Жаңалықтар

СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОНЫРАУ! ОБЛЫС ӘКІМІ АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕГІ САЛТАНАТТЫ ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОНЫРАУ! ОБЛЫС ӘКІМІ АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕГІ САЛТАНАТТЫ ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданындағы №6 орта мектебінің «Соңғы қоңырау» шарасына қатысты. «Түлек – 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» тақырыбында ұйымдастырылған салтанатты жиынында аймақ басшысы оқушылар мен түлектерді, ұстаздар мен ата-аналарды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

– Бүгін облыстағы 480 мектепте 244 мыңға жуық оқушы оқу жылын табысты аяқтап отыр. Биыл 11 мыңнан аса оқушы алтын ұя мектептерімен қоштасуда, оның 490-ы «Алтын белгіге» үміткер. Оқушыларымыз халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарысында жақсы нәтижелер көрсетуде. Жыл басынан бері халықаралық деңгейде 43, республикалық деңгейде 139 медаль иеленді. Ағымдағы жылдың ақпанында республикалық ғылыми жобалар байқауында облыс командасы «Ең үздік команда» атанып, 13-ші жыл қатарынан I орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, өңірдегі 32 мектеп түлегі Түркия, Қытай, АҚШ, Ресей және Оңтүстік Корея елдерінің жоғары оқу орындарына шақырту алды. Бұл Мемлекет Басшысының білім саласына деген зор қолдауының нәтижесі. Елімізде әлемдік деңгейде сапалы білім беру қызметін жақсарту үшін барлық мүмкіндіктер жасалған, – дей келе Нұржан Нұржігітов мектеп бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі. Сонымен қатар облыс әкімі өңірдегі білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да қысқаша тоқталып өтті. Биыл облыс бойынша 15 мектептің құрылысы жүргізіліп, тағы 15 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Жыл соңына дейін 10 мектеп тапсырылмақ. Жақында облыс орталығында «Оқушылар сарайының» жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. Онда оқушылардың сабақтан кейінгі уақыттарын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалады. Салтанатты шара барысында өнерлі түлектер мен оқушылар ән-биден шашу шашты. Аймақ басшысы аталған оқу ордасының жағдайымен және жұмысымен танысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі