Экология

ҒАЛАМДЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

ҒАЛАМДЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

Біздің планетамыздың температурасы жыл сайын өзгеріп, Жер шарындағы жылыну үрдісі жеделдеген. Егер экологиялық мәселелер шешімін таппаса, ландшафты орта өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін. Сол себепті назарымызды ахуалды реттеуге аудару қажет. Жаһандық жылынумен күрес Жаһандық жылыну – жер бетіндегі орташа температураның артуы. Жаһандық жылыну мұхиттардағы және құрлықтағы температуралардың жоғарылауына алып келеді. Бұл полярлық мұз қабаттарының еруіне, теңіз деңгейінің көтерілуіне себеп болуы мүмкін. NASA Ғарыш зерттеу институтында климат зерттеумен айналысатын Бенджамин Кук жаһандық жылыну себебін іздеу өткен ғасырда басталғанын айтады. «Ғылымда ғалымдардың көзқарастары келіспейтін мәселелер көп. Дегенмен жаһандық климат мәселесіне келгенде ғалымдардың ойы бір жерден шығады. Климаттың өзгеруіне тау жыныстарын жағу себеп болды», дейді ғалым. Климаттың өзгеруі мәселесі тақырыбындағы 2019 жылы жарияланған 11 602 ғылыми мақаланы зерттеу нәтижесінде авторлардың барлығы адами фактор туралы жазғанын оқуға болады. Тіпті Бенджамин Кук жаһандық жылынудың басқа себебін тауып, зерттеп, дәлелдеген адам ғылымға елеулі өзгеріс алып келерін, «Нобель» сыйлығын иемдену мүмкіндігі барын айтады. Әлбетте, бұл адами фактордан басқа себеп жоқ дегенге саяды. Толғандыратыны – бұл үрдісті тоқтатуға күш салмасақ, 2070 жылға қарай түгел планета аптап ыстыққа душар болмақ. Орманды отау оңай, оңалту қиын Ормандар мен джунгли жер бетінің 30 пайызын ғана қамтиды. Бірақ жыл сайын ормандардың 18 миллион гектарға жуығы тұрақты түрде жойылады. Егер қазіргі кездегідей ормандарды кесу қарқыны жалғасар болса, тропикалық ормандар мен жаңбырлы ормандар жүз жыл ішінде толығымен жойылып кетуі әбден мүмкін. Мұхиттың қышқылдануы Мұхиттың қышқылдығы соңғы 250 жылда өсті, бірақ 2100 жылға дейін бұл мөлшер 150 пайызға дейін өсуі мүмкін. Мұхиттың қышқылдануы теңіздегі тіршілік пен экожүйенің маңызды функцияларына әсер етеді. Ағымдағы зерттеулер мұхиттың қышқылдануы жағалауды қорғауға, балықшаруашылығына және аквакультураға тәуелді жағалаудағы қауымдастықтарға айтарлықтай әсер ететінін көрсетеді. Дүниежүзілік мұхиттың қышқылдануы артқан сайын макробалдырлардың үстемдігінің ауысуы, тіршілік ету ортасының деградациясы және биоәртүрліліктің жоғалуы пайда болады. Түрлердің жойылуы Әлемдегі көптеген ғалым жер бетіндегі тіршілік атаулының жойылып кетуінің жаңа фазасы басталғалы тұрғанын айтып, дабыл қағып жатыр. Мұндай тоқтамға АҚШ-тағы Стэнфорд, Принстон және Беркли университеттерінің ғалымдары келді. Оқымыстылар омыртқалылардың жойылып кетуінің жылдамдығы әдеттегіден 114-ке артық екенін есептеп шығарыпты. Осыған орай мамандардың тұжырымдары «біз үлкен жойылыстың алтыншы дәуірін бастан кешкелі тұрмыз» дегенге сайып отыр. Жер бетінде мұндай оқиға бұдан 65 миллион жыл бұрын болған екен. Ғалымдар сол жолы жермен ірі метеориттің соқтығысуы салдарынан мұндағы динозаврлардың бәрі қырылып қалған дегенді алға тартады. «Егер осы жойылудың алдын алып, тоқтатпаса, қайтадан тіршіліктің қалпына келуі үшін тағы миллиондаған жылдар керек болады. Ал алғашқылардың қатарында құрып кететіндер адамдар болады», деп атап өтеді аталмыш зерттеу авторларының бірі Джерардо Цебаллос. Қышқыл жаңбыр Қышқыл жаңбыр атмосферада белгілі бір ластаушы заттардың болуына байланысты пайда болады. Оған жанармай, жанартаудың жануы немесе өсімдіктердің шіруі себеп болуы мүмкін. Бұл адам денсаулығына, жабайы табиғатқа және су түрлеріне елеулі әсер етеді. Қышқыл жауын табиғатқа қатерлі. Өсімдік пен топырақты улайды, адам денсаулығына зиян келтіреді. Әсіресе топырақ қабатын қышқылдандырып, өсімдік, орман атаулыға қауіп төндіріп тұр. Мәселен, Германия мен АҚШ-тағы орман ағаштарының шіріп жатқанына осы қышқыл жауын себепші. Қышқыл жауын сәулет ескерткіштеріне де залал келтіретін көрінеді. Мәселен, Еуропадағы тарихи ғимараттардың көбі қышқылға төзімсіз. Уақыт өте келе ғимараттардың келбеті солып, тұрқы «желіне бастайды». Мұндай жауынды тоқтату үшін бірқатар шара қабылдануда. Өндірістік кәсіпорындар мен электр стансаларының мұржаларына күкірт пен азотты сүзіп қалатын қондырғылар орнатылуда. Кейбір мемлекеттер көліктен шығатын газдың мөлшерін азайтуды қолға алуда. Судың ластануы Дүниежүзілік су қорларының ластануы бүкіл адамзат қауымын алаңдатып отыр. Бұл мәселе Қазақстанға да тән. Судың лас­та­нуы­ның түрі көп әрі ең соңы су экожүйесін бүлдірумен аяқталады. Су айдындарының ластануын былайша топтайды: биологиялық, химиялық және физикалық ластану. Биологиялық ластануға тірі ағзалар, микроорганизмдер және аштыққа бейімделген заттар жатады. Химиялық ластануға зиянкестер және су ортасының табиғи құрамын бүлдіретін өкілдер кіреді. Физикалық ластануға жылу-қызу, электр-магнитті өріс, радиоактивті заттар жатады. Тіршілік сұйықтығының сапасы, ластану деңгейі үнемі бақылауға алынып отырады. Судың құрамындағы химиялық қоспалар, тұздық құрамы, еріген бөлшектер, температура әртүрлі болуы мүмкін. Топырақтың деградациясы Шамадан тыс жайылым, монокультура плантациялары, эрозия, топырақты тығыздау, ластаушы заттардың шамадан тыс әсері және жерді пайдалану конверсиясы – топырақтың бүлінуіне әсер ететін бірнеше себеп. Ресми есептеулер бойынша, жыл сайын 12 миллион гектарға жуық шаруа қожалықтары қатты деградацияға ұшырайды. Азық-түлік қауіпсіздігі топырақтың жағдайына тікелей әсер ететіндіктен бұл мәселе шешімін табуы тиіс. Мәселені шешу үшін әлемде топырақты сақтаудың бірнеше бағдарламасы ұсынылған, алайда бұл жеткіліксіз. Аяулым Жаманқара