ЕЛДІҢ АТЫН ШЫҒАРҒАН ЕРКЕБҰЛАН
ЕЛДІҢ АТЫН ШЫҒАРҒАН ЕРКЕБҰЛАН
Еркебұлан 2003 жылы Қарағанды облысының Приозерск қаласында дүниеге келген. Ең алғаш рет жаттығу залына 2012 жылы Тараз қаласында барады. Сол жылдан бастап алғашқы жаттықтырушысы Бақберген Молдақұловпен бірге таэквондоның қыр-сырын меңгеруді бастайды. Аз уақытта таэквондодан бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, облыстық, республикалық және де халықаралық бәсекелердің жеңімпазы, жүлдегері атанып, қара белбеу алған қазақтың қарадомалағы әлемге таныла бастайды. Жетістіктерін қысқаша тізіп өтетін болсақ, 2015 жылы Қарағандыда өткен халықаралық турнирден III орын алады. Арада бір жыл өткенде аталған турнирде жұлдыздай жарқырап, тұғырдың ең биік сатысына көтеріледі. 2017 жылы Қостанайда өткен Қазақстан чемпионатында II орын, 2018 жылы Шымкент қаласында ұйымдастырылған ел чемпионатында да күміс жүлдені қанағат тұтады. 2019 жылы «Kyrgyzstan Bishkek» халықаралық турнирінде I орын, 2019 жылы «Qyzylordа» халықаралық турнирінде II орын, 2020 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен «Fujairah Open» халықаралық рейтингтік жарыста II орын, 2023 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында өткен «Oceanside Taekwondo championships» бәсекесінде I орын алады. Осылайша өзі армандаған белестерді бірінен кейін бірін бағындырған Еркебұлан бүгінде Лос-Анджелес қаласындағы «Tae Ryong» спорт клубында жаттығуын жалғастыруда. Кейіпкеріміз жетістікке жетуінің құпиясы ата-анасының қолдауымен байланысты екенін айтады. – Спортқа қызығушылық қанымда бар қасиет болғандықтан ба, әйтеуір, қаршадай күнімнен спортқа жақын болдым. Еркін күреспен айналысып жүргенімде бір қолымды сындырып алдым. Сол кезде үйдегілер де уайымдап, «енді қоя сал, ары қарай спорттық жаттығуларыңды жалғастырма» деді. Бірақ алған бетімнен қайтқан емеспін. Ақырында құрлық асып, биік дәрежеге жетуіме бірбеткей мінезім себеп болды. Біз жастайымыздан әкеміздің бозкілемде небір мықтылармен күресіп, ел алдында абыройлы болып жүргенін көріп өстік. Сондықтан «спортқа жақын болсақ, ел алғысына бөленеді екенбіз» деген сияқты сенім мен қиял бізді алға жетелеген де шығар. Бірақ ержете келе, спортшының әрбір жетістігі елдің атақ-абыройымен тікелей байланысты екенін түсіндік. Әкеміз бізге намысты және арлы болуды үйретті. Жарысқа түскен сайын әкем қолдаушым болатын. Кішкентай кезімізде әкемізбен бірге түрлі спорттық жарыстарға баратынбыз. Әкем қатысқан жарысынан жүлде алмай қайтпайтын. Міне, сол бейнесі көз алдымда қалып кеткен, – дейді Еркебұлан Ғаниұлы. «Ұлы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақым қысады» дегендей, ұлының спортқа жақын болуын әкесі де өзінің ататегінен келе жатқан батырлықпен байланыстырады. Әрі өзінің отбасында берген тәрбиесінің нәтижесі ұлдарының жарқын жетістіктерге жетуіне жол ашқанын да жасырмайды. – Арғы тегімізге келсек, Ұлы жүздің туын ұстаған атақты Қойгелді батырдың інісі Қожық батырдан тарайтын ұрпақпыз. Аллаға шүкір, ұлдарым да аталарына тартып туды. Үлкен ұлым Ерсұлтан аға лейтенант, ҚР Президентінің Күзет қызметінде еңбек етеді. Екінші ұлым Еркебұлан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әскери қафедрасын бітірген. Бүгінгі таңда АҚШ-та тұрады. Үшінші ұлым Еркежан Алматы қаласындағы Казақстан-Британ техникалық университетінің 2-курс студенті. Төртінші ұлым Асылхан Тараз қаласындағы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы. Ұлдарымды әке ретінде «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсірдім. Енді берген тәрбиемнің жемісін жеп жатқан жайым бар, – дейді Ғани Садуұлы. Айта кету керек, Еркебұланның әкесі Ғани 1976 жылы Талас ауданының Тамды ауылында туған. Жас күнінде спортпен айналысып, той-томалақтарда, елдің абыройы сыналатын сәттерде суырылып шығып, талай рет күреске де түскен адам. Тіпті Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай өткен турнирде I орын алған. Қазақша күрестен спорт шебері. Сонымен қатар 1996 жылдан 2016 жылға дейін 20 жыл бойы ішкі істер органдарында жұмыс істеген. Подполковник шенімен зейнетке шыққан Ғ.Садуұлы спорттағы жеткен жетістіктерін айта келе: «Тоқсаныншы жылдары елдің жағдайы қиын болды. Сол жылдары жаңадан шаңырақ көтеріп қиналып жүрген кезімде аяқ астынан Қарағанды облысының Приозерск қаласында күрестен жарыс болып, күтпеген жерден достарымның қолқалауымен қатысып, бірінші орын алып, «түйе балуан» атандым. Сонда бір ағамыз қатты риза болса керек, үй алуыма көмектесіп, қаржылай қолдау көрсеткен болатын. Отбасымда балаларыма анасымен болған қарым-қатынасымның тек жақсы жағын көрсетуге тырысамын. Әрине, «отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген қазақтың сөзі бар ғой. Бірақ әйеліммен ұрысып, сөзге келіп қалып, дөрекі сөйлеген тұстарым болмапты. Ашуым келіп тұрған күннің өзінде де балаларымның алдында жаман қадамдарға бармадым. Өйткені балаларымның ой-санасы сапалы болып өсуін, болашақта отбасының күйбең істерінен ұлттың ісін артық қоюын, халықтың ұлы болып өмір сүргенін қаладым. Ірі істерге басы қатып, ірі ойлармен өмір сүруіне жағдай жасадым. Меніңше, кез келген әке «балаларым осындай болу керек» деген стандартты ой тұрғызып алмауы керек. Ондай мақсат отбасының шырқын бұзады. Сондықтан балалардың емін-еркін өсіп-жетілуіне барынша жағдай жасалуы тиіс. Сол себепті де біздің отбасындағы ұстанымымыз – балаларды еркін ойлап, еркін сөйлеп өсуіне жағдай жасау болды, – дейді Ғани Садуұлы. Әрине, адам отбасындағы тәрбиеге қарап отаншылдық рухын оятады. Ұлтын да сол тәрбиенің негізінде қастерлейді. Еркебұланмен әңгімелесе келе, отбасындағы тәрбиенің арқасында нағыз ұлтжанды, патриот азамат болып өскенін байқап, тәнті болдық. – Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Маған осы сөз қатты әсер береді. Бұйыртса, спортта 25 жасыма дейін өзімнің ойлаған мақсаттарымды жүзеге асырамын. Қазір жиырма жастамын. Бірақ болашақта елге барып, қызмет істеймін деген ойдамын. Себебі қанша жерден шетел асып кетсек те өз Отаныңның адамдары, тіпті жейтін азық-түлігіңе дейін басқаша. Оның үстіне Отаныңның ауасын жұтып жүргенге ештеңе де жетпейді. Мен арман арқалап АҚШ-та жүрмін, бірақ мойнымдағы жүк қазақстандыкі. Сондықтан ешқашан да «алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, Отанымнан алшақ кете алмаймын. Қазіргі таңда АҚШ-та жалғыз қазақ болып жүргеніммен артымда қалың қазақтың намысы мен жүгі тұрғанын білемін. Сондықтан да қанша шетелде жүрсем де басымнан қазақы тақиямды, үстімнен оюлы шапанымды тастаған емеспін, – дейді ол. Иә, оның бойындағы осы асқақ арман бүгінгі таңда әрбір қазақтың бойында болса, еш артықтық етпес еді. Ол өзін спортшы ғана сезінбейді. Қайта мәдениет тасымалдаушысы ретінде таниды. Өз бойындағы өнері арқылы елге қазақ ұлтының таным-түсінігін түсіндіріп жүрген азамат болса осындай-ақ болсын дерсің. – Мен мұнда тек қана қазақтың қара күшін көрсетіп жүргенім жоқ. Қайта қасымдағы жолдастарыма, көрермендерге қазақтың ұлттық киім үлгісін, мәдениетін де таныстырып жүрмін. Меніңше, әрбір шетел асқан қазақ өз бойындағы рухты көрсете білуі керек. Оны өнерімен немесе осындай киім үлгілері арқылы болса да таныта білуі тиіс. Сонда ғана біз ұлт ретінде өркендей аламыз. Одан кейін достарымның да түрлі әлеуметтік желілерге байланып қалғанын қаламаймын. Біздің жасымызда Әлихан, Міржақып сияқты бабаларымыз мемлекетіміздің іргетасын қалауға жұмыс істеген. Ал қазір біз де солардың жасына келдік. Тірлігіміз олардыкіндей ірі болмағанымен ұлт үшін, халық үшін бірдеңе жасауға құлшынуымыз керек. Өйткені басқа мемлекеттер мен ұлттар үздіксіз алға ілгерілеп, дамып барады. Ал біз әлеуметтік желіде бір-біріміздің мәселемізді талқылаудан аспай, қайдағы бір ұсақ істерді сөз етіп, «TikTok»-тағы елдің бос әңгімесіне уақытымызды босқа жіберіп жатырмыз. Сондықтан біз, яғни жастар өзгеруіміз керек деп ойлаймын. Мемлекет қазір бізге барлық жағдайды жасауда. Қайда барамын десең де жол ашық. Алайда біздің көзіміз ашылмай жатыр. Себебі өзіміз үшін бірдеңе жасаудан ерінеміз. Айтатынымыз бос әңгіме. Оны айтқаннан, сөз еткеннен не өзгереді? Біреудің өмірін талқылағаннан не пайда? Ойлану керекпіз. Қазақ үшін жұмыс істеу міндетті түрде құрлық асып басқа жаққа кету емес немесе міндетті түрде елге танымал болу емес. Ол бар болғаны қолыңнан келетін жақсы іспен айналысу. Қолыңнан ағаш ою келсе, онда қазақы дүниелерді шығар. Жарнамасын жаса, өзге ұлттарға қазақтың шеберлік өнерін көрсет. Тіл білсең, онда жақын туыс-туғандарыңның балаларына білгеніңді үйрет. Соның бәрі де ұлтың үшін жасалып жатқан жұмыс болып саналады, – дейді Еркебұлан. Еркебұланның ерлігі мен еңбегі елдегі барлық азаматтарға үлгі болуға лайықты. Шын мәнінде, біздің отбасылық тәрбиеміз бен ұлттық құндылықтарымыз ендігі біздің болашағымыздың нұрлы болуының кепілі болмақ. Отбасындағы жақсы әкенің өнегесі жақсы ұрпақ тәрбиелейді. Ал ол ұрпақ өскенде жақсы қоғам қалыптастырады. Бетті дайындаған Шапағат Әбдір