Жаңалықтар

СУ ТАЗАРТАТЫН КЕШЕН ҚАШАН САЛЫНАДЫ?

СУ ТАЗАРТАТЫН КЕШЕН ҚАШАН САЛЫНАДЫ?

Облысымыздың орталығы Тараз қаласы еліміз бойынша кәріз суларын тазартатын кешені жоқ жалғыз қала. Шаһардан шыққан қалдық сулар Тараз қаласына іргелес жатқан Жамбыл ауданының аумағына жайылуда. Бұл иістен мезі болған тұрғындарды «кәріз суларын тазартатын құрылғы қашан орнатылады?» деген тек бір ғана сұрақ алаңдатады.

«Жамбыл-Су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің деректері бойынша, облыс орталығында алғаш рет кәріз жүйесі 1962 жылы, яғни қала халқының саны өскен және өңірде химия зауыттарының құрылысы басталған уақытта салынып, жұмыс істей бастаған. Қалалық сүзу алаңдарынан басқа, химиялық зауыттардың тұндырғыштары мен кәріз темірбетон коллекторлары да салынған. Осы уақыт аралығында сүзу өрістерінің аумағы кеңейіп, карталар саны мен тұндырғыштардың өткізу функциясы да артқан. Бүгінгі күні Тараз қаласынан шығатын кәріз сулары үшін тұндырғыштардың ауданы 14 гектар, ал сүзу алқабы 197 гектарды құрайды. Кәріз суын тазартатын қондырғылардың болмауына байланысты кәріз ағындары жобалық параметрлерден 1,5 есе асатын көлемде тікелей сүзу алаңдарына түседі. Ал сүзгі алаңдарының жобалық қуаты тәулігіне 43,1 мың текше метр сарқынды суды құрайды. Ал іс жүзінде 65 мың текше метрге жуық өткізіледі. Зертханалық талдаулардың нәтижесі бойынша, сарқынды сулардағы қатты заттардың рұқсат етілген нормативінен 69 есе жоғары, ал аммоний азотының 1,6 есе, нитраттардың 2,4 есе асып кеткендігі анықталды. Мамандардың пікірінше, құрылымдардың сүзу қасиеттері толығымен жоғалып, тұндырғыштардың түбі лайланғандықтан ылғалдың булануы ғана жүреді. Сол себепті де сүзгілеу өрістерінің карталары арасында бөгеттердің толып кету қаупі байқалады. Мәселенің мәнісіне үңілсек, Тараз қаласының қалдық сулары Жамбыл ауданының Қостөбе елді мекенінің маңында орналасқан алқапқа құйылады. Кәріз суы тек табиғи жолмен, яғни жерге сіңу және буға айналу процестері бойынша ғана азайып отыруға жобаланған. Сондықтан жаңа сүзу алаңдарын, яғни сарқынды суларды қабылдаудың қосалқы карталарын енгізу арқылы нысанның авариялық жай-күйін жою және іргелес аумақтарға сарқынды судың зиянды әсерін азайту жөнінде шаралар қабылдау қажеттілігі анықталған болатын. Өкінішке қарай, қаладағы кәріз жүйелерінің тозуынан бірқатар елді мекеннің тұрғындары зардап шегіп отыр. Жергілікті тұрғындар мәселені талай рет көтерген. Тіпті әкімдердің есеп беру жиындарында да кәріз суларын тазартатын кешеннің жоқтығы күрделі мәселелердің бірі ретінде жиі айтылатын. – Бүгінде елді мекендегі тұрғындардың пайдаланып отырған суының сапасы сын көтермейді. Әрине, сапасыз су тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Сонымен қатар кәріз суларын тазалау қондырғысының болмауының зардабын малшаруашылығымен айналысатындар да тартуда. Мәселен, кәріз суымен уланған жерде жайылған мал да жиі ауырады. Тіпті Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек, Қостөбе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе елді мекендерінде құдықтан алынған судың сапасы ешбір санитарлық талапқа сәйкес келмейді. Сондай-ақ соңғы жылдары сүзгі алқаптың маңындағы ауылшаруашылығына пайдаланып отырған жерлерде жерасты сулары­ның деңгейі көтеріліп, батпаққа айналуда, – дейді Жамбыл ауданының тұрғыны Нұрлыбек Оспанов. Дегенмен ұзақ уақыттан бері көтеріліп келе жатқан мәнді мәселе жуық жылдарда шешімін таппақ. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ақпаратына сенсек, облыс орталығында ағынды суларды тазарту құрылыстарын іске асырудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 53 жоба тізбеге енгізілген. Жалпы республика көлемінде кәріз тазарту имараттарын салу халықаралық қаржы ұйымдарының қаржысы есебінен іске асырылады. Қазіргі уақытта облыстық экология департаментімен Тараз қаласында қоршаған ортаны қорғау саласындағы экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес келетін кәріз тазарту құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге арналған техникалық тапсырма келісілген. Тараз қаласы әкімдігі ұйымдастырған байқауға қатысуға 52 компания шақырылып, 4 компания конкурстық өтінім берген. Байқау қорытындысы бойынша, 19 сәуірде Словенияның «CEST Consulting» компаниясы жеңімпаз атанды. Техникалық-экономикалық негіздемесінің аяқталу кезеңі биылғы жылдың қыркүйек-қараша айларына жоспарланған. Сонымен қатар өткен жылы департамент Тараз қаласы прокуратурасының «Жамбыл-Су» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қатысты ұсынысы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіпті. Ұсыныста «Жамбыл-Су» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тиесілі сүзу алаңының карталары қалалық ағындармен толып кеткені көрсетілген. Демек, бұл объектіні қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік бермейді. – Тексеру барысында дренаждық канал арқылы жобалық параметрлері 1,5 еседен асатын қалалық ағындардың Аса және Көктем өзендерінің су объектілеріне түсетіні анықталды. Департамент зертханасы мамандарымен аталған өзендерден сынама алды. Іріктеп алынған сынамалардың нәтижелері бойынша, сүзгілеу алаңдарында және ағынды және дренажды суларды жер арнасына ағызу кезінде, кейіннен Көктем-1, Көктем-2 су объектілеріне ағызу кезінде шекті жол берілетін төгінділердің асып кетуі анықталды. Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша 2 өрескел бұзушылық анықталып, екі нұсқама берілді. Анықталған бұзушылықтар үшін кәсіпорын ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 331-бабының 1-бөлігі және 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1 225 200 теңге сомасына салынған әкімшілік айыппұл ерікті тәртіппен төленді, – дейді департамент маманы. Үшсатылы тазалау кешенінің жобасын жүзеге асыру 2028 жылға жоспарланған. Жоба жүзеге асқан жағдайда тәулігіне 100 мың текше метр сарқынды су механикалық және биологиялық тазартудан өтеді. Қауіпті химиялық қалдықтары жойылады. Нәтижесінде шайынды сумен егіс алқаптарын суаруға да мүмкіндік туады. Аяулым Жаманқара