Құлбек ағай
Құлбек ағай
Xалықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Пернебай Дүйсенбин 13 қазанда 80 жасқа толады. Жуырда ол алты бөлімнен тұратын «Өмір-иірім» атты жаңаша сипатты роман-мозайкасын аяқтап, баспаға тапсырды. Жазушының мерейтойы қарсаңында біз сол романның «Беймаза иірім» атты бөліміне енген «Құлбек ағай» әңгімесін оқырмандарымызға ұсынып отырмыз. Редакциядан Қаладағы орталық саябақта (паркте) демалып отырғанмын. Ағаш жапырақтарының барлығы дерлік сарғыш тартқан шақ. Тамылжып тұрған қазан айының жанға жайлы жұмсақ шуағы өн бойымды еріксіз маужыратып отыр. Көзімді жартылай жұмып алып, көгілдір көкке елжірей қараймын. Аппақ мақтадай болып шұбатылып, қалқи ұшқан ұлпа мизам сидалана бастаған қара ағаштың бұтағына барып оралды. Құлағыма тық-тық еткен дыбыс естілді. Бірақ назар аударып, бет бұрғам жоқ. Жаныма жайлы осы қалпымды бұзғым келмеді. – Ассалаумағалейкум, аға! Ашық-жарқын үнмен дауыстады. Көзімді ашып алдым. Бейтаныс жан. Қол алысып амандастық. – Танымадыңыз-ау деймін?! Мақұлдап, бас изедім. – Оқушыңызбын ғой! Таңданысым одан күшейе түсті. – Танымауыңыз да мүмкін. Сіз бен біз көріспегелі де талай жыл болыпты ғой. Бойымды тіктеп, оған еңсеріле бұрылып қарадым. Аты-жөнін айтпай тұрғанда өзім танып-білуге талпындым. Бет пернесін зерделедім. Есіме түсе қоймады. Ол менің жүзіме күлімсірей қарап, аз-кем отырды да: – Ауылыңыздағы Ескермес ағаны білетін боларсыз? – деді. – Иә. – Мен сол кісінің туған балдызымын. Тоғызыншы, оныншы класты сол үйде бітіргем. – Ә, енді есіме түсті. Сенің фамилияң Нұрманов па еді? – Дәл таптыңыз! – Атыңды ұмыттым. – Дарқан. – Ал қолдағы таяғың не? – Ауған соғысының ізі ғой, ағай. – Ә, сен соған қатысқан болдың ғой. – Сол сексен екінші жылы шақырылғам. Бір жарым жыл болдым. – Жарақатты қайдан алдың? – Атақты Қандыағардағы (Кандагардағы) ұрыста. – Иә, Дарқан, оған да шүкір. Мына біздің ауылдағы Сармантайдың Серікбегін цинк табытпен әкелді ғой. – Білем, ағай. – Білсең, «Аман ердің аты жақсы» деген. Сендердің жетекшілерің Құлбек ағай болып па еді? – Рас, рас. Сол Құлбек ағайдың әйелі Ақжарқын да бізге қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген. – Құлбек ағай тариx пәнінен сабақ берді емес пе сендерге? – Дәл айттыңыз. Кереметтей жақсы кісі еді марқұм. Көз алдыма ақсары реңді, жүзі жылы, көзі үнемі күлімсіреп тұратын, бойы ортадан сәл аласалау Құлбек ағай бар болмысымен келіп тұра қалды. – Қазір ондай ағайлар жоқ қой. – Иә, Дарқан, ғажап кісі еді Құлекең, – дедім. – Өмірімде үш мектептің есігін көрдім. Бірақ Құлбек ағайдай мұғалімді, әй, кездестірмедім-ау! Ойымыз үйлесе кеткен соң әңгімеміз жарасатынын ұғындым. Дарқанға бетімді бұрып, ыңғайлана отырдым. – Білесіз бе, ағай, Құлбек ағайдың бір өткен сабағы менің есімде мәңгі қалып қойды. Мен елең ете қалдым. – Ол қандай сабақ? – КСРО тариxы бар емес пе? – Иә, иә. Ол тариx бергі тоқсаныншы жылдарға дейін оқытылды. 1924 жылы ұлы Ленин қайтыс болғанын білесіз? – Білемін, 21 қаңтарда. – Сол қаралы күндері қаңтар айында Мәскеуде адам айтқысыз суық болған көрінеді. Сонда былайғы xалықтан тыс Кеңес одағының түкпір-түкпірінен делегаттар келген ғой. – Есімде. – Сол туралы, қаралы xалықтың көңіл күйі туралы егіліп тұрып айтқанда көзі мөлт-мөлт етіп тұрды. Соны айтып бола бере Жамбылдың Ленин туралы өлеңінің бірер шумағын жатқа айтты. Айтып-айтып келіп: Езілгенге қол берген, Кемтарларға жол берген. Ақылдың кені данышпан, – деп толғана айтқанда жас бетін жуып кетті. Осылай айтқанда, жасыратын не бар, барлығымыздың көзімізге жас үйірілді. Тіпті тентектеу деп жүретін Тілемістің өзі, бір қарасам, көз жасын алақан сыртымен сүртіп отыр екен. Білесіз бе, ағай? Алпыс сегіз-алпыс тоғыздың қысы сұрапыл болды ғой. – Е, неге білмеймін. Біздің совxоздың талай шопаны қос саусақты мұрынға тығып, ақ таяғын ұстап шыққаны көз алдында. Адам шығыны да болды. Бәрі есімде. – Иә, сол сұрапылда ауданға Мәскеуден, Алматыдан өкілдер келген. – Естуім бар. – Естісеңіз, сол Мәскеуден келген біреуін басшылар Көкдаладағы тәуір үйлердің бірі ғой деп Құлбек ағайдыкіне орналастырған. Жолдың бәрі жабық. Метр жарым қасат қар. Тракторлардың соляркалары қатып қалған. Машиналардың кардандары қатты аязда опырылып сынып түскен. Мектептердегі сабақ уақытша тоқтаған. «Туһ!» деген түкірік жерге түспейді. Ауыл әйелінің жағдайы белгілі, тыным жоқ. От жағады, күл шығарады, тамақ істейді, баласына қарайды. Анда-санда сыртқа шығып, үйге суықтан қашып кіріп жүрген мәскеулік қонақ басын шайқап: «Мен екі нәрсеге жаным ауырып отыр. Бірі әйелдерге, бірі сыртта бүрсең қаққан қорғансыз есектерге. Бейшаралардың алдына жаман, боқ араласқан шөп салады екен», – дейді үйге кірген соң. Содан не болды дейсіз ғой?! – Иә. Мен елең ете қалдым. Бір кезде Құлбек ағай қалың киініп сыртқа шықпақшы болады. Ақжарқын апай алаңдап: «Мына аязда қайда барасың? – дейді ғой абыржып. Ағай: «Алаңдама, тамағыңды дұрыстай бер. Қазір келемін» – деп сыртқа шығып кетеді. Біраз уақыт өтеді. Ағай кешіккенге үй іші алаңдай береді. Ақжарқын апай абыржып: «Жаңағы беймезгіл шақта қайда кетті?» – дейді. Бір кезде қасы, кірпігі, үстіне киген сеңсең тон, түлкі тымағы қырау-қырау Құлбек ағай үйге кіреді. Ақжарқын абыржып: «Неғып сонша кешіктің?» – дейді. Сөйтсе Құлбек ағай: «Осы ауылдағы сыртта көзіме іліккен есектердің барлығын біздің сиыр қораға айдап кіргізіп, алдарына шөп салып келдім», – дейді. Шешесі: «Ойбай, көтек, не дейді?» – дейді үрке дауыстап. «Есектерді қамадым», – дейді. Ақжарқын апай аузы аңқиып тұрып қалады. Құлбек ағай дөңгелек үстелде, ондық керосин шам түбінде отырған орысқа күлімсіреп қарай беріпті. Мен ішімнен Құлбек ағай туралы ойға беріліп кеттім. Арагідік мұғалімдер бас қосатын көңілді отырыстарда кеу-кеулеп: – Ағай, «Қорланды» айтыңызшы, – дейміз. Лекіте, жұмсақ күліп алып, орнынан тұратын да қолын әулете, қалқыта сермеп: «Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын, Табиғат берген екен күн мен айын. Мұратқа іздеген жан бәрі-ау жетпес, Дариға-ай, арманым көп не қылайын?! Аxау, арман, Құсни, Қорлан! Екі-ай бағлан, Екеуі туған екен бір анадан. Бозбала, қапы қалма бұл жалғаннан, Жігіттің арманы жоқ Қорланды алған», – деп ер адамға тән емес мөлдір, тұнық дауыспен шырқатқанда іштен тынып тыңдайтын едік. Қырық жылдан кейін жолыққан Дарқан оқушым самарқау тарта бастаған сезімімді сәуірдің жылы, жұмсақ жауынындай әдемі естелігімен жуындырып өткендей болды. Сезіміне селкеу түсірмей өткен Құлекеңдей ағайлар сиреп бара жатқан жоқ па деген күдікті ой көңіл түкпірінде қылаңытқандай болады.