Газет-журналға жазылу жадыңызда болсын!
Газет-журналға жазылу жадыңызда болсын!
Басқосуға облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, «Салық тәртібі» газетінің директоры Ғалым Қасабай, сонымен қатар облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, «AR-AI»жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков және «Знамя труда» газетінің бас редакторы Татьяна Борисенко, Қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов сияқты баспасөз тізгінін ұстаған азаматтар қатысты. Олар өздерінің жазылым мәселесі туралы ойларын ортаға салды. Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Ж.Миллионов облыстағы газеттердің бүгінгі хал-жағдайының аса мәз емес екенін жеткізіп, оқырмандардың азайып бара жатқаны қынжылтатынын айтты. – Газет халқымыздың рухани, мәдени құндылықтарын көтеруге еңбек етіп келе жатқан үлкен сала. Бүгінгі күнде осы саланың жағдайы көңіл қуантарлық емес. Әрине оған қазіргі замандағы жаңа технологиялардың шығуының да өз әсері болып жатқан шығар. Алайда естіген жаңалығымыздың ақ-қарасын, көрген дүниеміздің шын-өтірігін айыра алмайтындай ақпараттық тұманға кіріп бара жатқан жастардың рухани кемістігін газет-журналдармен толтырмасақ, бұл ертең үлкен трегедияға айналуы мүмкін, – деді Ж. Миллионов. Шынымен де бүгінгі баспасөз саласының жағдайы алаңдарлық дәрежеде екенін бәріміз де естіп-біліп жүрміз. Алайда соған билік өкілдерінің арасынан алаңдаушылық танытып, жанашырлықпен бұл түйткілдің тетігін табуға кірісіп жатқан жан болмай тұр. Бұл бас редакторлардан басқа да баспасөз қызметкерлерінің арқасына аяздай бататыны шындық. Бұл қиыншылықтан шығудың бірден-бір жолы – оқырман тарту, жазылым санын көбейту екенін айтқан «Салық тәртібі» газетінің директоры Ғалым Қасабай «Құры айтып қоя салғаннан ештеңе өзгермейді. Сондықтан қолында билігі бар адамдардың осы іске жанашырлықпен қарап, бір кісідей атсалысып, түрлі мекеме, мектеп қызметкерлерін осы жазылым мәселесіне көмектесуіне ықпал етуін сұранамыз» деді. Әрине газет-журналдарға жазылым мәселсі бүгін ғана сөз болып отырған жоқ. Бұған дейін де бұл туралы жиі айтылып келе жатыр. Кеше Міржақыптар баспасөз арқылы «Оян, қазақ» деп айғай салып, елдің рухын көтерген. Бүгінде бұл салада қызмет атқарып келе жатқан, сол Міржақыптардың жанкешті жолын жалғастарушылар аз емес. Газет оқырманға «Қазпошта» қызметкерлерінің қолдауымен жетеді. Бұл бағытта пошташылардың істеп жатқан жұмыстары да орасан зор екенін айтқан «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Бекжігіт Бекбердиев алда тағы да өз жұмыс сапаларын жақсартуды көздеп отырғанын жеткізді. – Пошта қызметі затты жеткізіп салудың әлемдегі ең ұзын желісі. Ол тауарларды сенімді, тиімді, әрі артық шығынсыз жеткізіп беруді көздейді. Тұрақты түрде адамдардың сұранысын қамтамасыз етеді. Бір жарым ғасыр дала мен қаланы, алыс пен жақынды, бір-бірімен байланыстырып, жағымды жаңалықтарымен қуантқан газет-журналдар адамзат баласының ой-өрісі мен парасат пайымының тереңдеуіне әсер етіп, әлемдегі болып жатқан түрлі іс-шаралар мен оқиғалардан хабардар етіп отыр. Ал осындай басылымдарды дер кезінде тарату үшін пошта қызметі, кез келген мемлекетттің жүргізіп отырған саясатынан тыс қалмай, барлық салада халыққа қалтықсыз қызмет көрсетіп келеді. Болашақта да бұл үрдісті жалғасытырып, атқара бермек, –деді ол. Газет-журналдар халықтың санасын көтеруге, мәдени деңгейін арттыруға көмектесетін бірден-бір идеологиялық құрал. Ал оған жазылған оқырмандарды сол газеттермен қамтамасыз ету «Қазпошта» қызметінің басты міндеттерінің бірі екені айқын. Шапағат ӘБДІР