Руханият

Ғылыми тағылымдаманың пайдасы мол

Ғылыми тағылымдаманың пайдасы мол

Бүгінде жоғары оқу орындарына қойылар талап күшейіп келеді. Жалпы заман ағымына қарай білім берудің барлық сатысы әрі қарай жетілдіре түсуді қажет етсе, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасын арттыру – кезек күттірмес мәселе. Себебі барлық салаға автоматтандыру жүйесі енгізілгенімен білікті кадр мәселесі қашанда өзекті болып қала бермек. Өйткені адами фактор әрқашан маңызды.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты – бірқатар рейтингтік көрсеткіштер бойынша алдыңғы орындарға шыққан өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі. Әйтсе де бұл осы мәртебені малданып, қол қусырып қарап отыра берсе болады деген сөз емес. Бәсекеде талапкерлердің таңдауы көп түсетін дәрежеге көтерілу үшін оқу ордасы білім сапасын көтеріп, шетелдік әріптестікті дамыта түсуде. Жақында аталмыш оқу орнының бірқатар ұстазы «Болашақ» бағдарламасы шеңберіндегі «500 ғалым» жобасы аясында шетелде тағылымдамадан өтіп келді. Іс-тәжірибе әлемдік стандарттар бойынша, Қазақстанда жоғары білім берудің табысты көшбасшыларын даярлау мақсатында ұйымдастырылды. Институт мамандары «Жоғары білім беруді басқарудағы көшбасшылық» тақырыбы аясында тиімді қабілеттерін дамытуға баса назар аудара отырып, жеке интенсивті оқу бағдарламасынан және интенсивті практикадан өтті. Оқу орнындағы «Экономика және бизнес» факультетінің аға оқытушысы, Ph.D. Мұрат Нурғабылов, аға оқытушы Жанар Саркулова Храбра Черноризца атындағы Варна Еркін университетінде, сондай-ақ заң факультетінің аға оқытушысы, Ph.D. Гүлнұр Түлеубаева Стамбұл университетінде жоғары білім беру мамандарымен қарым-қатынас жасай отырып, үлкен тәжірибе алмасу мүмкіндіктеріне ие болды. Тағылымдама идеялармен алмасу платформасын ұсына отырып, берік интеллектуалды желілерді, ғылыми және білім беру қауымдастықтарын құрады. Жеке бағдарламаны ұсынумен қатар, университетпен байланысты сарапшылардың дүниежүзілік желісін тарту арқылы Қазақстанның жоғары білім берудің жетекші менеджерлері, танымал ғалымдары мен білім беру көшбасшылары арасындағы байланысты дамытуға және нығайтуға бағытталған. Қазіргі таңда елге оралған оқытушылар институтта шетелде алған білімдерін студенттерге дәріс оқуда қолданып келеді. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru