Ұйқы қысса, ұзақ жолға шықпаңыз!
Ұйқы қысса, ұзақ жолға шықпаңыз!
Жамбылдық полицейлер әрбір оныншы жол-көлік апаты көлік басқару кезінде ұйықтап кету салдарынан орын алатынын айтып, дабыл қағуда. Көлік жүргізу кезінде демалыс пен еңбек режимін сақтамайтын жүргізуші адам ықтималды кісі өлтірушіге айналады. Сонымен қатар ол өзіне және жақындарына ғана емес, айналасындағы автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге де қауіп төндіреді. Ұйқышылдық жағдайы сергектік пен еңбек өнімділігін төмендетеді, әсер ету үрдісі баяулайды және соның салдарынан шешім қабылдауда қиындықтар туындайды. Сондай-ақ зейін, есте сақтау қабілеті төмендейді, қозғалыстардың үйлесімділігі де баяулайды. Жүргізушілердің басым көпшілігі дұрыс демалмаудың салдары қауіпті болатынын жете түсінбейді. Әсіресе бұл жағдай ұзақ жолға және алыс сапарларға шығатын, ауыр жүк көліктерін жүргізетін немесе жолаушы тасымалдайтын көлік жүргізушілеріне қатысты. Мәселен, осы жылы 27 қыркүйекте сағат 16:00 шамасында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 402-шақырымында «Subaru Legacy» маркалы көліктің жүргізушісі рульде ұйықтап кетіп, жолда тоқтап тұрған екі жүк автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан «Subaru Legacy» жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Осы автокөліктің жүргізушісі және оның 3 жолаушысы, оның ішінде бір бала түрлі дене жарақаттарымен Т.Рысқұлов орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. – Жамбыл облысының барлық тұрғындары мен қонақтарына трассадағы көлік қозғалысы кезінде көлік жүргізушісін бақылап, қадағалап отыруларыңызды сұраймыз. Көбінесе жолаушылар жүргізушінің шаршағанын және ұйықтағысы келіп отырғанын біледі, көреді, алайда мұндай жағдайға немқұрайды қарайды. Ал немқұрайдылық көп жағдайда ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Адам өлімінің орын алуына себепкер болмаңыз және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыз, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ержан Мананбаев. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі