Еріктілер де ел үшін еңбек етеді
Еріктілер де ел үшін еңбек етеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау стандартын енгізу және волонтерлік қызметті дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы жобасындағы ұсыныстар мен ұсыныстарды жинақтау бойынша жұмыстары туралы баспасөз мәслихаты өтті. Аталған баспасөз жиынына облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар ресурстық орталығының директоры Теміржан Ізтілеуов пен «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ-ның өңірлермен өзара іс-қимыл жөніндегі бағытының басшысы Ақерке Нұрланқызы қатысты. Спикерлер өңірде еріктілердің саны күннен-күнге артып, оларды мемлекет тарапынан қолдау аясы да кеңейіп келе жатқанын тілге тиек етті. Мысалы, биыл облыс белсенділері 15 шағын грант жеңіп алған. – Өткен жылы облыстық жастар ресурстық орталығында жастардың әлеуметтік жобаларын, жастар бастамаларын қолдау және дамыту мақсатында бір бөлім ашылды. Бөлімнің қолдауымен 50-ге жуық жас түрлі бағытта жоба жазуға оқытылып, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» 300 және 500 мың теңгелік республикалық шағын гранттарына қатысты. Оның ішіндегі 28 грант иегері өзіміздің облыстың жастары. Ал биыл «Шағын гранттарға қатысу, жобалар жазу» және өңірдегі волонтерлікті дамыту бойынша 6 оқу орнында бастамашыл топ өкілдеріне 20 оқыту іс-шарасы өтті. Іс-шаралардың басты мақсаты – шағын гранттар жобасын іске асыру арқылы жастардың жан-жақты дамуы және жаһандық азаматтықты дамыту. Оқытуға облыс волонтерлері, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенттері, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері, Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының студенттері мен түрлі ұйымдардың белсенділері қатысты. Оқытуларға барлығы 350-ден аса жас қатысып, түрлі бағыттар аясында 15 грантты біздің жастар жеңіп алды, – деді Теміржан Серікұлы. Сондай-ақ Т.Ізтілеуов жақында ғана «Zhas project» жобасы іске қосылғанын атап өтті. Жобаның мақсаты – NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қазіргі таңда жұмыспен немесе оқумен қамтылмаған 35 жасқа дейінгі азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Биыл «Zhas project» жобасы еліміздің 20 өңірінде сомасы 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грантты ұсына отырып, гранттық қаржыландыру тетігі арқылы іске асырылады деп жоспарланған. Жоба аясында біздің облысқа 8 грант бөлінген. Ал шағын гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсқа құжаттарды қабылдау 22 қазанға дейін жалғасады. Айта кету керек, өңірде осы жылдың өзінде 13 мыңнан аса ерікті волонтерлікпен айналысуда. Қазіргі таңда облыс аумағында волонтерлік бағыттағы 13 қоғамдық ұйым бар. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық жастар ресурстық орталықтарының жанынан 11 волонтерлік топ құрылған. Сонымен қатар биыл волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында облыс бойынша 12 бағытты қамтыған 1 126 іс-шара өткізіліп, оған 16 593 жас тартылған. Шапағат ӘБДІР