Келер жылы кімдердің еңбекақысы өседі?
Келер жылы кімдердің еңбекақысы өседі?
Жақында Мәжіліс депутаттары 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылады. Құжатта Қазақстан азаматтарының жалақысын көтеруге қаражат бөлу қарастырылған. Келесі жылы үй шаруашылықтарының кірістерін арттыру бағдарламасын жүзеге асыруға 3,5 триллион теңге қарастырылыпты. Оның 2,5 триллионы 1,5 миллионнан астам бюджет қызметкерінің жалақысын көтеруге жұмсалмақ. Атап айтсақ, балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру үшін бюджетте 96 миллиард теңге қарастырылған. 242 миллиард теңге ғылымды қаржыландыруға бағытталмақ. Бұл осы арқылы отандық 616 жетекші ғалымның жалақысын арттырады деген сөз. Сонымен қатар мемлекеттік табиғи және орман қорғау қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 15 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ олар азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің жекелеген санаттары мен жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақысын көтеруді жоспарлап отыр. Жалпы энергоблокқа 2,6 триллион теңге көлеміндегі шығындар енгізілген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының айтуынша, барлық саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерінің ақшалай табысы көбейеді. Осы жайында Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев пікір білдірген еді. – Ең төменгі еңбекақы – қатардағы, біліктілігі жоқ жұмысшыға ақшалай төлемдерді анықтауға арналған ең төменгі еңбек стандарты. Бұл ретте жұмыскердің жалақысы оның біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, саны мен сапасына қарай қалыптастырылады. Айта кету керек, Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері өткен жылдан бастап жыл сайын артып келеді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 85 мың теңгеге дейінгі кезекті өсімді ескеретін болсақ, үш жыл ішінде ең төменгі еңбекақы мөлшері 2 есе артпақ. Ең бірінші кезекте ең төменгі еңбекақының өсуі айлықақысы төмен жұмыскерлерге әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЕ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, сондай-ақ разряд аралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады. Осының нәтижесінде барлық салада әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерінің ақшалай табысы артады. Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесе ең төменгі еңбекақы мөлшерін айқындау әдістемесін әзірледі. Оған сәйкес ЕТЕ мөлшері медианалық айлықақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады, – дейді депутат. Аяна ТОҒАНБЕК, журналист