АРТИЛЛЕРИЯ – АЙБЫНЫМЫЗ
АРТИЛЛЕРИЯ – АЙБЫНЫМЫЗ
Тарих беттерінде жазылып кеткеніндей, кеңестік дәуірдегі Зымыран әскерлері және артиллерия күнінің аталып өтуі сонау 1942 жылдың 19 қарашасынан басталады. Дәл осы күні, Ұлы Отан соғысы белең алған кездегі Волга өзенінің бойындағы Сталинград шайқасында гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы Кеңес әскерінің зымырандық әскер мен артиллерия күшінің қуаттылығы маңызды рөл атқарады. Ұрыс қимылдарындағы фашистерге үрей туғызған, бейресми «Катюша» аталып кеткен ВМ-13 реактивті артиллериясының абыройы асқақтап, атақ-даңқы жер жарады. Әсіресе Курск доғасындағы жаумен бетпе-бет келген шайқаста «Артиллерия – соғыс тәңірі!» деген лайықты атқа ие болған Кеңес әскерінің артиллерист-жауынгерлері немістердің бетін қайтарады. Осылайша Кеңес әскерінің құрамындағы артиллерия әскерлері күшінің гитлерлік неміс басқыншыларының шабуылына қарағанда әлдеқайда басым болғандығына анық көз жеткізе аламыз. Елімізде 1998 жылы жалпы бағыттағы күштердің құрылуына орай Зымыран және артиллерия әскерлерінің басқармасы құрылған еді. Екі жыл өткен соң Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2000 жылғы 4 қазандағы Директивасына сәйкес Зымыран және артиллерия әскерлерінің басқармасы өз алдына дербес әскерлер тегінің түрі ретінде құрылды. Дәл осы күн – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Зымыран және артиллерия әскерлерінің құрылған күні болып саналады. Қазақстан Үкіметінің 2009 жылғы 20 сәуірдегі қаулысын жүзеге асыру мақсатында Зымыран және артиллерия әскерлері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің ұрыстық құрамына енді. Бұл күн мемлекеттік маңызы бар мейрам тізіміне енгеніне көп уақыт бола қоймағанымен әскери қызметкерлердің кәсіби мерекелерінің қатарына мықтап енді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының артиллеристері жақында өткен кәсіби мерекелерін оқу-жаттығу даласында қарсы алды. Бір айдан астам уақыттан бері өңірлік қолбасшылықтың барлық артиллериялық бөлімшелерінің әскери қызметшілері Гвардиялық гарнизонның «Мәтібұлақ» полигонында болып, олар өздерінің жауынгерлік даярлық тапсырмаларын мақсатты түрде іс жүзінде пысықтап қайтты. – Артиллериялық бөлімшелердің далалық сапары үнемі ұзаққа созылады. Сондықтан біз уақытты оңтайлы пайдаланамыз. Мұндай жаттығулардың әскерилер үшін пайдасы орасан. Оқу кезеңінде алған теориялық білімімізді оқу полигонында практикалық түсірілім кезінде толықтай іске асырамыз, – дейді лагерь жиынының бастығы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы артиллерия штабының бастығы, полковник Нұрлан Сәрсенбаев. Өткен қыркүйек айында міндеттерін тәжірибе жүзінде орындау үшін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты гарнизондардың барлық әскери бөлімінің артиллеристері «Мәтібұлақ» полигонына жиналды. Тараз және Шымкент гарнизондарының механикаландырылған бригадаларынан миномет бригадалары мен гаубицалық бөлімшелері де осында жаттықты. Полигонға практикалық жұмыс істеу үшін Сарыөзектен артиллериялық бригада толық жиналған. Арыс гарнизонынан жеке артиллериялық дивизия да келген. – Біздің артиллериялық бригадада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басқа артиллериялық бөлімшелерімен салыстырғанда полигонға ең қысқа жол бар, өйткені біздің бөлім Гвардейский гарнизонындағы «Мәтібұлақ» полигонынан бірнеше шақырымдай жерде орналасқан. Бірақ біздің артиллеристер үшін далалық жорық та маңызды. Өйткені оқу-жаттығу жарыс рухында өтіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша ең мықты артиллериялық бөлімшелер анықталады. Әскери сайыста біздің жігіттер жеңіске жетуге бар күш-жігерін салды, – дейді 82796 әскери бөлімінің командирі, подполковник Дәулет Жорғатаев. Бәсекеге қабілеттілік оқу-жаттығу жиындары кезінде бөлімшелер жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындауда өзара сайысқа түсті. Тапсырма нәтижелерін бақылап, нәтиже шығаруда командирлердің сауаттылығы және артиллериялық атыс сапасы, жауынгерлік экипаждардың үйлесімділігі басты назарға алынды. Бір ай бойы «Мәтібұлақ» полигонында зеңбіректердің, гаубицаның, минометтердің және бірнеше зымырандық кешеннің атылған дыбыстары тынымсыз естіліп жатты. Артиллерияшылар артиллериялық атыстарды бағыттау дәлдігінде ғана емес, қондырғылары мен жүйелерін орналастыру жылдамдығында, позицияларды тез өзгертіп, жаңасына қайтадан орналасуда өз шеберліктерін көрсетті. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы артиллериялық штабының бастығы, полковник Нұрлан Сәрсенбаевтың айтуынша, артиллерия жұмысы ғасырлардан бері өз маңыздылығын дәлелдеп келеді. – Бірі білсе, бірі білмес, Ұлы Отан соғысы жылдарында артиллерия «соғыс құдайы» деп аталды. Өйткені әскерлердің шабуылының басталуы да, ұрыстың нәтижесі де артиллериялық атыс шабуылдарына байланысты болды. Біздің заманымызда да артиллериялық құрам шайқастарда өз орнын жоғалтқан жоқ. Керісінше оның рөлі артып, мүмкіндіктері кеңейіп, нығая түсті. Және бұл көп жағдайда жаңа әдіс-тәсілдердің, басқарудың жаңа жүйелерінің пайда болуымен, барлау мен артиллериялық атыстарды реттеу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын енгізумен байланысты, – дейді Н.Сәрсенбаев. Айта кетерлігі, «Мәтібұлақ» оқу-жаттығу полигонында жаттығулармен қатар, тұрақты артиллериялық атысты бақылаушылар жиыны өтті. Жиынға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы зымыран әскерлері мен артиллериясының аға офицері, подполковник Федор Янин жетекшілік жасады. Қатысушылар мереке қарсаңында өткен жиыннан үлкен тәжірибе жинақтады. Бұл тәжірибе олардың бөлімшелерінің жұмысын жақсарта түсері анық. Өйткені сарбаздардың өзара тәжірибе алмасуы, сарбаздардың бір-біріне бағыт беруі – артиллерия жұмысындағы өте маңызды компонент. Артиллеристердің полигондағы лагерьдегі дайындығы мен практикалық жұмысы барлық санаттағы әскери қызметкерлерге кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Мұнда сарбаздар далалық дайындықтары мен шеберліктерін жақсарта түсті. Ал командирлер бөлімшелерді басқару сапасын арттырды. Жауынгерлік дайындықтың практикалық тапсырмаларын орындау, нормативтерді орындау және артиллериялық қарудың барлық түрінен ату бойынша бір айлық үздіксіз жұмыс артиллериялық бөлімшелердің әскери қызметшілері үшін өзіндік емтихан болды. Ал бұл емтихан артиллерияшылардың кәсіби мерекесі – Зымыран әскерлері мен артиллерия күнімен тұспа-тұс келді. Артиллеристер өздерінің мерекелері көбінесе әскердегі күнделікті өмірмен қабаттасатынына еттері үйренген. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының артиллериясында көпке үлгі етер сарбаздар жетерлік. Лут Алчекенов, Руслан Шпекбаев, Асқар Жоламанов, Тілек Серікпаев, Дәурен Есхожин, Виктор Кашоид сынды артиллерия офицерлері өз қызметтеріне жан-жақты берілген, Отанға аянбай қызмет ететін, әскери борышына адал жауынгерлердің үлгісі. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Мереке Күчекбаевтың айтуынша, Қазақстан Қарулы Күштерін, оның ішінде зымыран әскерлері мен артиллерияны құрудың бастауында тұрған офицерлер кәсібіне және әскери ісіне деген адалдығымен жас әскери қызметкерлерге нағыз артиллерист қандай болу керектігін көрсетті. Олар тек қажырлы еңбек арқылы ғана кәсіпте жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болатынын және артиллерист деген атқа ие болғанын мақтан тұтатынын іспен дәлелдеді. Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясының мәртебесін көтеру мен жауынгерлік даярлықтағы әзірліктерін жақсартуда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі отты күші болып саналатын – Зымыран және ариллерия әскерлері аянбай тер төгіп, алдыңғы қатардан ерекше көзге түсіп, толағай табыстарға жете беретіндіктеріне сеніміміз мол. Ақтоты Жаңабай