Жаңалықтар

Тұмаудан сақтанУДЫҢ ТҮРЛІ ЖОЛЫ БАР

Тұмаудан сақтанУДЫҢ ТҮРЛІ ЖОЛЫ БАР

Күн салқындап, қыстың лебі сезілген кезде тұмаудың өршіп кететіні ежелден белгілі. Тұмау – бұл жіті респираторлық вирустық инфекциялар тобына кіретін вирус тудыратын ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын әлемде 3-5 миллионға жуық адам тұмаудың ауыр түріне шалдығып, 250-500 мың адам көз жұмады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мәліметінше, жыл сайын елімізде ЖРВИ-дің 3-4 миллион жағдайы, тұмаудың 2 мыңға дейін жағдайы тіркеледі екен. Осы тақырыпты облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликовамен талқылаған едік. ДЕРТ деНДЕмЕСін ДЕСЕҢІЗ... Жіті респираторлы вирусты инфекцияларды тудыратын респираторлық вирустардың 200-ден астам түрі бар. Олардың бірі – тұмау. Вирустың алғашқы белгілеріне тоқталсақ, дене температурасы көтеріліп, қалтырай бастайды. Әлсіздік пайда болады, сондай-ақ бұлшықеттер мен буындар ауырсынады. Бас ауырып, көзден жас ағады. Сондай-ақ тамақ ауырып, құрғақ жөтел пайда болуы мүмкін. Кейде іштің ауыруы және диарея байқалады. Тұмау кезінде дене температурасының жоғарылауы бірнеше күнге созылуы мүмкін, дененің қызуы температура түсіретін дәрілердің әсерінен төмендемейді. Егер ауру асқынусыз болса, тұмау 7-10 күнге созылады. Осы уақыт ішінде тұмаудың белгілері біртіндеп жойылады, ал жалпы әлсіздік екі аптаға дейін созылуы мүмкін. – Биыл облыстың медициналық ұйымдарында жіті респираторлық вирустық инфекциясы бар екі мыңнан астам науқас қаралды. Олардың 62 пайызы 14 жастағы балалар. Тұмау ауру адамнан түшкіру, жөтелу және тіпті сөйлесу кезінде бөлінетін сілекей немесе шырыштың көрінбейтін тамшыларымен сау адамға беріледі. Сонымен қатар бұл вирус лас қолдар арқылы да таралады. Вирустың асқынуы пневмония, энцефалит, менингит, жүкті әйелдегі тұмау жүктіліктің асқынуын, ұрықтың патологиясын, созылмалы аурулардың өршуін тудыруы мүмкін, – дейді Неили Орынбасарқызы. Кез келген ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған дұрыс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын жалғыз және тиімді іс-шара ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынды. Тұмауға қарсы вакцинациялау еңбекке жарамсыздық қағазы бойынша төленетін төлемдерді және өндірістік шығындарды, тұмауды және ЖРВИ-ді, сондай-ақ олардың асқынуларын емдеуге кететін шығындарды 2 есе қысқартатыны дәлелденген. Ал вакцинаның тиімділігі 97-98 пайызды құрайды, тіпті вакцина аурудан толық қорғамаса да ауру жеңіл өтеді. – 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы иммундау науқаны басталды. Халықтың ең осал топтары мемлекеттік бюджет есебінен вакцина алады. Олар – медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйлері тәрбиеленушілеріне арналған білім беру ұйымдарының балалары, эпидемиялық көрсеткіш бойынша нұсқау алған азаматтар. Сондай-ақ тәуекел тобындағы адамдар үшін тұмауға қарсы вакцинаның 122 мыңнан астам дозасы сатып алынды. Оның ішінде екі мыңнан астам адам тұмауға қарсы вакцинамен қамтылды, – дейді Н.Муликова. Ал ауруды өршітіп алмас үшін науқастың үйде қалып, дәрігердің нұсқауы бойынша ем алғаны жөн. Бұл аурудың таралу қаупін төмендетеді. Сондай-ақ қолды жиі сабынмен жуу немесе дезинфекциялау құралын қолдану керек. Үй және жұмыс беткейлерінің тазалығына мән беру керек. Қоғамдық орындардағы беткейлер мен бөгде заттарға қол тигізуді мүмкіндігінше шектеу қажет. Жөтеліп жүрген адамдармен байланысты шектеу керек. Жөтелу кезінде бірреттік қолданылатын майлықтарды немесе түшкіру кезінде шынтақ бүктемесін қолдану маңызды. Тұмаудың өршу кезінде вирустан қорғанудың маңызды компоненттеріне дәруменге бай азық-түлікті пайдалану, қажетті мөлшерде су ішу мен тынығу жатады. дәрісіз қалай емделуге болады? Тұмауды әдетте дәрігер тағайындайтын арнайы дәрі-дәрмекпен емдейді. Алайда күрделі емес тұмауды халықтық медицинамен де емдеуге болады. Себебі халықтық медицина арқылы ауруды кетіріп қана қоймай, иммунитетті көтеруге болады. Назарларыңызға тұмаудан үй жағдайында емделу тәсілдерін ұсынамыз. Бұл жөнінде облыстық көпбейінді аурухананың терапевт дәрігері Құралай Ақылбайқызына жолығып, кеңес алып қайтқан едік. – Бірінші кезекте ыстық шай ішіңіз. Ыстық сусын мен бу жұтқыншақтың қанайналымын арттырады. Нәтижесінде бітелген мұрын ашылып, демалу оңайырақ болады. Екіншіден, тұмаумен ауырғанда көп мөлшерде мейлінше сұйықтық ішу керек. Сұйықтықтың жылы болуын да ескерген жөн. Ағзада су жеткіліксіз болса, мұрын бітеліп, дұрыс жұмыс істемейді. Бұл танаудың ішіндегі шырыш құрғап, қалыңдап, мұрынның бітелуіне әкеледі. Сонымен қатар мұрында қалың маңқа қалыптасса, вирустар мен бактериялар өзін жеңіл сезінеді. Мұның соңы аурудың ұзақ созылуына немесе кеңсірік ауруына айналуы мүмкін. Үшіншіден, температураңыз болмаса, тыныс алу жолдарын емдеу үшін үйде ингаляция жасауға болады. Ингаляция 15 минуттан артық уақытқа созылмау керек. Егер үйде ингалятор болмаса, қайнаған суы бар шәйнекке 10 тамшы йод немесе 1 шай қасық пияз суын (немесе 5 тамшы самырсын майын) құйып, ингаляция жасауға болады. Сонымен қатар сарымсақ ингаляциясы жақсы көмектеседі. Бірнеше сарымсақты езіп, бинтке салыңыз. Сол бинтті қыздырылған бос шәйнекке салып, қақпағын жауып қойыңыз. Шәйнектің шүмегін аузыңызға салып, аузыңызбен баяу тыныс алып, мұрныңызбен дем шығарыңыз. Аузыңызбен тыныс алғанда мұрныңызды қолыңызбен қысып тұрыңыз. Бұл процедура шыдамдылықты қажет етеді, бірақ жақсы нәтиже береді. Оны күніне 6 рет жасасаңыз, тұмауды, жөтелді және ангинаны кетіреді. Төртіншіден, мұрынды тұз ерітіндісімен шайып шығыңыз. Тұз ерітіндісін дайындау әдісі де қарапайым. 240 миллилитр стаканға жылы су құйып, оған шай қасықтың екіден бір бөлігі мөлшерінде тұз бен бір шымшым ас содасын қосыңыз. Мұрныңызды осы ерітіндімен күніне 3-4 рет шаятын болсаңыз, жағымсыз симптомдардың ізі де қалмайды. Сонымен қатар кез келген аурудың алдын алып, иммунитетті көтеруге қазақтың ұлттық тағамдарының да орны ерекше. Айталық, шұбат ішкен адамның бойында жазылмайтын ауруы кемде-кем дейді. Бұл өкпе, асқазан, түрлі ішек ауруларына бірден-бір шипалы тағам. Қымыздың да пайдасы ұшан-теңіз. Ол зат алмасу процестерін жақсартып, қандағы қызыл қан түйіршіктері мен гемоглобин синтезіне әсер етіп, жалпы иммунитетті күшейтетіні дәлелденген, – дейді дәрігер Қ.Ақылбайқызы. Қорыта келе, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналықтың төркініне үңіліп, ағзаның қорғаныш қабілетін нығайтуға барынша көңіл бөлген жөн. P.S. Расында, тұмау – жасы мен жынысына қарамастан барлық адамды зақымдайтын қауіпті жұқпалы ауру. Тұмауға бейжай қарауға болмайды. Әсіресе жүкті әйелдер бұл вирустан барынша сақтанып жүргені өте абзал. Дәрігерлер тұмаудың вирусын тұрақсыз, өзгермелі дейді. Расында да өзгермелігінде тұмауға тең келетіні жоқ. Әрбір екі-үш жыл сайын ол өзінің қасиетін өзгертіп отырады. 10-12 жыл сайын вирустың жаңа түрлері пайда болып, олар алдыңғы түрлерінен өзгеше болып келеді. Сол себепті үйде де, жұмыс орнында да бөлмені желдетіп, таза ауа кіргізіңіз. Отырған орныңызды сулы шүберекпен сүртіп алып, тазалыққа мән беріңіз. Иммунитет үшін де дұрыс тамақтанудың маңыздылығы зор. Бір сәт өзіңізге көңіл бөліңіз. Лайым ауырмаңыздар!