«МЕНДЕЛЕЕВ СЫНЫБЫ» АШЫЛДЫ
«МЕНДЕЛЕЕВ СЫНЫБЫ» АШЫЛДЫ
Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Менделеев сыныбы» жобасының салтанатты ашылу жиыны өтті. Университет қабырғасында ашылған бұл сыныпта мектеп оқушылары білім алып, химия және математика бағытында шыңдалатын болады. Іс-шараға Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті профессор-оқытушылар құрамы, «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлері, Тараз қаласындағы химия пәнінің ұстаздары, ата-аналар және Дулати университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Алғаш болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысушыларды ашылу салтанатымен құттықтап, жобаның маңыздылығына тоқталды. – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай Қазақстанда беделді шетелдік университеттердің кемінде бес филиалын ашуды тапсырған. Мемлекет басшысы жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды екенін айтты. Алғашқылардың бірі болып М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Президенттің тапсырмасын орындап, стратегиялық серіктестер – Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС-мен бірлесіп, химия өнеркәсібі үшін мамандар даярлау жөніндегі келісімге қол қойды, – деді Нұржан Сәбитұлы. Сонымен қатар ол бірнеше онжылдықтар бұрын өңірде химия саласы қарқынды дамығанын, кейін өндірісте құлдырау болғанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта химия саласын қайта жаңғырту қажеттігін айтты. Келесі кезекте Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов аталмыш жобаның оқушылар үшін қаншалықты керек екенін атап өтіп, келген қонақтарға алғысын білдіріп, оқушыларды практикалық дағдыларды игеруге шақырды. Үшжақты келісім негізінде жүзеге асатын жоба аясында алғашқылардың бірі болып 43 оқушы қабылданғанын жеткізді. Жоба жұмысы жемісті боларына сенім білдірді. «Айта кету керек, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті – білім беру саласындағы әлемдік деңгейдегі университет. ТМД елдері мен шетелде химия және химия технологиясы саласы бойынша жетекші ғылыми орталық. «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауытының директоры Альберт Юн «Менделеев сыныбын» құруда төккен тер ақталып, оң нәтижеге бірге жетуге тілек білдірді. Сондай-ақ оқу озаты болған түлектер тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтамасыз етіледі деп уәде берді. Д.И.Менделеев атындағы РХТУ білім беру бағдарламаларын дамыту және халықаралық қызмет жөніндегі проректорының орынбасары Георгий Шахгильдян «Менделеев сыныбы» жобасының таныстырылымын көпшілік назарына ұсынды. Таныстырылымда оқу жобасы жайлы толық ақпарат беріп, осы саланы таңдаған оқушылар мен студенттерге сәттілік тіледі. РХТУ өкілі химия саласы теория мен тәжірибені керек ететін күрделі әрі қызықты ғылым екенін айтты. Ұстап, көріп, зертханада түрлі тәжірибе жасау арқылы ғана бұл салаға тереңнен бойлауға болатынын болашақ химиктерге түсіндірді. Тұңғыш рет Дулати университетінде ашылған «Менделеев сыныбына» қабылданған 43 оқушы сахнаға шығып, салтанатты түрде ант қабылдады. «Менделеев сыныбы» жобасының басты мақсаты – өңір жастары арасында химия және инженерлік мамандықтардың беделін арттыру және жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндерді тереңдете оқыту, сондай-ақ химия бағыты бойынша білікті кадр даярлау үшін химия мен математика пәндерін оқыту деңгейін арттыру. Сонымен қатар халық арасында химиялық білімді дәріптеу, оқушылар үшін кәсіпалды оқытудың тәжірибеге бағдарланған моделін жасау, мектеп түлектерін оқуға түсуге сапалы даярлау ісіне жіті көңіл бөлінеді. «Менделеев сыныптарын» аяқтаған соң түлектердің Дулати университеті мен Д.И.Менделеев атындағы РХТУ қабырғасында оқуын жалғастырып, сапалы білім алуға мүмкіндігі бар. Жас жеткіншектерге сабақты мектеп мұғалімдерімен қатар, Дулати университетінің профессор-оқытушылар құрамы береді. Мұғалімдер университет оқытушыларымен тәжірибе алмасып, өз білімін шыңдай алады. Осылайша мұғалімдер үздіксіз әдістемелік қолдау алады, ал оқушылар химия және басқа да жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша білімдерін жақсартады. Сондай-ақ байқаулар мен олимпиадаларға қатысуға, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге дайындалады. Дулати университеті Химия және биология кафедрасының меңгерушісі, доцент Асылжан Мажибаев оқушылардың сабақ өту тәсілі туралы айтып берді. – РХТУ ұстаздары аптасына екі рет вебинар-сабағын өтеді. Профессор-оқытушылар онлайн сабақты түсіндіріп, оқушылармен байланыс орнатады. Дулати университетінің оқытушылары аптасына бір рет сабақ өтеді. Зертханада тәжірибе жасайды. Жобаның басты серіктесі «Қазфосфат» ЖШС биыл 50 оқушыны қамтитын көлемде қаржыландырды. Болашақта оқушылар саны артады деп күтіп отырмыз. Химия бағытында оқыған білікті маманды аталмыш завод жұмыспен қамтамасыз етеді. Білікті маманның жалақысы да жоғары, әрі кәсіби өсе алады,-деді ол. Химия пәнінің мұғалімі әрі блогер Ұлан Үсеновтың оқушының сабаққа қызығушылығын ояту тақырыбында өткен шеберлік-сағатына көрерменнің ықыласы ерекше ауды. Қашықтан оқыту форматында сабақ берген кезден бастап қолға алған ерекше сабақ беру әдісі оқушылардан бөлек көп оқырманның қызығушылығын оятқан. Бүгінде танымал блогердің әлеуметтік желіде оқырманы көп. Қызықты видеолар арқылы химия сабағын тартымды етіп түсіндіреді. Шеберлік-сағатын «TikTok» әлеуметтік желісіне сала бастағанда тек оқушылардың қызығушылығын арттыруды мақсат еткенін айтады танымал тиктокер. Кейін ұстаз өз бастамасының көптің көңілінен шыққанын көріп, жалғастыруды жөн санаған. Шеберлік-сағаты болашақ химиктерді шабыттандыра түсті. Химия сабағын ерекше ден қойып оқитын, №30 мектептің 10 сынып оқушысы Әлия Ерланқызы «Менделеев сыныбының» тыңдаушысы атанған оқушылардың бірі. Ол химия саласы бойынша мықты маман болғысы келетінін, өз мақсатына жету үшін жобаға қызығушылық білдіргенін айтты: – Химия – қиын бағыт. Бірақ ол мен үшін ең қызықты сабақ. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді қызығып оқимын. Зертханадағы жұмыс, түрлі тәжірибе жасау өзіме ұнайды. «Менделеев сыныбында» жоғары оқу орнында химияны тереңдете оқу мүмкіндігіне ие болдық. Жобадан сапалы білім күтемін, – дейді болашақ химик. Айжан Өзбекова