ӨНЕР ҚОНҒАН ӨНЕГЕЛІ отбасы
ӨНЕР ҚОНҒАН ӨНЕГЕЛІ отбасы
Осыдан бір ғасыр бұрын Алаштың ардақты перзенті Ахмет Байтұрсыновтың «Әлхамдулиллә, 6 миллион қазақпыз!» деп дүйім елден сүйінші сұрайтыны бар еді ғой. Шүкір, бүгінде 20 миллионға жетіп қалдық. Құдай көп көрмесін дейміз, әлбетте. Халық санының өсуіне алтын бесік ауылдарда тұратын алтын құрсақты аналарымыздың да үлесі зор деуге болады. Бір шаңырақта 6-7 бала өсіріп, қатарға қосып, оқытып, тәрбие беріп, шып-шырғасын шығармай берекелі отбасы болып отырған көпбалалы ата-аналар қазіргі жастардың нағыз үлгісі болуға тиіс. Дәл осындай шаңырақтың бірі – Талас ауданының Ойық ауылында тұратын Шыңғысайтмат Шілдебаевтың отбасы. Шыңғысайтмат Әбілжанұлы өзінің берекесі шалқыған, мерекесі тасыған отбасы болуының сыры ата-анасының тәрбиесінде, қамқорлығында жатыр деп есептейді. – Әкеміз Әбілжан Ойық орта мектебінде ұзақ жыл ұстаз болып, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, тарих пәндерінен сабақ берді. Ол кісі жастайынан кітапқұмар, оқу-білімге әуес болыпты. Үйде тіпті өзінің шағын кітапханасы да болған. Ауыл тұрғындары кейде таппай жүрген кітаптарын біздің үйге іздеп келетін. Біз әкемізден алты ағайындымыз. Әкеміз бізге бір жағынан еркелетіп, бір жағынан ұлы жазушылардың жолын берсін деген ниетте Мұхтарәуез, Шыңғысайтмат, Назымхикмет деген сияқты аттар қойған. Бізге сол қатты әсер етсе керек, кейін өзіміз де ес біліп, етек жиғаннан кейін ауылға барып, әкеміздің жолымен мұғалім болдық. Өзім жас күнімнен музыкаға әуес болатынмын. Бала кезімнен домбыра, баян тартып, түрлі аспаптарда ойнадым. Музыка саласы бойынша жоғары білім алып, Ойық ауылдық округіндегі Бөлтірік Әлменұлы орта мектебінде біраз жыл музыка пәнінен сабақ бердім. Қазіргі таңда Әнуарбек Тәжімбетов атындағы Ойық ауылдық мәдениет үйінің музыка жетекшісімін. Өнерімнің арқасында балаларымның анасы Кенжегүл Бәкірқызымен кездесіп, отау құрып, басыма шаңырақ көтеріп, бауырыма қазан астым. Жарым да өнерлі отбасынан шыққан. Әнші-композитор, Мәдениет саласының үздігі Сәрсенбек Бәкірдің туған қарындасы. Құдайға шүкір, отбасы болғалы бір-бірімізді қолдап, балаларымыздың тәрбиесіне барынша назар аударып, қол ұстасып келе жатырмыз, – дейді Шыңғысайтмат. Отбасының ұйытқысы – береке. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі толықтырып отырғанда ғана бүтін отбасы шығады деген ұстанымды ұстанған Шыңғысайтмат шаңырағы бүгінде елге өнегесін таратып, үлгісін көрсетіп отыр десек, артық айтқанымыз емес. Шынымен де ерлі-зайыптылар домбыраның қос ішегі немесе құстың қос қанаты сияқты бір-бірінен айырыла алмайтындай болғанда ғана шаңырақ шайқалмай, шаттыққа толады. – Шыңғысайтмат өнер адамы болғандықтан да шығар, жаны жайдарлы адам. Жұбайыммен қол ұстасқалы бері ыстық-суығына көніп, қолдаудан бір сәтке де танған емеспін. Отағасының арқасында елге танылдық, бүгінде «Алтын алқа» алып отырған жайым бар. Балаларымыз да өзіміз сияқты ән мен жырға құмар. Барлығы шетінен өнерпаз. Жұбайым өзін өнерге арнаған адам. Өнерге соншалықты берілгені маған да күш-қуат береді. Осыдан 5-6 жыл бұрын Иманбаевтар отбасылық ансамблін құрып, әуелі ауылға концерт бердік. Одан кейін аудан орталығы Қаратау қаласына ән-күйден шашу шаштық. Содан кейін облыс орталығындағы «Баласағұн» орталық концерт залында отбасымызбен бірге өнер көрсеттік. Мұның бәрі де өнерге деген шынайы махаббаттың белгісі болса керек. Бір жағынан жанашырлық деп те түсінуге болады. Қаншама қиыншылықтарға қарамай, халық үшін, ел үшін өнерімізден тарту тартып жүрміз, – дейді К.Бәкірқызы. Ата-ана ретінде Шыңғысайтмат пен Кенжегүл ұл-қыздарына ән мен күйді ғана үйретіп қойған жоқ. Қазақы тербие беріп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға үйретті. Тұңғыш қызы Гауһар оқушы кезінде облыстық «Абай оқулары» байқауында топ жарып, мектебінің мақтанышына айналады. Барша ауыл Гауһарды «әнші қыз» деп атап, өнерін жоғары бағалады. Гауһар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «Режиссер-продюсер» мамандығы бойынша тәмамдап, Алматы қаласында мамандығы бойынша еңбек етуде. Ал өнерлі отбасының екінші перзенті Махамбет Ақтөбе қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында «Әуе ұшқышы» мамандығы бойынша 4-курста білім алады. Одан кейінгі ұлдары Тәттімбетке де ерекше өнер қонған. Мектепте оқып жүрген кезінде республикалық күй байқауының бас жүлдесін иеленеді. Ән байқауында да жеткен жетістіктері өте көп. Тәттімбет қазіргі таңда Алматы қаласындағы Чайковский атындағы өнер колледжінде 2-курста оқиды. Басқа ұл-қыздары да өнерден кенде емес. Ата-ана үмітінің ақталғаны, арманының орындалғаны осы емес пе?! Өнегесі мен өнері сәйкескен Шыңғысайтмат Шілдебаевтар әулеті биыл аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, облыстық кезеңге жолдама алды. Кейін «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде III орынды иеленіп, облыс әкімінің қолынан марапат алған болатын. Мұның бәрі отбасы іргетасының мықтылығынан болса керек. Берекесі мен мерекесі жарасқан отбасы ғана осындай жетістікке жететіні анық. Бетті дайындаған Шапағат Әбдір