Жаңалықтар

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЙЫЛМАЙ, жағдай жақсармайды

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЙЫЛМАЙ, жағдай жақсармайды

Қазақстанда 1998 жылдың шілде айында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы Заң қабылданды. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі қағидалары айқындалып, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқықбұзушылықтың түрлері, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайлары белгіленді. Одан бөлек 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Аталған маңызды құжаттардың қай-қайсысы болмасын қоғамның жегіқұртына айналған сыбайлас жемқорлық әрекетінің жолын кесуге бағытталған. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығы қабылданды. 2015 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі күшіне енген болатын. Жаңа кодекс бойынша, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған лауазымды тұлғаның мемлекеттік қызметке орналасу құқығына өмір бойына тыйым салынады. Бүгінгі таңда ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Тараз қалалық аумақтық инспекциясында сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оның алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды білу деңгейін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің бұйрығы бойынша, сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған сәттен бастап 24 сағаттың ішінде қажетті материалдар мен құжаттарды қосып, дереу ол туралы министрліктің жауапты хатшысына хабарлап отыру тапсырылған. Сыбайлас жемқорлық фактілерінің есебін жүргізу үшін жауапты қызметкер бекітілген. Өткен жылы инспекцияда сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген жоқ. Инспекцияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өз өкілеттігіне сәйкес жұмыс атқарылуда. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу мақсатында «сенім телефоны» жұмыс істейді. Яғни жемқорлықтың алдын алу мәселесіне инспекция ұжымы тарапынан үлкен мән берілуде. Бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мақалалар жариялау, семинар, «дөңгелек үстел» өткізу, басқа да насихаттау-түсіндіру шаралары басты міндеттеріміздің біріне айналып отыр. Ерғазы БЕРДІБЕКОВ, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Тараз қалалық аумақтық инспекциясының мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы