ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ 35,4 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕГЕН
ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ 35,4 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕГЕН
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Ең алдымен, қылмыстық құқықбұзушылық жасауға ықтималдығы бар және бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан азаматтарды оңалту және әлеуметтік қолдау тақырыбында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Жәнібек Қосжанов баяндама жасады. – Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №38 «Пробация туралы» Заңы сотталған адамның қоғамға зиян келтіріп, қылмыс жасауына жол бермеуін, алдын алу және болдырмауын, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеуді және сотталған адамды әлеуметке қосуды көздейді. 2021 жылдың 30 желтоқсанынан бастап қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілді. Яғни пробациялық бақылауды пробация қызметі жүзеге асырады, әлеуметтік-құқықтық көмекті жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Бүгінгі таңда облыста – 13, оның ішінде 3 қалалық және 10 аудандық пробация қызметі жұмыс істейді. Қызметкерлердің штаттық саны – 75 адам. Биыл 9 айда 2 939 сотталған азамат пробация қызметі есебінен өтсе, 48 қайта қылмыс жасау деректері орын алды. Жалпы республика бойынша биыл сотталғандар арасындағы жаңа қылмыс жасау деңгейінің нысаналы индикаторы 12,8 пайыздан аспауы тиіс. Алайда облыстың нәтижесі көңіл қуантпайды, пробация қызметі есебіндегі сотталғандардың қайта қылмыс жасау деректері 14,9 пайыз нысаналы индикаторды құрап отыр, – деген департамент бастығы 1 561 сотталғанның ішіндегі 120-сы жазасының өзгертілуіне байланысты түзеу мекемесінен босатылып, пробация есебіне қойылғанын жеткізді. Келесі кезекте күн тәртібіндегі екінші мәселе, яғни жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстары туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Үдергенов баяндама жасады. – Облыс аумағында биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 695 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының саны 35,4 пайызға, қаза тапқандар саны 18,5 пайызға және дене жарақатын алғандар саны 40,2 пайызға төмендеген. Жол-көлік оқиғаларының өсуіне автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігі, жол инфрақұрылымы мен автокөліктердің ескіруі, еңбек және демалыс режимін сақтамау сеп болып отыр. Сондай-ақ ол жол апатының алдын алу үшін полиция департаменті бастығының бастамасымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолымен жүретін көліктердің алдына түсіп, жылдамдық режимін сақтап, ілесіп жүру жұмысы күнделікті қолға алынғанын жеткізді. Аталған іс-шараға арнайы 4 автопатруль экипажы бөлінген. Ал үшінші тақырып бойынша нашақорлық және есірткі қылмысына қарсы бағытта атқарылған жұмыстар туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Саламатов баяндама жасады. – Халық денсаулығын сақтау және нашақорлықтың алдын алу – мемлекеттің басты міндеті. Президент Жолдауында есірткіге қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс екендігі айтылды. Сол себепті биыл 9 айда облыс аумағында 454 есірткі құқықбұзушылығы анықталды, оның ішінде 174-і қылмыс бойынша және 281-і теріс қылық көрсеткен азаматтар. Қабылданған шаралар нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда есірткі заттарын тәркілеу көрсеткіші 2 тонна 900 килограмнан артты. Яғни заңсыз айналымнан 5 тонна 198 килограмнан астам әртүрлі есірткі заттары алынды, – деді А.Саламатов. Жиын соңында облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы көтерілген тақырыптардың маңызды екенін айтып, аудан әкімдеріне мәселеге жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Аяулым ЖАМАНҚАРА