Жас химиктер жарады
Жас химиктер жарады
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері Астана қаласында өткен республикалық инновациялық идеялар байқауына қатысып, I орынды жеңіп алды. Жеңімпаз атанған жас ғалымдар 5 000 доллар қаржылай сыйақыға ие болды. Ал Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті II орын алса, Назарбаев университетінің студенттері үздік үштікті түйіндеді. «Shell» және «Kazenergy» компаниясының қолдауымен өткен білім додасында қатысушылар барлығы 90 жоба ұсынып, 15 команда финалға өтті. Химия және химиялық технология кафедрасының 4-курс студенттерінен құралған «Ученые» командасы 15 топтың ішінде ең жоғары балл жинап, көш бастады. Бұл тұрғыда команда құрамы Аяулым Дарханбек, Аяулым Қанжан, Аяулым Исмайл және Ұлжан Қанатбектің ізденістері атап өтуге тұрарлық. «Student Energy challenge» инновациялық идеялар байқауына Дулати студенттері «Ауылшаруашылық қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналы сүзгі дайындау» жобасын ұсынды. Жоба жетекшісі – Phd доктор Маржан Калмаханова. Ал команда капитаны – Ұлжан Қанатбек. Алдағы уақытта жас химиктер ұтқан қаражатты стартап-жобаны жүзеге асыруға жұмсамақ. Дулати университеті ғылымға ден қойған жастарды әрдайым қолдайды. Болашақ мамандар түрлі жобаларға, байқауларға қатысу арқылы өз мүмкіндіктерін көрсетіп, шыңдалып келеді. Университет басшылығының, факультет ұстаздарының қолдауымен жастар өз идеяларын ұсынып, қатарынан оза шыққандар жүлделі орындардан көрініп жүр. Жоғарыда көрсеткен жеңімпаздар осы сөзіміздің айғағы болса керек. Жас химиктер өз жобаларын ұсынып, идеяларын жүзеге асыру үшін көп ізденіп, талпынады. Зертханада тәжірибе жасап, дәлел-дәйектерге сүйене отырып жұмыс жасайды. Бұл бағытта Химия және химиялық технология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы жас зерттеушілерге көмегін көрсетіп, қолдау білдіреді. Жеңімпаз жастарымыз «Ауылшаруашылық қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналы сүзгі дайындау» стартап-жобасын әрі қарай зерттей түсіп, өндіріске қажетті жаңалық ұсынады деп үміттенеміз. М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің баспасөз қызметі