Білім

ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – ҰСТАЗДАН

ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – ҰСТАЗДАН

Халқымыздың аяулы перзенті, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – ұстаздыкі» деген қанатты сөзі бар. Шынында, бұл сөз ерекше мәнге ие. Себебі ертеңгі ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, бойына жақсы қасиеттерді дарытуда ұстаздардың еңбегі зор. Педагогтардың қоғамның қарыштап дамуына қосып жатқан үлестері де қомақты. Сондықтан мұғалімдер қандай құрметке болса да лайық. Қордай ауданында ұлағатты ұстаздарға лайықты қолдау көрсетіліп келеді. Сала мамандарының төл мерекесіне орай салтанатты жиын өткізіліп, аудан әкімі Бегзат Болатбеков жылы лебізін білдірді. Білім бағытында қол жеткен табыстар әңгіме өзегіне айналып, алдағы мақсаттар айқындалды. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздар, аудандық білім мекемелерінің басшылары мен мұғалімдер бас қосқан мерекелік шарада бірқатар педагог марапат төрінен көрінді. Атап айтатын болсақ, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен ардагер ұстаздар – Арыстанбек Молдажанов, Зәуре Жұмабаева марапатталды. Қазақстан Республикасы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Суджата Сарғасқаева, «Әлеуметтік әріптестік» төсбелгісімен Гүлбану Абдуллина марапатталды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатын Байрам Бекжанов алса, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын Ақмарал Сабырова иеленді. Ал бірқатар ұстаздарға облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің Алғыс хаты табыс етілді. Мәртебелі мамандық иелерінің еңбегін дәріптеп, құрметтеуге бағытталған шарадағы марапаттар легі мұнымен толастамады. Сахна төріне шыққан Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков білім бөліміне қарасты мекемелер арасында өткен аудандық «Орта білім беретін үздік ұйым» атты байқаудың жеңімпаздарын марапаттаса, Білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық филиалының төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева ардагер ұстаздарға құрмет көрсетті. Сонымен қатар мерекелік жиында жас мамандар көпшіліктің алдында салтанатты түрде ант қабылдап, ардагер ұстаз Серікжан Айдынбаевтың ақ батасын алды. Шара соңы әуелеген әнге толы мерекелік концертпен жалғасын тапты. Сәуле МУХАДИНҚЫЗЫ, журналист, Қордай ауданы