік деп жоғын жоқтап жүргендер қалмады. Кеңес одағының бір ғана ғылымның тынысын тарылтуының салдары ұлттардың өз тарихын, болмысын ұмытуына алып келді. Менің этнографиямен айналысуыма осындай мәселелер түрткі болып отыр. Осыдан біраз жыл бұрын қазіргі Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты Тараз инновациялық-гуманитарлық институты болып тұрған шақта, мен оқу орнының басшылығына университетке Шерағаңның атын беру туралы ұсынысты алғашқы болып айтқан едім. Араға жылдар салып, бұл ұсынысым жүзеге асты. Бас ғимаратының алдына еңселі ескерткіші де қойылды. Ендігі ұсынарым – осы аталған институттан ба, әлде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінен бе, этнография факультетін ашу қажет. Өзіміздің түп-тапырымызды осылайша түгендемесек, ертеңгі күні кеш болуы әбден мүмкін. – Жоғарыда атап кеткен «Тастүлек» фильміндегі басты кейіпкердің рөлін өзіңіз сомдадыңыз. Осы фильмді түсіру идеясы қалай туды? – 1981 жылы мені республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестиваліне қатысуға шақырды. Шара аясында клуб мүшелері Алматыда ұйымдастырылған «Алтыбақан» атты телетүсірілімге қатыстық. Бағдарламадан кейін Қазақ телевизиясы жастар редакциясының бас редакторы Құсман Игісінов мені және Мұхтар Шахановты шақырып, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Осы сұхбат барысында құсбегілік өнерін дәріптейтін фильм түсіру идеясы туды. Кейін режиссер-оператор Аймұхан Қарабалин сценарий жазып, мені кеңесшілікке тағайындап, телефильм түсіруді бастадық. Фильмнің бас кейіпкері ретінде мен таңдалдым. Кинотуынды Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарында, Алматы облысының Дегерес ауылында 2 жыл түсірілді. Бұл КСРО құрылғалы бері құсбегілік жайлы түсірілген тұңғыш туынды еді. Алғашында фильмнің хронометражы 55 минуттай болатын. Алайда Мәскеудің «тәптіштеп» тексергенінен кейін оның ұзақтығы небәрі 15 минут болып қалды. Дегенмен біз үшін ұлттық өнеріміз жайлы қысқа да болсын бір фильм шыққанының өзі үлкен жетістік еді. Қазіргі уақытта оның толық нұсқасы сақталған-сақталмағанынан хабарым жоқ. Бар болса, телевизияның қорында тұрған шығар. Аймұхан Қарабалин «Өле-өлгенімше фильмнің кесілмеген нұсқасын сақтаймын» деп еді. Өкінішке қарай, ол кісі о дүниелік болып кетті. Жұбайы да жоқ. Ол кісілердің фильмді қайда сақтағаны туралы біле алмадық. Десе де біз оны іздеп жатырмыз. Кім біледі, бір күні бір жерден шығып қалар. – Саятшылық өнерін насихаттайтын бірқатар кітаптың авторысыз. Демек, бойыңызда жазушылық қасиеттің де бар болғаны ғой? Осы кітаптарыңыз хақында айта кетсеңіз. Жақын арада жарық көретін жаңа кітаптарыңыз бар ма? – Бүгінгі таңға дейін 10 кітап шығарған екенмін. Оның барлығы өмір жолымда көргенім, білгенім, істеген жұмыстарым жайында жазылған. Мәселен, мен 20 жыл басшылық еткен «Андасай» қорығының құрылғанына 40 жыл толуына орай «Талбесік» деген кітап шығардық. Ол бір қиын-қыстау заман еді. Соған қарамастан барымызды салып, қорықтың тарихы, онда істелген жұмыстар жайлы осындай жинақ дүниеге келді. Келесі «Үш асыл ана» атты кітаптың жазылуына да үлкен себеп болды. Жалпы біз Бәйдібектен, оның үш әйелі – Сарыбәйбіше, Зеріп ана және Домалақ анадан тараймыз ғой. Алайда ел арасында «сен басқа анадан, мен басқа анадан тарағанбыз» дейтін майда әңгімелер көбейіп кетті. Осы мәселе мазалап жүргенде маған «Атамыз бір, біз неге бөлінеміз?» деген ой келді де, осы кітапты жазып шықтым. Ол үш анамызға арналған 3 дастаннан тұрады. Ал «Қауырсын – табиғат достарының клубы» атты кітап құсбегілікке арналған. Кеңес дәуірінде үкіметтің қолдауымен басылған. Айта кетер мәселе, бұл кітап жарыққа шығардан бұрын «Өз шаңырағыңа табын» деп аталған. Жазылған шағында 150 баспа табақпен шығару жоспарланған. «Қолында қайшысы бар» азаматтардың қарауынан өткен соң жұп-жұқа кітапша ғана болып шықты. Сол кезде «өз шаңырағың» дегенің не? Біздің ортақ шаңырағымыз – КСРО. Елден бөлініп, бөлек шаңырақ құрмақсың ба?» деп кері тартқандар болған. Құдайдың көзі тура болып, бүгін ұлттық құндылықтарымыз жайлы еркін айта алатын заманға қол жетті ғой. Қазір облыс әкімдігінің қолдауымен жергілікті жазушылардың кітабын шығару ісі қолға алынып жатыр. Баспаға берілуге бекітілгендерінің ішінде менің де кітабым бар екен. Оның атын қайтадан «Өз шаңырағыңа табын» деп қойдым. «Қауырсын – табиғат достарының клубы» кітабына енбей қалғанын осында қостым. Онда бүгінгі айтылған әңгімеміздің де біразы тарқатылып көрсетілген. Бұйыртса, осы айдың аяғында 265 бет болып жарыққа шығады деген жоспар бар. Сондай-ақ Тәуелсіздік тойына арналған «Наркескен» поэмалар топтамасы, Сарыбәйбіше анамызға арналған «Үлкен Анаға тағзым», «Марау ана», облысымыздың 70 жылдығына арналған «Жыр-дастан» атты саяси-тарихи термелер жинағы, «Ұлағат», «Тарихи тұлға», «Табиғат – менің байлығым» секілді кітаптар бар. Ал «Секер батыр» атты кітапта Шу өлкесін мекен еткен Секер атты баһадүр жайлы деректер жинақталған. Бұл кісі – менің атамның әкесі әрі атақты Сыпатай батырдың жиені. Ол кісі ел басқарып тұрған тұсында Әулиеата уезінің билігінен Шу өлкесінің құнарлы жерлерін орыс переселендеріне беріп, ол жерде поселкі құру туралы бұйрық келген екен. Алайда батыр оған қарамастан көшіп келушілерге жер беруге қарсы шығып, уез басшылығының құжатына бағынбаған. Сөйтіп, жергілікті жұртшылықтың атақонысын сақтап қалған. Секер батыр осы ісі үшін өлтірілген. Кітапта оның өмір жолы мен оған жасалған қастандық жайлы толық деректер жиналған. Жазушылық қасиетке келер болсам, мен мектепті тәмамдаған соң әдеби институтқа түспек болғанмын. Оның реті келмей, кейін «Охотоведение» мамандығы бойынша білім алдым. Ал мектеп кезінде кластағы қабырға газетін үзбей шығарып отыратын едім. Аудандық газетке, сондай-ақ облыстың «Еңбек туы» газетіне жазып тұрушы едім. Өлең де жаздық. Біршама конкурста бәйге алдым. «Адамға ең пайдалы білім – өзі іздеп тапқан білім» дейді ғой. Сол сияқты мен де еңбек ете жүріп ізденіп, талпыныстың арқасында кітап жазуға жеткен адаммын. Дегенмен әкем шертпе күйдің шебері еді. Өлең де жазатын. Бұл қасиет солардан қонған шығар деп ойлаймын. – Өмір жолыңызды табиғатты қорғауға арнап, талай жыл «Андасай» қорығында директор болдыңыз. Осы қорықтағы басшылық жылдарыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Жалпы аталған қорықтың табиғи байлығы қандай? Кейінгі ұрпаққа қалдырар қандай мұрасы бар? – «Андасай» қорығы – мемлекеттік зоологиялық заказник. 1 миллион гектар жері бар. Онда арқар, құлан, қарақұйрық, бөкен, елік, борсық, жалпы барлық аңдар мекен етеді. Біз соларды сақтау, басын көбейту мақсатында ғылыми жұмыс жүргіздік. Ол біздің облыстағы ең мықты қорықтың бірі болды. Кезінде бұл жерде киіктердің қыстауы болған. Онда киіктер жүздеп, мыңдап өретін. Бір өкініштісі сол, қазір «Андасай» қорығы Алматы облысының теңгеріміне өтіп кетті деп естідім. Мен басшылық еткен кезде әр жерге жазып, сақтап қалудың амалын істеп жүруші едім. Мен зейнетке шыққан жылы-ақ беріп жіберіпті. Іздеушісі, сұраушысы болмады. Қазір мен барда жасалған дүниенің несі кетіп, несі қалғанынан бейхабармын. Қолда бар байлықтан осылай оңай айрылып қалғанымыз қатты қынжылтады. Көпшілік біледі ғой, біздің облысымызға араб елдерінің шейхтары келіп, құс салып, саятшылық құрады. Олар – қалтасы қалың адамдар ғой. Келгенде біраз қаражатын осында жұмсап кетеді. Қазынаға едәуір қаржы түсіп жататын. Осы істі жолға қоя алмады, дайын табыс көзінен айырылып қалды. – Жас кезіңізде құсбегі ретінде бірнеше халықаралық ұйымдарда мүше болғаныңызды білеміз. Осы ұйымдармен қазір байланыс бар ма? Сондай-ақ бүгінгі құсбегілік өнерінің дамуы хақында ой қозғай кетсеңіз... – Құсбегілік өнерді дамыту жолында бірқатар ұйымның мүшелігіне өтіп, берік байланыс орнаттық. Соның ішінде мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тың Луизиана штатындағы «Hawking» құсбегілер клубына мүше болғанымды ерекше айтуға болады. Қазір ол клубтармен байланысып, пікір алмасып отырамыз. Зейнетке шыққан соң арнайы шақырумен төрешілік етуге барамын. Құс баптау өнерінің дамуына келер болсақ, бір қуантатыны, құсбегілік Қазақстанға кеңінен жайылды. Құс үйретумен Еуропа елдеріне дейін айналысатын болды. Қазір құс салып ешкімді таңғалдыра алмайсың. Бірақ оның шыққан жері қазақ даласы екенін ұмытпау, ұмыттырмау керек. Бұл үшін бізге бұл іске басқа көзқараспен, басқа қырынан келген дұрыс деп ойлаймын. Ол үшін не істеу керек? Мәселен, біз Ақан серіні жақсы танимыз. Ол ақындығы, домбырашылығы бар, бәйгеге ат қосқан, құс салып, тазы жүгірткен кісі болған. Бір сөзбен айтқанда, сері болған. Бізге осындай жеті өнерді бойына сыйдырған қазақтың жігіттерін тауып, оларды жарыққа шығару керек. Олар жазда ат баптап, бәйге шапса, қыстыгүні құсбегілігімен айналысады. Сонда оларда мезгілдік үзіліс болмайды. Мұны «аз шығынмен көп істі бітіру» дейді. Ол үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Дегенмен қазынаның қаражаты қайда жете береді дейсіз? Сол себепті Үкіметке иек артып отырмай, өзін-өзі қаржыландыра алатын тұстарын да ойластырған дұрыс. Шетелдік ұйымдармен келісімшарт жасасын, туристерді тартсын, кино түсірсін, әйтеуір өз шығынын өзі жауып отырғаны абзал. Серілік өнер қазақтан басқа халықта жоқ. Біз осы өнердің бойына қайта қан жүгіртуіміз керек. Сонда ғана әлем бізге назарын аударады. Алдағы мақсатым – осы істегі сеңнің қозғалуына қол жеткізу. Ендігі кезекте құсбегіліктің спорттық қырына тоқталсақ. Кеңес одағы кезінде құс баптайтын адамдарды құсқа табынушылар деп санады. Бұл өнерді сақтап қалу үшін біз бұл кәсіптің дінге қатысы жоқ екенін айттық. Алайда бізге сене қоймады. Сондықтан біз құс салуды спорт ретінде қайта қарастырып, ұлттық спорттың бір түрі деп қана алып қала алдық. Қазір бұл өнер спорт түрінде қалып қойды. Дегенмен оның спорттан әлдеқайда биік тұратынын, оның қазақтың төл өнері екенін жалпыға таратуымыз қажет. Спорт болуы құсбегіліктің бір саласы ғана екенін, оның арғы жағында қаншама тарихтың жатқанын ұмытпау керек. Өйткені құсты қалай баптау керек екенінің формуласын шығару үшін қаншама ұрпақ зерттеу жүргізді, тер төкті. Сондықтан құсбегілік ұлтымыздың этнографиясының ажырамас бөлігі болып қала береді. – Зейнетке шыққаннан кейін «Ұлы шаңырақ» атты республикалық газет аштыңыз. Осы басылымды ашу идеясы қайдан туды? Оның келешегінен не күтеміз? – Елде тыныштық болуы үшін, ең әуелі, бірлік болуы керек. Бірліктің болуы үшін Қазақстанды мекен еткен этностар тығыз байланыста болып, бір-бірін сыйлауы қажет. Ал бізде қалай? Бізде ұлттар достығы тек 1 мамыр күнін тойлайтын кезде ғана еске түсіп, ертесіне қайта қалып қояды. Мен бұл газетті еліміздегі барлық ұлттарға арнап ашқан едім. Басылымның әр санына этностардың тарихы, салт-дәстүрі жайлы мақалалар, олардың ой-пікірі, жетістіктері жайлы жазбалар жарияланып тұрса, оны өзгелері оқыса, сонда ғана біз бір-бірімізді танып, түсінеміз. Барлығымыз бір Ұлы шаңырақтың астында отырмыз. Шаңырақтың негізі – қазақ десек, өзгелері айналасына бірігіп, бір мақсат аясында тірлік етсе, сонда ғана өрісіміз кеңеймек. Ол үшін ұлттардың үні болар газеттің қажеттілігі айқын. Менің ойымша, мұндай басылымдар әр облыста болғаны дұрыс. – Экологияға қатысты ойларыңызды ашық айтып, бірқатар мәселе көтеріп келесіз. Күні кеше Президент халыққа арнаған Жолдауында да бұл бағытқа баса ден қойды. Қазіргі экология төңірегінде не айтар едіңіз? Атом электр стансасы сынды жобалар бізге қазір қажет пе? – Өздеріңізге белгілі, кең даланың киесі саналатын киіктерімізді жойып ала жаздап, әрең сақтап қалдық. Аталған мәселе шешімін таппай тұрғанда мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасына қосылып, арнайы жоба жазып, нәтижесінде оларды жойылып кетуден аман алып қалдық. Қазақстан бойынша аталған бағдарламаға қосылған жалғыз мен екенмін. Өкініштісі, «сол кезде сіз еңбек етіп едіңіз, маңызды іске үлкен үлес қосып едіңіз» деп елеп жатқан ешкім жоқ. Оған ренжімеймін де. Бастысы бөкендеріміздің басы көбейіп, даламыз қайта киікке толды. Енді олардың саны шамадан тыс өсіп кетуіне байланысты азайту жолдарын қарастырып жатыр. Оны шешудің жолы қиын емес. Бетпақдаланың киіктері – киіктің ішіндегі ең салмағы ауыры, ең биігі, ең тектісі. Ал еліміздің батысындағылары бұлардан дене тұрқы жағынан болсын, басқа жағынан болсын кіші болып келеді. Батыстағы киіктердің санын азайту үшін олардың Бетпаққа көшуін ұйымдастыру керек. Өйткені бұл дала қазір бос жатыр. Одақ кезіндегідей онда мыңғырған мал жайылмайды қазір. Бетпақдаланың төсіне 1 миллион киік емін-еркін сыяды. Жалпы табиғат тозса, ел азады. Соны түсіну керек. Табиғатта артық нәрсе жоқ. Егер біз бір жыртқышты «зиян екен» деп жойып жіберсек, одан зоры пайда болуы мүмкін. Сондықтан табиғаттың әр жәндігі, әр тасына дейін қорғауымыз керек. Атом электр стансасына келер болсақ, мен оның салынғанын қолдаймын. Өйткені табиғи таза қуат көзінің болғаны дұрыс. Біздің облыста әлі күнге дейін газ тартылмаған ауылдар бар. Егер АЭС салынар болса, оларға электр энергиясын пайдаланып-ақ тұрмыстық қажеттіліктерін түзеп алуына жол ашылар еді. Алайда оны салу ісін бұл салада тәжірибесі бар Жапония секілді елдің мамандары жүргізгені дұрыс. Бастысы – бұл туралы халыққа дұрыс ақпарат беріп, жан-жақты түсіндіре білу. – 70 жыл өміріңізде көргеніңіз де, ойға түйгеніңіз де көп. Бүгінгі шыққан белесіңізден артқа көз салып, «Біз қай жерде ұттық, қай жерден ұтылдық?» деген сауалға жауап іздеп көрдіңіз бе? Осы жылдар ішінде алға қойған мақсаттарыңызды орындай алдым деп айта аласыз ба? – Жалпы біздің буын екі заманды көрдік дейміз ғой. Кеңес кезінде халықтар бір-бірімен теңесті деп айтамыз. Экономикалық тұрғыда дамып, өндірісіміз өркендеді дейміз. Дегенмен өзге ұлттардың тарихына, мәдениетіне, тіліне тұсау салынды. Бұл – біздің ұтылған тұсымыз. Алайда өз билігі өзінде болғанға, тәуелсіз мемлекет атанғанға ештеңе жетпейді. Құдайға шүкір, бұл күнге де басымыз аман, бауырымыз бүтін жеттік. Біздің ұтқан тұсымыз – осы. Бұл тұрғыда өзімнің бір шумақ өлеңімді оқып берейін: Қазақ – биік, өзіне тас ұрмаса, Қазақ – дархан, пейілін жасырмаса. Қазақ ұлт боп ешқашан қала алмайды, Өз тілі, өз діні, өз тарихына бас ұрмаса. Осы секілді ендігі кезекте бүгінгі ұрпақтың мақсаты – осы байлығымызды сақтап қалу. Ұлтымыздың тілін, дінін, тарихын, мәдениеті мен әдебиетін дамытуы керек. Ол үшін бірлік, ынтымақ, татулық қажет. Өйткені бір отбасы тыныш болса, бір ауыл тыныш, бір ауыл тыныш болса, бір облыс тыныш, бір облыс тыныш болса, ел де тыныш болады деген сөз. Осыны ұмытпасақ екен. Екінші сұраққа келер болсам, жоғарыда айтып өткенімдей, осы жасқа келгенше қазаққа керек нәрселерді сақтау, дамыту, дәріптеуге бағытталған бірқатар жұмыс істедім. «Барлығын жетеріне жеткіздім» деп айта алмаймын. Алайда шама-шарқымның жеткенінше, қолымнан келгенінше істей алдым деп ойлаймын. Ал бұдан кейінгісі қазіргі, өсіп келе жатқан ұрпаққа аманат. Олар бұл істі ары қарай жалғастыра ма, жоқ ісіміз осымен тоқтап қала ма, оны өздері шеше жатар. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Мұратхан ӘЛІМХАН