Ескертулерді елеусіз қалдырмайық
Ескертулерді елеусіз қалдырмайық
Баяндаманы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Абыл Юсупов жасады. Баспасөз жиналысында сөз сөйлеген төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі М.Әкімбаевтың айтуынша өткен жылыту маусымында тұрғын үй секторында 233 өрт жағдайы тіркеліп, 6 адам қаза тапқан, сондай-ақ 5 адам жарақат алыпты. Ал улы газдан 4 адам қаза тауып, 23 адам зардап шеккен. Сонымен қатар ол биылғы 9 ай ішінде жалпы облыс аумағында 611 өрт тіркеліп, оның салдарынан 15 адам қаза тапқанын айтып, тұрғындарды жылыту маусымына орай өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырды. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы А.Юсупов облыста 2022-2023 жылғы жылыту кезеңінде келіп түскен жазатайым оқиғалардың саны – 69, зардап шеккен – 172 адам, оның ішінде өлім жағдайымен 9 адам тіркелгенін айтып, табиғи газды қолдануда тұрғындарды абай болуға шақырды. Шапағат ӘБДІР