«ҚУАНҒАНЫМНАН ЖЫЛАП ЖІБЕРДІМ...» 10 ЖЫЛ БҮЙРЕГІМЕН АЛЫСҚАН НАУҚАС ТАРАЗДА ЕМДЕЛІП ШЫҚТЫ
«ҚУАНҒАНЫМНАН ЖЫЛАП ЖІБЕРДІМ...» 10 ЖЫЛ БҮЙРЕГІМЕН АЛЫСҚАН НАУҚАС ТАРАЗДА ЕМДЕЛІП ШЫҚТЫ
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында жақында ғана алғаш рет жасалған донорлық бүйректі ауыстыру бойынша операция сәтті өткен еді. Нәтижесінде 22 жастағы қыз емін алып, үйіне шығарылды.
2013 жылдан бері зақымдалған екі бүйрегі істен шығып, диализ аппаратына таңылған бойжеткен өмірден күдерін де үзіп қойыпты. Өздігінен бойындағы сұйықтықты сыртқа шығара алмай, дерті тұрақты гемодиализ науқасына айналған соң, олар Қарақалпақстаннан Тараз қаласына көшіп келген. Өзінен басқа отбасында 4 бауыры бар және әкесі қайтыс болып кеткен оның жұмыссыз анасынан басқа сүйенер ешкімі жоқ екен. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке өтінішпен шыққан соң облыстың бас дәрігері, әрі тәжірибелі хирург ретінде Ә.Қалиев уақыт создырмай донорлық трансплантация бағдарламасын бастап кетеді. Әдетте мұндай жағдайда донор табу оңай емес. Дегенмен қыздың 56 жастағы анасы донор болуға келісімін береді. Себебі оның әпкесі де осындай диагнозбен бағдарламалық гемодиализде.
6 сағатқа созылған ота ешқандай асқынусыз, сәтті өтті. Бүйректі алмастыру операциясынан кейінгі бірінші тәулікте ағзада жиналып қалған 4 литр зәр сыртқа шықты. Талдау сараптамалары да жақсы нәтиже көрсетті. Үшінші тәуліктен кейін пациенттің жағдайы тұрақталып, орнынан тұрып, палатаға ауыстырылды.
– Операциядан кейін есімді жиғанымда, алдымен маған екінші рет өмір сыйлап, бүйрегін берген анамды еске алдым. Жағдайы нашарлап қала ма деп уайымдадым. Телефонмен сөйлесіп, дауысын естіген соң, көңілім орнына түсті. 10 жылдан соң өздігімнен алғаш рет кіші дәретке бардым. Қуанғанымнан көңілім толқып, жылап жібердім. Ұзақ жылғы ауру, жан қиналысы мені әбден шаршатып, өмірден күдерімді үзіп те қойған едім. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің бастамасымен сырттан дәрігерлер келіп, тез арада донорлық іс-шара басталып кетті. Жұмыс істемейтін анамнан басқа ешкіміміз жоқ біздің барлық шығындарымызды өзі жеке қаражатынан төледі. Шетелде мұндай операциялар өте қымбат тұратынын білемін. Қазақстанда да оған оңайлықпен қол жеткізу мүмкін емес. Анам екеуміздің Әсет Әскерұлына ризашылығымызда шек жоқ. Арманым музыка пәнінен дәріс беретін мұғалім болу еді. Қазақтың асыл домбырасын көптеп дәріптегім келеді.
Қазір Тараз өңірлік университетінде білім алып жүрмін. Енді арманыма қол жеткізуге еш кедергі жоқ. Болашақта елімнің игілігіне еңбек етіп, маған көрсетілген көмекті еселеп қайтаруыма мүмкіндік ашылды деп қуанып отырмын, – дейді көптен жанына батқан дертінен айыққан бойжеткен.
Реципиенттің жағдайын бақылап отырған емдеуші дәрігер Азамат Чупеевтің айтуынша, алдағы уақытта олар тұрақты түрде тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасына қаралып тұруы тиіс. «Қыздың да, анасының да жағдайы жақсы, отадан кейінгі асқыну белгілері байқалған жоқ», – дейді дәрігерлер.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ